ШӘУАҺИД-УН НУБУВВӘ – 158

3 views
Skip to first unread message

Islamdini.kz

unread,
Aug 2, 2022, 11:44:57 PM8/2/22
to islam...@googlegroups.com

cid:image001.jpg@01D6F40A.DC6F4BA0

ИМАМ ЗӘЙНӘЛ АБИДИН ӘЛИ БИН ХУСЕЙН (радиаллаһу анһ) (2)

∙ Сенімді адамдардан бір кісі былай айтып берген: Бір күні Зәйнәл Абидин Әли бин Хусейннің (радиаллаһу анһума) үйіне бардым. Есік алдына келіп, айқайлап шақырайын деп тоқтадым. Ол сыртқа шықты. Сәлем бердім, сәлеміме жауап берді. Бір дуалдың түбіне бардық. Менен «Мына қабырғаны көріп тұрсың ба?» деп сұрады. «Иә, көріп тұрмын» дегенімде былай айтып берді: «Бір күні осы қабырғаның түбінде дуалға сүйеніп отырған едім. Алдыма сұлу жүзді, әдемі киінген біреу келді. Маған қарап, «Ей, Әли бин Хусейн, сені мұңды көрдім. Егер мұңың дүние үшін болса, ризық дайын. Жақсы-жаман әркім ризығын жейді» деді. Мен «Жоқ, дүние үшін қайғырмаймын, дүние дегенің өзің айтқандай ғой» дедім. «Егер мұңың ахирет үшін болса, ол да бір шынайы уәде, Аллаһу та'ала ол жақта үкім береді» деді. «Мұңым ахирет үшін де емес, ахирет те айтқаныңдай» дедім. Ол «Олай болса, не үшін қайғырудасың?» деп сұрады. Мен «Зубәйр ұлының фитнасынан қорқамын» дедім. Ол «Ей, Әли, сен Аллаһу та'аладан қорқатын және Аллаһу та'ала оның ісін оңғармайтын адамды көрдің бе?» деп сұрады. Мен «Жоқ» деген соң ол кісі көзден ғайып болды. Маған ол кісінің Хызыр алейһиссалам екендігі және ақиқатты айтқандығы білдірілді».

∙ Жоғарыдағы оқиғаны хабарлаған кісі тағы былай айтып берген: «Бір күні Зәйнәл Абидинге (радиаллаһу анһ) бардым. Бір топ торғай келіп, айналамызға қонды да, ұшып кетті. Менен «Мына торғайлардың не дегенін білесің бе?» деп сұрады. «Жоқ, білмеймін» деп едім, «Ризықтарын беретін Аллаһу та'аладан бүгінгі ризықтарын сұрап жатыр» деді».

∙ Бір түні Бақи мазары тарапынан «Ей, дүниеге мән бермей, ахиретке бет бұрғандар» деген дауыс естілді. Бірақ кім айтқанын ешкім көрмеді. Бұл сөз Зәйнәл Абидинге (радиаллаһу анһ) айтылған еді.

∙ Бір күні Зәйнәл Абидин (радиаллаһу анһ) балаларымен және қызметшілерімен бірге жазыққа шыққан болатын. Олар таңғы ас дайындады. Бір киік келіп, қастарында тұрды. Зәйнәл Абидин (радиаллаһу анһ) киікке қарап: «Мен Әли бин Хусейн бин Әли бин Әби Талибпын. Анам (әжем) Расулуллаһтың қызы хазреті Фатима (радиаллаһу анһа). Кел, бізбен бірге тамақтан» деді. Киік жақындап, олармен бірге тамақтанды. Кейін кетіп қалды. Қызметшілердің бірі «Киікті тағы шақырсаңыз, тағы келсін» деп өтінді. «Оған тиіспейтіндеріңе сөз берсеңдер шақырамын» деді. Бәрі тиіспейтіндеріне сөз берді. Тағы әуелгідей киікті шақырды. Киік келіп, олармен бірге тамақтана бастады. Дастархан басында отырғандардың бірі киікті ұстағысы келіп қолын киікке тигізді. Киік үркіп қашып кетті. Зәйнәл Абидин (рахметуллаһи алейһ) «Айтқанымды істемейтін және сөздеріңде тұрмайтын болсаңдар, сендермен сөйлеспеймін» деді.

∙ Бір күні бір түйе жолда жүргісі келмей тоқтап қалды. Зәйнәл Абидин (радиаллаһу анһ) оны шөктіріп, қамшысы мен аса таяғын көрсетті де «Тез жүр, әйтпесе сені мынамын ұрамын» деді. Одан кейін түйе тез жүре бастады және мүлде жалқауланбайтын болды.

∙ Бір күні жазық далада отырған еді. Бір киік қастарына келіп, аяқтарымен жерді теуіп, бір дауыстар шығарды. Имам Зәйнәл Абидиннен адамдар «Киік не дейді?» деп сұрады. Сонда ол: «Кеше құрайштық біреу мына киіктің лағын ұстап алған екен. Кешеден бері балама сүт бермедім деп жатыр» деді. Сол құрайштық адамды шақырып алды. «Мына киіктің лағын ұстап алған екенсің. Кешеден бері сүт емізе алмаған екен. Лақты осында әкел, сүтін берсін» деді. Құрайштық кісі киіктің лағын әкелді. Киік лағын емізіп болған соң Зәйнәл Абидин (радиаллаһу анһ) әлгі адамнан киіктің лағын босатуын өтінді. Ол босатып жіберді. Киік баласымен бірге дауыс шығарып кетіп қалды. Ол жердегілер «Киік не дейді?» деп сұрағанда: «Аллаһу та'ала сіздерге жақсылық пен қайыр берсін» деп дұға етті» деді.

∙ Имам Зәйнәл Абидин (радиаллаһу анһ) қайтыс болатын түні ұлы Мұхаммед Бақырдан (радиаллаһу анһ) дәрет алуға су сұрады. Су әкелген соң «Мына судың ішінде жануар өлген» деді. Шамның жарығымен суға мұқият қараса, судың ішінде өлген тышқан бар екен. Тағы басқа су әкелген соң ол дәрет алып, «Қайтыс болатын уақытым жақындап қалды» деп өсиетін қалдырды.

(Жалғасы бар...)

cid:image002.jpg@01D6F40A.DC6F4BA0

www.islamdini.kz

Сайтқа енгізілген жаңалықтарды, сұрақтарға берiлген жауаптарды және дiни мерекелерде кұттықтау хаттарды мүшелерiмiзге жiберiп тұрамыз. Дiни сұрақтар үшiн және сайтқа мүше болу үшiн мына адреске хат жолдасаңыз болады: in...@islamdini.kz

Егер e-mail адресiңiз сiздiң хабарыңыз болмай бұл сайтқа тiркелген болса немесе сайттан хат алуды тоқтатқыңыз келсе, мына адреске бос хат жолдаңыз: islamdinikz...@googlegroups.com

 

image001.jpg
image002.jpg
Reply all
Reply to author
Forward
0 new messages