Ашура түні мүбәрәк болсын!

1 view
Skip to first unread message

Islamdini.kz

unread,
Aug 7, 2022, 3:51:53 AM8/7/22
to islam...@googlegroups.com

Ашура түні және күні

Бүгін (07.08.2022) Мухаррам айының тоғызыншы күні. Мухаррам айының оныншы күні – Ашура күні деп аталады. Мухаррамның тоғызынан онына қараған түн (бүгінгі жексенбіден дүйсенбіге қараған түн) «Ашура түні» деп аталады. Яғни бүгінгі түн – Ашура түні, ал ертең күндіз (08.08.2022) Ашура күні болады.

 

Барша мұсылмандарды қасиетті Ашура түні және күнімен құттықтаймыз!

Мухаррам айы – Құран кәрімде құрметтелген төрт айдың бірі. Мухаррам айының бірінші күнінде ораза тұту сол жылды толық оразамен өткізгенмен бірдей болады. Хадис шәрифте: «Рамазаннан кейінгі ең құнды ораза – Мухаррам айында тұтылған ораза» делінеді. (Мүслим)

Бұл айдың ең қадірлі түні – Ашура түні. Аллаһу та’ала көп дұғаларды Ашура күні қабыл еткен. Хазреті Адам пайғамбардың тәубесінің қабыл болуы, хазреті Нұх пайғамбардың топаннан құтылуы, хазреті Юнус пайғамбардың балықтың қарнынан шығуы, хазреті Ибраһим пайғамбардың отта жанбауы, хазреті Идрис пайғамбардың тірідей көкке көтерілуі, хазреті Яқуб пайғамбардың баласы хазреті Юсуфқа қауышуы, хазреті Юсуф пайғамбардың құдықтан шығуы, хазреті Әйюб пайғамбардың аурудан құтылуы, хазреті Мұса пайғамбардың Қызыл теңізден өтуі, хазреті Иса пайғамбардың туылуы және өлімнен құтылып тірідей көкке көтерілуі Ашура күні болған.

Хадис шәрифте былай делінеді:

«Ашура күнінде Нұх алейһиссаламның кемесі Жуди тауына отырды. Ол күні Нұх және қасындағылар Аллаһу та’алаға шүкір ету үшін ораза тұтқан болатын. Жануарлар да ештеңе жемеген еді. Аллаһу та’ала теңізді Бәни Исраил қауымы үшін Ашура күні екіге айырды. Және Ашура күні Аллаһу та’ала Адам алейһиссаламның және Юнус алейһиссалам қауымының тәубесін қабыл етті. Ибраһим алейһиссалам да осы күні туылды». (Табарани)

Ертеден бері Құрайш қауымы да, Расулуллаһ та Ашура күні ораза тұтатын еді. Мәдинаға келгенде де осы күні ораза тұтты және басқаларға да тұтуын әмір етті. (Бұхари, Мүслим, Тирмизи, Әбу Дауд)

Мәдинада Ашура күні ораза тұтқан пайғамбарымыз яһудилердің де ораза тұтқандарын көріп «Неге ораза тұттыңдар?» деп сұрады. Олар «Аллаһтың исраил ұлдарын дұшпаннан құтқарған күні, Мұса бұл күні ораза тұтқандықтан, біз де тұттық» деді. Расулуллаһ алейһиссалам мұсылмандардың бұл күні ораза тұтуларының себебін түсіндіру үшін «Мен Мұса алейһиссаламға сендерден де лайықтымын» деді. (Бұхари, Мүслим, Әбу Дауд)

 

Бұл күні жасалатын амалдар:

1) Ашура күні ораза тұту сүннет болып табылады. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Ашура күні ораза тұтқан адамның бір жылдық күнәлары кешіріледі». (Мүслим, Тирмизи, И. Ахмед, Табарани)

«Ашура күні ораза тұтқан адам сол жылы тұта алмаған (нәпіл) оразаларының сауабына кенеледі». (Дәйләми)

«Ашура күнінен бір күн бұрын, бір күн кейін ораза тұтыңдар, яһудилерге ұқсамаңдар». (И. Ахмед)

«Ашураның құндылығын пайдаланыңдар! Бұл қасиетті күнде ораза тұтқан адам періштелердің, пайғамбарлардың, шәһидтердің және салихтардың ғибадаттарындай сауапқа кенеледі». (Шира)

(Жалғыз Ашура күні ораза тұту мәкрух болады. Алдыңғы немесе кейінгі бір күнмен қосып тұту керек!).

Пайғамбарымыз осы күні түс уақытында былай деді:

«Бәріне естіртіңдер! Бүгін бір нәрсе жеген адам кешке дейін ештеңе жемесін, аузы берік секілді жүрсін! Әлі ештеңе жемеген адам ораза тұтсын! Өйткені бүгін Ашура күні». (Бұхари, Мүслим, Әбу Дауд)

Пайғамбарымыз осы күні құрманы мүбәрәк аузымен сулап балалардың аузына салатын. Балалар Расулуллаһтың мұғжизасы ретінде кешке дейін ештеңе ішіп-жемейтін еді. Бұл күнде кейбір жануарлар да ештеңе жемей жүретіні айтылған. Бір аңшы Ашура күні бір киікті ұстап алады. Киік балаларын емізіп кешке қайтып келуі үшін Расулуллаһ алейһиссаламнан шапағат сұрайды. Аңшы киікке кешке дейін қалмай емізіп дереу қайтып келуін айтқанда, киік «Бүгін Ашура күні. Бұл күннің құрметіне балаларымызды емізбейміз. Сондықтан мен кешке келу үшін рұқсат сұрадым» дейді. Мұны естіген аңшы киікті пайғамбарымызға сыйға береді. Пайғамбарымыз киікті босатып жібереді.

