|
Сұрақ: Бір хадис шәрифте «Дүниеде осы жақта қалатындай шамада, ахиретке сол жақта қалатындай шамада амал етіңдер!» делінген. Қаншалықты үлкен болса да, бір санның шексіздіктің жанындағы құны нөл деп қабылданғанына қарағанда, дүние үшін мүлдем әрекет етпеу қажет емес пе? Жауап: Дініміз дүние үшін де, ахирет үшін де жұмыс істеуді әмір етуде. Құран кәрімде «Дүниеден де нәсібіңді ұмытпа!» делінген. (Қасас 77). Хадис шәрифтерде де былай делінген: «Дүниелеріңді жақсартуға, түзетуге тырысыңдар! Ертең өлетіндей ахирет үшін амал етіңер!». (Дәйләми). «Мүлдем өлмейтіндей дүние үшін, ертең өлетіндей ахирет үшін жұмыс істеңдер!». (Ибн Асакир). «Сендерден қайырлыларың – ахирет үшін дүниесін, дүниесі үшін ахиретін тәрк етпеген және адамдарға жүк болмаған адам». (Дәйләми). «Дүниелік заттан айрылғанда қайғыру, оған қол жеткізгенде қуану және ашулану адамды тозаққа апарады». (Тирмизи). «Дүниені жақсы көрген адам ахиретіне зиян тигізеді. Ахиретті жақсы көрген адам дүниесіне зиян тигізеді. Олай болса, өткінші болғанды емес, үздіксіз, мәңгі болғанды таңдау керек». (Бәйһақи). «Ілім Аллаһ разылығы үшін емес, дүниелік пайда үшін үйренілгенде және ғибадаттар, дүние пайдалары үшін құрал етілген кезде фитналар пайда бола бастайды». (А.Рәззақ). Құран кәрімде де былай делінген: «Мал-мүлік пен бала-шаға – дүние өмірінің әшекейі. Бақи (мәңгі) болғаны – салих амалдар, Раббының алдында мал-мүлік пен бала-шағадан және дүниеліктерден жақсы». (Кәһф 46).
Дүние – көлік Имам Мауәрди хазрет былай деген: Дүние – жұмыс істеу орны. Хадис шәрифте «Дүние – қандай жақсы көлік. Оған мініңдер, сендерді ахиретке жеткізсін!» делінген. Дүние толық мағынада жаман емес. Ахирет азығын дайындайтындар үшін молшылық мекені. Ибрахим алейһиссалам «Йа Раббым, қашанға дейін дүниенің соңынан жүремін» деген кезінде, Аллаһу та’ала былай дейді: «Йа Ибрахим, олай сөйлеме! Бала-шағаның напақасы үшін жұмыс істеу, дүниеге шағымданатындай, дүниенің талабы емес қой!». (Әдеб-уд-дүния). Дүние – құрал, себепші. Бұл құралды жақсы жолда қолданған адам табысқа жетеді, жаман жолда қолданған адам табыссыз қалады. Мысалы, сізге жаңа, жақсы автокөлік беріледі. «Бұл көлікпен пәлен уақытта мына көпірді өтуіңіз керек, өтсеңіз құтыласыз» дейді. Ал сіз көлікке қарап «Қандай әдемі көлік» деп, оған сүйсінумен әуре болып, берілген уақыт ішінде арғы бетке өтпесеңіз, дұшпан келіп, сізді қаша алмайтындай етіп ұстап алады, көпірден өте алмай қаласыз. Бұл көлік жолаушыларды құрлыққа шығаратын кеме де болуы мүмкін. Бұл көлікке уақытылы мініп кетпеген адам құтыла алмайды. Дініміз бұл көлікті жамандамаған. Хадис шәрифтерде былай делінеді: «Дүние – ахиреттің егістігі». (Дәйләми). «Дүние – ахиреттің көпірі». (Дәйләми). «Аллаһ разылығын алу, ахирет қамын жасау үшін дүние қандай жақсы жер. Аллаһ разылығын ала алмаған, ахирет қамын жасай алмаған адам үшін дүние қандай жаман жер. Бір адам "Аллаһ дүниені төмен қылсын!" десе, дүние де оған "Қайбіріміз Раббымызға қарсы болсақ, Аллаһ соны төмен қылсын!" дейді». (Хаким, Ибн Лал). «Дүниені жамандамаңдар, өйткені ол мүмин үшін қандай жақсы көлік. Қайырымдылыққа ол арқылы жетеді, жамандықтан ол арқылы құтылады». (Дәйләми, Ибн Нәжжар).
