Рағаиб түні мүбәрәк болсын!

10 views
Skip to first unread message

Islamdini.kz

unread,
Dec 25, 2025, 12:21:08 AM (9 days ago) 12/25/25
to islam...@googlegroups.com

Рағаиб түні

Бүгінгі түн, яғни бейсенбіден (25.12.2025) жұмаға (26.12.2025) қараған түн – Рағаиб түні. Барша мұсылмандарды қасиетті Рағаиб түнімен құттықтаймыз!

Қасиетті Ражаб айының алғашқы жұма түні Рағаиб түні деп аталады. Исламда барлық жұма түндері қасиетті. Бұл екі қасиетті түн бірге келгенде қасиеттілігі одан да арта түседі. Аллаһу та’ала бұл түні мұсылмандарға жақсылықтар, сый-сияпаттар береді. Бұл түнге құрмет көрсеткендерді кешіреді. Бұл түні жасалған дұғалар қабыл болады және де намаз, ораза, садақа сияқты ғибадаттарға көп сауаптар беріледі.

Рағаиб түнін ғибадатпен өткізу керек. Қазасы бар адам ең болмағанда бір күндік қаза намаздарын оқығаны жөн. Қазасы жоқ адам нәпіл намаз оқиды, Құран кәрім оқиды, тәсбих тартады, тәубе-истиғфар етеді. Бұл күні ораза тұтып, түнін ғибадатпен өткізудің сауабы өте үлкен. Қасиетті түндерде және әр уақытта да ілім үйрену бәрінен де жоғары келеді. Ілімхал білімдері ең қадірлі болып табылады.

«Бейсенбі күні ораза тұтып, түнінде ғибадат ету өте сауапты амал. Бейсенбімен бірге жұма күні де ораза тұтудың зияны жоқ». (Ғунйа).

Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Аллаһу та’ала Ражаб айында ораза тұтқан адамдарды кешіреді». (Ғунйа).

«Мына бес түнде жасалған дұға босқа кетпейді: Рағаиб түні, Бәрат түні, Жұма түні, Рамазан айт түні және Құрбан айт түні». (И. Асакир).

«Ражаб айының алғашқы жұма түнінде құлшылық жасаған адамды Аллаһу та’ала қабір азабынан құтқарады. Дұғаларын қабыл етеді. Тек 7 түрлі адамды кешірмейді және дұғаларын қабылдамайды: Өсімге ақша берген және алған адам, мұсылмандарды төмен санаған адам, ата-анасына қарсы келген перзент, мұсылман және діннің бұйрықтарына бағынатын күйеуін тыңдамайтын әйел, өлең айтып, сазды аспаптар шалатын адам, зинақорлық жасайтын адам, бес уақыт намаз оқымайтын адам». (С. Әбәдия).

(Олар осы күнәлардан бастартпайынша, тәубе етпейінше дұғалары қабыл болмайды).

Ражаб айында жасалған дұға қабыл болады, қателер кешіріледі. Күнә істеген адамның жазасы қаншама есеге көбейеді.

Хазреті Хусейн (радиаллаһу анһ) былай хикаялайды:

«Қағбаны тауаф етіп жүріп, әлсіз, аянышты дауыспен Аллаһу та’алаға дұға етіп жатқан бір адамның дауысын естідік. Әкем оны шақыруымды айтты. Әдемі жүзді, таза кісі еді. Бірақ оң жағы сал (паралич) болып, әрекетсіз еді. Одан:

– Сен кімсің, бұл жағдайың не? - деп сұрадым.

– Мен Мәназил бин Халиқпын. Кезінде сазды аспапта ойнап, ән салумен атаққа бөленген, Арабстанның әншісі ретінде танылған адаммын. Үнемі нәпсімнің қалауларының артынан жүрдім. Ражаб, Шабан айларында да бұл күнәларды тоқтатпадым. Салих әкем мені бұл күнәлардан құтқаруға тырысты. Маған «Аллаһу та’аланың азабы ауыр, бір мезетте жазаңды береді. Жаман достарыңды, бұл жаман істеріңді таста! Періштелер бұл қасиетті айларда сені шағымданады» – деді. Насихаттарға еш құлақ аспайтынмын, сабырым да аз еді. Әкеме қол көтеріп, насихаттарын ұрып-соғып тоқтаттым. Ренжулі күйде «Бұл айларда ораза тұтамын, түндерінде ғибадат етемін. Бәйтуллаһқа барып жамандығыңнан сақтану үшін Аллаһу та’аладан көмек сұраймын» деді.

Бір апта ораза тұтып, Қағбаға барып «Йа, Раббым, Сен зұлымға ұшырағандардың ақысын жерге тастамайсың. Бұл айда, бұл қасиетті жерде жасалған дұғаны босқа жібермейсің. Ақымды баламнан ал, оны сал (паралич) қыл» деп дұға етті. Дұға етуімен оң жағым сал болып істемей қалды. Мұны көргендер «Әкесінің қарғысына ұшыраған адам» деп айта бастады.

– Әкең бұл жағдайыңа не деді?

– Әкемнен кешірім сұрадым. Әкелік мейірімі ашуынан басым келіп, мені кешірді. Қарғыс жасаған жеріне барып, менің жазылуыма қайыр дұға ету үшін түйемен Бәйтуллаһқа келе жатқанда кенеттен түйе үркіп, әкем құлап қайтыс болды. Енді қазір шарасыз қалдым.

Әкем хазреті Әли ол жігітке дұға етті. Ражаб айында жасалған бұл дұғаның берекесімен Аллаһу та’ала оған шипа нәсіп етті».

