|
Бүгінгі түн, яғни дүйсенбіден (02.02.2026) сейсенбіге (03.02.2026) қараған түн – қасиетті Бәрат түні. Барша мұсылмандарды осы мүбәрәк түнмен құттықтаймыз! Бәрат түні – Шабан айының 15-ші түні. Құран кәрім Ләухул махфузға осы түнде түсті. Аллаһу та’ала ештеңе жаратпастан бұрын әуелі жарататын нәрселерінің барлығын қалады. Олардың бір жыл ішінде болатындарын осы түні періштелерге хабарлады. Бұл түн – рақымдылық есіктері ашылып, дұғалар қабыл болатын төрт түннің бірі. Расулуллаһ бұл түні көп ғибадат жасап, дұға оқитын. «Аллаһуммәрзуқнә қалбән тақийән минәш-ширки бәрийән лә кафирән уә шақийән» дұғасын көп оқитын еді (Риад-ун-Насихин). Шабан айында ораза тұту өте сауапты амал. Хадис шәрифтерде былай делінген: «Шабан – өте қасиетті ай, адамдар бұл айдың үстемдігінен ғапіл (хабарсыз). Бұл айда құлдардың амалы Аллаһу та’аланың дәргейіне шығарылады. Мен ораза тұтқан күйімде амалдарымның шығарылуын қалаймын» (Нәсаи). «Рамазаннан кейінгі ең құнды ораза – Шабан айында тұтылатын ораза» (Тирмизи). «Шабанның он бесінші түні келгенде түнін ғибадатпен, күнін оразамен өткізіңдер. Ол түні Аллаһу та’ала: «Кешірілгісі келетін адам жоқ па, күнәларын кешірейін? Ризық сұрайтын адам жоқ па, ризық берейін? Дертке дауа іздеген адам жоқ па, денсаулық берейін? Кім не қаласа, соны берейін» дейді. Бұл жағдай таң атқанға дейін жалғасады» (Ибн Мажә). «Бұл түні көктердің есіктері ашылады, періштелер мұсылмандарға сүйінші айтады, ғибадатқа шақырады. Бәрат түнінде көп ғибадат жасаңдар! Әйтпесе қияметте өкінесіңдер» (Нәсаи, Бәйһақи, А.Мунзири). «Бұл түні мұсылман туысымен байланысын үзгендер, өзін өзгеден жоғары санағандар және ата-анасына қарсы шыққандар кешірілмейді» (Бәйһақи). «Жәбрейіл алейһиссалам маған келді де, «Тұр, намаз оқы және дұға ет! Бұл түн – Шабанның он бесінші түні» деді. Бұл түнді ғибадатпен өткізгендерді Аллаһу та’ала кешіреді. Тек мүшриктерді, сиқыршыларды, палшыларды, сараңдарды, кекшілдерді, мүшахиндерді (бидғатшыларды), ішкілік ішетіндерді, өсім беретіндерді және зинақорлық жасайтындарды кешірмейді» (Табарани). Хазреті Айша анамыз «Ей, Расулаллаһ, Аллаһу та’ала сізді күнә істеуден сақтағанымен, неліктен Бәрат түнінде көп ғибадат еттіңіз?» деп сұрады. Пайғамбарымыз жауап берді: «Шүкір етуші құл болмайын ба? Бұл жылы туылатын барлық бала осы түні дәптерге жазылады. Бұл жылы өлетіндердің есімдері осы түні арнайы дәптерге жазылады. Осы түні барлық адамның бір жылдық ризығы ажыратылады. Осы түні барлық адамның амалдары Аллаһу та’алаға ұсынылады» (Ғуния). «Бәрат түнін олжа, мүмкіндік деп біліңдер! Өйткені ол белгілі бір түн, Шабанның 15-түні. Қадір түні өте қадірлі болғанымен, қай түн екендігі белгісіз. Бұл түні көп ғибадат жасаңдар! Әйтпесе, қиямет күні өкінесіңдер!» (С. Әбәдия). Қияметте өкініп қалмау үшін бұл түнді олжа деп біліп, тәубе етіп, кешірім сұрау керек, қаза намаздарды оқу керек, Құран кәрім оқып, мұсылмандарға дұға ету керек. «Шабан айының 15-ші түні әлемді Аллаһу та’аланың рақымдылығы қаптайды, адамдар кешіріледі. Тек жазықсыз түрде мұсылмандарға дұшпандық жасаған және Аллаһу та’алаға серік қосқан адамдар кешірілмейді» (Бәйһақи). «Шабан айында үш күн ораза тұтқан адамға Хақ та’ала жәннаттан орын дайындайды» (Әйюхал уәләд ілімхалы). «Мына түндерде жасалған дұға зая кетпейді: Рағаиб түні, Бәрат түні, Жұма түні, Ораза айт және Құрбан айт түндері» (И. Асакир). «Рахмет (рақымдылық) есіктері төрт түні ашылады. Ол түндерде жасалған дұға зая кетпейді. Ораза айт пен Құрбан айттың бірінші түндері, Бәрат және Арапа түндері» (Исфахани). «Аллаһу та’ала Бәрат түнінде кәпірлерден басқа, мүминдерді кешіреді. Кекшілдерді бұл жаман мінездерін қойғанға дейін кешірмейді» (Табарани, Бәйһақи). «Аллаһу та’ала Шабанның 15-ші түнінде мүшрик және мүшахиннен (бидғатшыдан) басқа барлығын кешіреді» (Ибн Мажә). «Аллаһу та’ала Шабанның ортасында Бәрат түнінде дүние аспанына тәжәлли (назар салады) етеді. Бәни кәлб қауымының қойларының қылдарынан да көп адамның күнәларын кешіреді» (Ибн Мажә, Тирмизи). «Төрт түннің күні де түні секілді қасиетті. Аллаһу та’ала ол күндерде дұға еткен адамның тілегін қайтармайды, оларды кешіреді және олар бұл күндерде мол ихсанға (сый-сияпатқа) кенеледі. Олар: Қадір түні, Арапа түні, Бәрат түні және жұма түні мен күндері» (Дәйләми). Нәпіл ғибадаттардың сауабына жете алу үшін әһли сүннет ақидасында (сенімінде) болу керек, харамдардан сақтанып, күнәларға тәубе ету керек, парыздарды кемшіліксіз орындауға тырысу және ол амалды ғибадат ретінде орындауға ниет ету қажет. Хазреті Хасан Басри Шабанның 15-ші күні мазардан шыққандай болып жүзі бозарып тұратын. Бұл қайғысының себебін сұрағанда «Илми яқинмен білемін, күнәларым бар. Күнәм кешірілмесе, сауаптарым да қабыл болмаса, жағдайым не болмақ деген қорқыныштан жүзім бозаруда» деп жауаптаған екен. |
|
Сайтқа енгізілген жаңалықтарды, сұрақтарға берiлген жауаптарды және дiни мерекелерде кұттықтау хаттарды мүшелерiмiзге жiберiп тұрамыз. Дiни сұрақтар үшiн және сайтқа мүше болу үшiн мына адреске хат жолдасаңыз болады: in...@islamdini.kz Егер e-mail адресiңiз сiздiң хабарыңыз болмай бұл сайтқа тiркелген болса немесе сайттан хат алуды тоқтатқыңыз келсе, мына адреске бос хат жолдаңыз: islamdinikz...@googlegroups.com |