Дүниені жақсы көру Дініміз бұл көлікті (дүниені) жақсы көруді жамандаған. Яғни «Көлік қандай тамаша екен» деп, онымен әуре болып, мақсатқа жете алмау жамандалған. Хадис шәрифтерде былай делінген: «Дүниені жақсы көру – бүкіл күнәлардың басы». (Бәйһақи, Ибн Әбиддүния). Демек, көлікті (дүниені) жақсы көрумен әуре болмай, оған мініп, бір сәтке болса да ертерек бақыт тарапына жетуге тырысу керек! Бізді мақсатымызға жеткізетін көліктің жақсы, сау болуы талап етіледі. Ол үшін Аллаһу та’аланың бізге берген ақыл, денсаулық, мал-мүлік сияқты ниғметтерін орнымен қолдану керек! Хақ та’ала дүние бақытын да сұрауымызды әмір етуде. «Ей Раббымыз, бізге дүниеде де, ахиретте де жақсылық, әсемдік берегөр!» деп дұға етуімізді қалаған. (Бақара 201). Хадис құдсиде де былай делінген: «Хақ та’ала: «Ей дүние, маған қызмет еткен адамға қызметші бол! Саған қызмет еткен адам да сенің қызметшің болсын» деді». (Әбу Нуайм). Дүниенің пайдасыз істерінен ұзақ тұрып, ахиретке жарайтын істерді орындауымыз керек. Хадис шәрифтерде былай делінген: «Дүниеге берілген адамның талпынысы ұзақ болады, соңын таба алмайды, бітпейтін, аяқталмайтын қажеттілікке түседі, сондай әурешілік қаптайды, оның қиыншылығынан өзін құтқара алмай қалады». (Дәйләми). «Ахиретті таңдап, ол үшін жұмыс істеген адам күнкөріс қиыншылығын тартпайды, таңды бай болып қарсы алады, кешті бай болып шығарып салады. Ал дүниені таңдап, оның соңынан жүгірген адам күнкөрісте қиналады, таңды кедей болып қарсы алады, кешті кедей болып шығарып салады». (Ибн Нәжжар). «Ахирет ісі сен үшін оңай болып, дүние ісі қиын болса, онда біліп ал, сен жақсы жағдайдасың. Ахирет ісі қиын, дүние ісі оңай болса, онда біліп ал, сенің жағдайың жаман». (Бәйһақи).
Жаман жолмен келген табыс Мұхаммед алейһиссалам пайғамбар болып жіберілгенде, шайтандар Ібілістің жанына жиналып, қайғыларын білдірді. Бұған орай Ібіліс оларға «Олар дүниені жақсы көреді ме?» деп сұрады. Олар «Иә» деген кезде: «Олай болса, қайғыратын ештеңе жоқ. Оларға жаман жолдан ақша тапқызамын. Қажетсіз шығындар жасатып, қажетті жерлерге жұмсатқызбаймын. Онсыз да барлық жамандық осы үш нәрседен келеді» деді. Дүниелік үшін қаншалықты қайғырсаң, сол мөлшерде ахирет махаббаты жүректен шығады. Ахирет үшін қаншалықты қайғырсаң, сол мөлшерде дүние қиыншылықтары жүректен кетеді. Дүниеде бәрі жолаушы. Қолындағының бәрі аманат. Жолаушының кетуден, ал аманаттың кері алынуынан басқа шарасы жоқ. Хадис шәрифте былай делінген: «Дүние – мүмин үшін зындан, кәпір үшін жәннат». (Мүслим). Мүминге дүниенің зындан болуы – жәннаттың бар болуына байланысты. Жәннатта мүминдер көздер көрмеген, құлақтар естімеген, ақылға, қиялға қонбайтын үлкен ниғметтерге қауышады. Ешқандай қиыншылық көрмейді. Жәннаттың шексіз ниғметтерінің жанында дүние өмірі мүминдер үшін бір зындан, тозақ азабы сияқты келеді. Ал кәпірлер үшін тозақ азабы сондай қатты болады, дүниедегі ең ауыр азап та олар үшін жаннаттай көрінеді.