Ражаб айы Адам алейһиссаламнан бері қасиетті еді. Бұл айда соғысу күнә болып есептелген. Әр үмбет бұл айға құрмет көрсететін. Ражаб сөзі муражжаб (қадірлі), муаззам (ұлы), мухтарам (құрметті), құнды дегенді білдіреді.

Парсы тіліндегі «Әнис-ул-уаизин» кітабында былай делінеді: «Иса алейһиссалам заманында бір жас жігіт бір сұлу қызға ғашық болып қалады. Ол қызға қауышу үшін бар жанын салып жүреді. Едәуір уақыттан кейін екеуі кездесуге уәделеседі. Түндердің бірінде бір үйде кездеседі. Екеуі де шешінеді. Жігіттің қуанышында шек жоқ еді. Кенет терезеден жаңа айдың туғанын көреді. Қыздан «Бұл қай ай?» деп сұрайды. Қыз «Ражаб» дегенінде, жас жігіт дереу жиналып, киініп алады. Түкке түсінбеген қыз таңқалып не болғанын сұрайды. «Аталарымнан Ражаб айында күнә істеуге болмайтынын естідім. Бұл айға құрмет көрсету керек» деп кешірім сұрап, үйіне кетіп қалады. Аллаһу та'ала Иса алейһиссаламға уаһи арқылы болғандарды білдіреді. «Жас жігіттің үйіне барып, сәлемімді айт!» деп бұйырады. Ол жігіт Ражаб айына құрмет көрсеткені үшін ұлы пайғамбардың үйіне дейін келгеніне қуанып иман келтіреді. Жақсы мүмин болады. Ражаб айына көрсеткен құрметінің арқасында иманға қауышады».

Қасиетті түндер – Ислам діні қадірлеген түндер. Аллаһу та'ала құлдарына аяушылық, мейірім танытқандықтан, кейбір түндерді қадірлі етті, бұл түндерде жасалған дұға мен тәубелерді қабыл ететінін хабар берді. Құлдарының көп ғибадат жасауы үшін, дұға мен тәубе етуі үшін бұл түндерді себеп қылды. Қасиетті түнге өзінен кейін келетін (келесі) күннің аты беріледі және оның қасиеті бір күн бұрынғы бесін намазынан сол түннің имсак уақытына дейін жалғасады. (Тек Арафа және Құрбан айттың күндері мен түндері мұндай емес. Олардың күндіздері түндерінен бұрын келеді). Бұл түндерді ғибадатпен өткізу керек, яғни қаза намаздарын оқу, Құран кәрім оқу қажет, дұға ету, тәубе ету керек, садақа беру, мұсылмандарды қуанту керек, бұлардан пайда болған сауапты өлгендерге бағыштау керек. Бұл түндерге құрмет көрсету қажет. Құрмет көрсету күнә істемеу арқылы жүзеге асады.

Ражаб – Аллаһу та'аланың айы. Ражаб айына құрмет көрсеткен адамға Аллаһу та'ала дүние мен ахиретте сый-сияпат береді.

Ражаб айының алғашқы жұма түнін құлшылықпен өткізген, құрмет көрсеткен адамға Аллаһу та'ала қабір азабын бермейді. Дұғаларын қабыл етеді. Тек жеті адамды кешірмейді және дұғаларын қабыл етпейді, олар: Өсім алып-беретін адам, мұсылмандарды төмен санайтын кісі, ата-анасын жәбірлеп, оларға қарсы шығатын перзент, діннің үкімдерімен амал етуге тырысатын мұсылман күйеуін тыңдамайтын әйел, ән мен музыкалық аспаптарды кәсіп қылғандар, лиуата және зина етушілер, бес уақыт намазын оқымайтындар. Олар осы күнәларынан бастартпайынша, тәубе етпейінше дұғалары қабыл болмайды. Ата-ананың, күйеудің, ешкімнің шариғатқа қайшы келетін бұйрығы орындалмайды, айтқандары істелмейді. Алайда, ата-анаға жылы сөйлеп, оларды ренжітпеу керек. Ата-ана кәпір болса, оларды шіркеуден, сыраханадан, арқалап болса да, үйге әкелу керек. Бірақ ондай жерлерге апару жаиз (рұқсат) емес.

Ибн Абидин (рахметуллаһи та’ала алейһ) кітабының бесінші томы, екі жүз алпыс тоғызыншы бетінде былай дейді: «Баланың әке-шешесінің атын атап шақыруы және әйелдің күйеуін есімімен шақыруы тахримән мәкрух, яғни кіші күнә болады. Оларды құрмет білдіретін мәндегі сөздермен және қасына барып шақыруы керек. Алыстан айқайлап шақырмаған жөн». (Саадәти Әбәдия).

www.islamdini.kz

Сайтқа енгізілген жаңалықтарды, сұрақтарға берiлген жауаптарды және дiни мерекелерде кұттықтау хаттарды мүшелерiмiзге жiберiп тұрамыз. Дiни сұрақтар үшiн және сайтқа мүше болу үшiн мына адреске хат жолдасаңыз болады: in...@islamdini.kz 

Егер e-mail адресiңiз сiздiң хабарыңыз болмай бұл сайтқа тiркелген болса немесе сайттан хат алуды тоқтатқыңыз келсе, мына адреске бос хат жолдаңыз: islamdinikz...@googlegroups.com

 

image001.jpg
image002.jpg
Reply all
Reply to author
Forward
0 new messages