 

2) «Сыла-и рахым» жасау керек. Яғни туыстарға қонаққа барып, оларға сыйлық беріп, әртүрлі көмектермен көңілдерін аулау керек. Хадис шәрифте: «Сыла-и рахымды тәрк еткен адам Ашура күні туыстарына қонаққа барса, Яхия және Иса алейһиссаламның сауабындай сауапқа кенеледі» делінген. (Шира)

 

3) Ілім үйрену керек! Хадис шәрифте: «Ашура күні ілім үйреніліп жатқан немесе Аллаһу та’ала зікір етіліп жатқан жерде біраз отырған адам жәннатқа кіреді» делінді. Бұл түні ілім ретінде әһли сүннет кітабын (мысалы «Намаз кітабын») оқыған жөн. Сонымен қатар Құран кәрім оқу керек, намаздан қазасы бар адам қаза намаздарын оқуы тиіс. (Шира)

 

4) Садақа беру сүннет, яғни ғибадат. Хадис шәрифте: «Ашура күні түйірдей садақа берген адам Ухуд тауындай сауапқа кенеледі» делінген. (Шира)

Емдік ниетпен сүрме жағып жүрген адам бұл күні де сүрме жағуына болады. Хадис шәрифте: «Ашура күні исмид сүрмесін жаққан адам көз ауруын көрмейді» делінеді. (Хаким)

 

5) Көп сәлем беру керек. Хадис шәрифте: «Ашура күні он мұсылманға сәлем берген адам бүкіл мұсылмандарға сәлем бергендей сауапқа кенеледі» делінген. (Шира)

 

6) Отбасын, бала-шағасын қуанту керек! Хадис шәрифте: «Ашура күні жанұясының напақасын мол ұстаған адамның бүкіл бір жылғы напақасы мол болады» делінеді. (Бәйһақи)

 

7) Ғұсыл алу керек. Хадис шәрифте: «Ашура күні ғұсыл алған мұсылман күнәлардан тазарады» делінеді. (Шира)

(Бұл сауаптар сенімі дұрыс, яғни әһли сүннет болған, намазын оқитын және харамдардан сақтанатын мұсылманға қатысты. Бұларға мән бермейтін адам Ашура күні бір емес, бірнеше рет ғұсыл алса да күнәлары кешірілмейді).

 

Хазреті Хусейн 10-Мухаррамда шәһид етілді. Бұл ұлы имамның шәһид болуы әрине барша мұсылмандарға үлкен қайғы. Хазреті Омар, хазреті Осман, хазреті Әли және хазреті Хамзаның шәһид етілуі де осы секілді үлкен қайғы. Бірақ пайғамбарымыз хазреті Хамзаның шәһид етілген күнінде аза (траур) тұтпады. Аза тұтуды да әмір етпеді. Аза тұтуға тыйым салынбағанда, бәрінен бұрын пайғамбарымыздың өліміне аза тұтылатын еді. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Аза тұтқан адам өлмей тұрып тәубе етпесе, қияметте ауыр азап көреді». (Мүслим)

«Адамды күпірге жетелейтін екі нәрсе бар. Біріншісі: біреудің ата-тегіне сөгу, екіншісі: өлі үшін аза тұту». (Мүслим)

 

Ашура күні оқылатын дұға

Хадис шәрифте былай делінеді:

«Кімде-кім Мухаррам айының алғашқы күнінде төмендегі дұғаны үш рет оқыса, Аллаһу Та’ала ол адамды келесі Мухаррам айына дейін барлық бәле-жаладан сақтайды:

Әлхамдулилләһи Раббил-аләмин. Уассалату уәссәламу алә сәйидина Мухаммадин уә алә әлиһи уә сахбиһи әжмаин. Аллаһумма әнтәл-әбадиул-қадим, әл-хаййул кәрим, әл-ханнан, әл-мәннан. Һазиһи сәнәтун жәдидәтун. Әсәлука фиһәл-исмәтә минәшшайтанирражим, уәл аунә алә һәзиһиннәфсил-әммарати биссуи уәл-иштиғалә бимә юқаррибуни иләйкә, йа зәл-жәлали уәл-икрам, бирахматикә йа әрхамаррахимин. Уә саллаллаһу уә сәлләмә алә сәйидина уә нәбиинә Мухаммедин уә алә әлиһи уә сахбиһи уә әһли бәйтиһи әжмаин».

Шахабиддин Сухрауардидің айтуынша, «Кімде-кім бұл дұғаны Ашура күні (Мухаррам айының 10-күні) үш рет оқыса, өлімнен де қорғайды. Өйткені, сол жылы өлетін адамға қандай да бір себеппен бұл дұғаны оқу нәсіп болмайды».

www.islamdini.kz

Сайтқа енгізілген жаңалықтарды, сұрақтарға берiлген жауаптарды және дiни мерекелерде кұттықтау хаттарды мүшелерiмiзге жiберiп тұрамыз. Дiни сұрақтар үшiн және сайтқа мүше болу үшiн мына адреске хат жолдасаңыз болады: in...@islamdini.kz 

Егер e-mail адресiңiз сiздiң хабарыңыз болмай бұл сайтқа тiркелген болса немесе сайттан хат алуды тоқтатқыңыз келсе, мына адреске бос хат жолдаңыз: islamdinikz...@googlegroups.com

 

image001.jpg
image002.jpg
Reply all
Reply to author
Forward
0 new messages