Напақа табу Сұрақ: Напақамды табу үшін саудамен айналысамын. Пайда (табыс) көргенде қуанамын. Дүниелік затқа қуанғаным үшін харам істеген боламын ба? Жауап: Напақаны табу парыз, напақадан артығын табу сүннет болып табылады. Пайда көргенде қуану харам емес, ниетке қарай сауап та алынған болады. Нәпістің күнә болған қалауларын жасау харам болып табылады. Мәселен, пайда көргенде «Мендей істің көзін білетін адам бар ма екен?» дегендей тәкәппарлану харам болады.
Дүниелік істерде қайғыру Сұрақ: Дүниелік істеріміз жөнімен кетпегені үшін қайғыруымыз күнә ма? Жауап: Дүниелік істер ахиретке жарайтын да, жарамайтын да іс болуы мүмкін. Бұл дүние ісі ахирет үшін орындайтын ғибадатқа кедергі болса, онда қайғыру ахирет үшін болады, дүние үшін болмайды. Егер ол істің ахиретімізге пайдасы болмаса, қайғыру орынсыз. Имам Раббани хазрет те былай деген: «Дүниелік істердің дұрыс кетпеуінен және жағдайларыңды реттей алмағандарыңнан мүлдем қысылмаңдар! Себебі дүниелік істер қайғыруға арзымайды. Бұл дүниеде бар болған бүкіл нәрсе өтеді, жоқ болады. Аллаһу та’ала разы болған нәрселердің соңынан жүгіру керек. Қиын болса да, оңай болса да, бұларды орындауға тырысу керек». (1/150). |
|
Сайтқа енгізілген жаңалықтарды, сұрақтарға берiлген жауаптарды және дiни мерекелерде кұттықтау хаттарды мүшелерiмiзге жiберiп тұрамыз. Дiни сұрақтар үшiн және сайтқа мүше болу үшiн мына адреске хат жолдасаңыз болады: in...@islamdini.kz Егер e-mail адресiңiз сiздiң хабарыңыз болмай бұл сайтқа тiркелген болса немесе сайттан хат алуды тоқтатқыңыз келсе, мына адреске бос хат жолдаңыз: islamdinikz...@googlegroups.com |
|
Сұрақ: Адамның ең үлкен дұшпаны кім? Жауап: Мұсылманның ең үлкен үш дұшпаны бар: шайтан, нәпіс және жаман дос. Жаман дос шайтан мен нәпістен де зиянды. Хадис шәрифте былай делінген: «Адамның діні досының діні сияқты. Кіммен достық құрғандарыңа мән беріңдер!». (Хаким). Шайтан мен нәпсіміз жаман дос арқылы бізді пәлекетке итермелейді. Жаман достан жыланнан, арыстаннан қашқандай қашу керек. Хадис шәрифтерде былай делінген: «Көздері менде болған, әрқашан мені аңдып жүретін, жақсылығымды жасыратын, жамандығымды асыратын, айналаға жайып жүретін жаман достан саған сиынамын, Йа Раббым!». (И.Нәжжар). «Жаман дос теміршінің көрігі сияқты. Үрлеген кезінде оттың ұшқындары сені жақпаса да иісі сені мазасыздандырады». (Бұхари). Бақытсыздықтардың, пәлекеттердің басы жаман дос. Дінді, иманды, ғибадатты, халал-харамды ұмыттыратын, мінез-құлықты бұзатын - жаман дос. «Досыңның кім екенін айт, сенің кім екеніңді айтамын», «Жаманмен дос болсаң көңілің азар», «Қазанға жақындасаң күйесі жұғады» деген даналық сөздер де жаманмен дос болған адам, соның жамандығынан үлес алатынын көрсетуде. Жақсы дос деген кім? Хадис шәрифтерде былай делінген: «Ең жақсы дос – Аллаһу та’аланы еске алған кезіңде көмектесетін, ұмытқан кезіңде есіңе түсіретін адам». (Хаким). «Ең жақсы дос – сөздері ілімдеріңді арттыратын, амалы ахиретті еске түсіретін адам». (Хаким). «Жақсы дос иіссу сататын адам сияқты. Саған иіссу сеппесе де, қасыңда болған кезде әдемі иістерінен пайдаланасың». (Мүслим). Адамның діні досының дініндей делінген. Иманын күшейткісі келгендер, иманы күштілермен бірге болуы керек. Жақсы ғибадат