Қамшының сабындай қысқа ғұмырын құлшылықпен өткізіп, Алла тағаланың разылығын табуды қалаған құлдар үшін ең қасиетті түн – Қадір түні. Оның қасиеттілігі сол бұл түнде жасалған құлшылықты Жаратушы Иеміз мың айда жасалған ғибадаттан артық деп қабылдайды. Мың ай қарапайым арифметикалық жолмен есептегеннің өзінде сексен үш жылдық мерзімді қамтиды. Ал кейбір ғалымдар мың деген санды араб халқы негізінен «өте көп» деген мағынада қолданады. Сондықтан Құранның: «Қадір түні мың айдан қайырлы» деген аятындағы «мың» сөзі де «өте көп» деген мағынаны береді деп есептейді. Бұл жағдайда ол сан одан да өсуі мүмкін. |