жасағысы келгендер, ғибадатын жақсы, ықыласпен жасап жүргендермен бірге болуы керек. Сонда өзі де солар секілді болып, соларға ұқсай бастайды. Дүние және ахирет бақыты үшін жақсылармен бірге болу керек. Жақсы достар іздеу керек. Тапқан кезде оларға қызмет етуді үлкен ниғмет деп білу керек. Ілімінен, жақсы мінезінен пайдаланылатын салих (жақсы) досқа лайықты құрмет көрсету керек. Оның жаны мен мал-мүлкін, өз жаның мен мал-мүлкіңнен үстем көру керек. Кемшіліктерін іздемеу керек. Кемшілігі болса да көрмеу керек және ешкімге айтпау керек. Тіпті оның кемшіліктерін ойламау керек, дереу ұмыту керек. Сөзіне қарсы келмеу, ешқашан онымен салғыласпау керек. Сыртынан ғайбат еткендер болса, оларға дұрыс түрде кедергі болу керек. Өкпелететін немесе оны ренжітетін сөз айтпау керек! Суизан (жаман күмәнда, ойда) болмау керек. Орынсыз іс-әрекеттерін көргенде абыржудан немесе ұмытшақтықтан деп жорамалдау керек. Яғни үзірлі себеппен кінәсіз екендігін қабылдау керек. Өйткені жақсы мінезді адам адамдарға кешіріммен қарайды, олардың кемшіліктерін жарияламайды. |
|
Сұрақ: Ораза ұстаған кісі тек қана ішіп-жеуді ғана тоқтатады ма, әлде күнәлардан да тыйылуы керек пе? Жауап: Ораза ұстау дегеніміз тек қана ішіп-жеуден тыйылу деген сөз емес. Қолы, тілі, көзі, құлағы және барлық мүшелерін де күнә істеуден аулақ ұстау керек. Өйткені пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Ораза ұстаған адам өтірік сөзді тоқтатпаса, ол адамның ішіп-жеуді тоқтатуына Аллаһу та'ала мұқтаж емес» деген. Пайдасыз сөздер сөйлеу, өтірік айту, ғайбаттау ұсталған оразаның сауабын жояды. Әбіржіп, қиналып, қиындыққа төзіп ғибадат жасап, мұның сауабын жойып жіберу ақылды адамның ісі емес. Бірақ, ораза ұстап жүріп күнә істегендер «менің оразамның сауабы жоқ екен» деп оразасын тастап кетпей, оразасын жалғастыруы керек. Аллаһу та'алаға жалбарынып кешірім сұрауы және істеген күнәларынан аулақ болуы қажет. Имам Раббани хазрет былай дейді: «Аллаһу та'аланың мейірімімен, сыйымен нәпіс иман келтіріп, Ислам дініне мойынсұнумен абыройланғанда «Хақиқи Исламға» қауышады және иманның ақиқаты пайда болады. Бұдан кейін жасалатын істің барлығы Исламның ақиқаты болады. Намаз оқығанда намаздың ақиқаты оқылған болады. Ораза ұстағанда оразаның ақиқаты ұсталған болады. Исламның барлық үкімдерін ұстану да осылай болады». Сәйид Бурханәддин Тирмизи хазрет шәкірттеріне былай деген: «Ораза – хикмет қазыналарының кілті. Ораза ұстау жүректің сезімтал күйге келуіне себеп болады және оразалы адамның дұғасы Аллаһу та'аланың алдында қабыл болады. Аллаһу та'алаға жеткізетін оразадан жақсы көлік жоқ. Оразаның Аллаһу та'ала алдында үлкен қадірі бар. Ораза – хикмет қазыналарының кілті. Бір адам бүкіл құлшылық міндеттерін атқарса, бірақ қарнын тойдырса, ешбір дәрежеге жете алмайды. Оразаны қажетті шамада тұтса, басқа құлшылық міндеттерінде кемшілік болса да, бір дәрежеге жетеді». Шах Уәлиуллаһ Дәһләуи хазрет айтқан: «Адамның нәпсі құтырған кезде кейбір шараларды қолдану қажет. Ораза осы тұрғыда ең жақсы шара. Адам шәһуатын ораза ұстау арқылы басады. Ораза адамның жаман қалауларын әлсіретеді. Рухтың жарқырауында, шәһуат пен жаман қалаулардың басылуында оразадан әсерлірек келетін басқа шара жоқ. Адам ораза ұстау арқылы шәһуат пен жаман қалауларынан өзін қаншалықты алыстата алса, ораза соншалықты күнәларына кафарат (өтеу) болады». |
|
Сұрақ: Кейбір адамдар «Намаз оқымайтын, ішкілік ішетін, орамалсыз ашық-шашық жүретін немесе басқа күнәларды істеп жүрген адам босқа ораза ұстамау керек» деп жатады. Бұл сөз дұрыс па? Жауап: Жоқ, дінге қайшы. Бірнеше күнә істеген адамның басқа күнәларды да істеуі қажет емес. Әрі ораза тұтып, әрі күнә істейтін адам, ораза ұстау арқылы берілетін үлкен сауапқа жете алмайды, бірақ ахиретте неге ораза ұстамадың деп есепке тартылмайды. Ораза парызын өтеген болады, тіпті оразаның берекетімен басқа күнәлардан да сақтану мүмкіндігі болады. Имам Раббани хазрет былай деген: «Бүкіл күнәларға тәубе етіп барлығынан сақтану үлкен ниғмет. Бұл нәрсе орындалмаса, еш болмағанда кейбір күнәларға тәубе ету де ниғмет болып табылады. Бұлардың берекетімен бәлкім бүкіл күнәларға тәубе ету нәсіп болады. «Бір нәрсені толығымен орындай алмаған адамның ең болмағанда барлығынан да айрылып қалмауы керек» деген қағида бар». (2/66). Намаздың дініміздегі орны оразаға қарағанда маңыздырақ болса да, бір адамға намаз оқымағаны үшін «Ораза ұстама» деуге болмайды. Керісінше «Намаз оқымасаң, ең болмағанда оразаны жіберіп алма» деу керек. Намаз оқымауымен үлкен күнәға батқан адам ораза ұстамаса, күнә мөлшері де арта түседі. Бірнеше күнәға батқан адам бірінен бас тартқысы келген кезде, оған «Басқаларын да тоқтата алмайтын болсаң, бұл күнәңды жалғастыра бер» деп айтуға болмайды. Күнәнің мөлшері қаншалықты азайса, соншалықты жақсы болады. Өйткені Аллаһтан қорқып бір күнәдан бас тарту – имандылықтың белгісі. Хадис шәрифте «Өмірінде бір рет Аллаһты еске алған немесе Одан қорыққан мұсылман тозақтан шығады» делінген. (Тирмизи). Бір күнәһар адам ғибадаттың бірін орындап жатқан болса, «Ең болмағанда осыны қалдырма» деу керек! Осы бір ғибадатты да орындамаса, діннен толығымен алыстауы мүмкін. Қорқытуға қарағанда көбірек сүйіншілеуші болу керек. Хадис шәрифтерде былай делінген: «Аллаһтың мейірімінен үмітті үздіріп, діннен бет бұрғызатын адамға лағнет болсын!» (Нәсаи). «Оңайлатыңдар, қиындатпаңдар, сүйіншілеңдер, қуантыңдар, діннен алыстатпаңдар!» (Бұхари). Бір жас жігіт Расулуллаһ алейһиссаламға «Мына үш күнәдан арыла алмай жүрмін» деді. Бұл үш күнә – өтірік, зина және ішкілік еді. Сүйікті пайғамбарымыз «Бұл үш күнәның біреуін мен үшін таста» деді. Ол жас жігіт үш күнәның бірі болған өтірік айтудан арылуды таңдап, кетті. Одан кейін қалған екі күнәні істемекші болғанында «Бұл күнәларды істеп Расулуллаһтың алдына барғанымда "Мен істемедім" десем, өтірік айтқан боламын. Егер істегенімді айтсам, жазаға ұшыраймын» деп ойлады. Сөйтіп қалған екі күнәдан да бастартып, бұлардан арылады. (Шира). Адамдардан ұялып күнәні жасыру да ар-намыстан. Ал ар-намыс, ұят иманнан. Күнә жасырылмаса, пасықтар (күнәхарлар) мұны көріп күнә істеуге батылдығы артады. «Пәленше күнә істеп жүр ғой. Мен де істесем не болады екен?» деуі мүмкін. «Пәленшелер ананы, мынаны істеп жүр, оларға күнә емес те, бізге күнә бола ма?» деуі мүмкін. Бұған себеп болмау керек. Кейбір адасқандар «Күнә істеген адам, мысалы намаз оқымайтын адам кәпір болады» деп қанша айтса да, күнә істеген адам мұсылмандықтан шықпайды. Хадис шәрифте былай делінген: «Жәбірейіл алейһиссалам «Үмбетіңе сүйінші айт, мүшрик болып өлмеген адам жәннатқа кіреді» деді. Мен «Зина мен ұрлық істеген адам да жәннатқа кіре ме?» деп үш рет сұрадым. «Иә, зина мен ұрлық істеген адам да жәннатқа кіреді» деп жауап берді. Содан соң «Ішкілік ішсе де соңында жәннатқа кіреді» деді». (Бұхари). Бұл Әһли сүннет сенімі. Күнәларды жеңіл деп санау емес. Бұл сенім адамды күнәға ынталандырмау керек! Барлық күнәлар жүректі қарайтады және адамды күпірге жетелеп, тозақта мәңгілікке қалуға себеп бола алады. Барлық күнәлардан сақтану керек, себебі Аллаһтың ашуы күнәлардың ішінде жасырылған. Бәлам Баура көп ғибадат еткен үлкен ғалым болса да, бір күнәның кесірінен кәпір болды. Күнә істеген адам дереу тәубе етуі қажет! (К.Сәадәт). |
|
Сұрақ: Итикаф деген не? Әйелдердің үйде итикаф жасауына болады ма? Жауап: Рамазан айының соңғы он күнінде бір мешітке кіріп күндіз-түні ғибадат етуге итикаф делінеді. Қасиетті Рамазан айында итикаф жасау муәккад сүннет болып табылады. Бірақ, итикаф сүннети кифая болғандықтан, бір аумақта бірнеше кісі итикафқа кірсе, басқаларының бұл сүннетті орындауы керек болмайды. Мүмкіндігі болғандар итикафқа кіруі керек. Итикаф жасаған адам мешітте ішіп-жейді, мешітте ұйықтайды. Дәрет үшін сыртқа шығуына болады. Бірнеше хадис шәрифтің мағынасы: «Итикафта болған адам күнәлардан ұзақтайды, барлық жақсылықты істегендей сауапқа қауышады». (Ибн Мажа). «Бір түйенің екі сауымындай уақыт итикаф еткен адам бір құл азат еткендей сауап алады». (Тәнуир). «Рамазанда он күн итикаф еткен адам екі рет (нәпіл) қажылық жасағандай сауап алады». (Бәйһақи). «Аллаһ разылығы үшін бір күн итикаф жасау адамды тозақтан өте ұзаққа алыстатады». (Табарани). Сүннет екі түрлі болады: Сүннети худа және сүннети зәуаид. Мешітте итикаф жасау, азан оқу, қамат айту және жамағатпен намаз оқу сүннети худаға жатады. Бұлар Ислам дінінің шиары (белгісі). Осы үмбетке тән болған амалдар. (Хадиқат-ун-нәдия). Расулуллаһ алейһиссалам «Миғраж түні бесінші қабат аспанда Османның бейнесін көрдім. «Бұл мәртебеге қалай жеттің» деп сұрадым. «Мешітте итикаф етумен» деп жауап берді» деді. (М.Чихар Йары Гузин). Итикаф ораза, намаз сияқты нәзір етіледі. «Ауруымнан жазылсам итикафқа кіремін» делінбейді. «Ауруымнан жазылсам, Аллаһ разылығы үшін, пәлен күн итикафқа кіремін» деп айту нәзір болады. (С.Әбәдия). Итикаф сияқты жеке ғибадат болған нәрсені нәзір еткен адамның мұны орындауы керек. (Дүрәр). Әйелдер мешітте итикаф жасамайды. Үйде болса шарттарға байланысты. Егер мешіт ретінде қолданатын бөлме бар болса, сол бөлмеде итикафқа кіруіне болады. Тамақ әзірлеу, үй жинау сияқты үй жұмыстарының ешбірі істемейді. Тек қана ғибадатпен шұғылданады. Дәрет сияқты зәру істерді істеуінің зияны болмайды. Рамазанның соңғы он күнінде болғаны сүннети кифая болып табылады. Аз итикаф та жасауға болады. Мысалы, бір күн немесе бірнеше сағат дегендей... Итикафқа кірген адамның ораза ұстаған болуы шарт. Тек Шафии мазһабында ғана ораза ұстаған болу шарты жоқ. Басқа үш мазһабта ораза ұстаған болу шарт. Мүмкіндігі болған әйелдердің үйде итикафқа кіруі, ұмытылған бұл сүннетті орындауы және сүннетті орындау сауабына қауышуы өте жақсы болады. |