|
194) ОМАР БИН ХАТТАБ: Асхаби кирамның ең ұлыларынан, Ашара-и мубәшшәрәдан. Расулуллаһтың екінші халифасы. Тоғызыншы атасы Ка’б – Расулуллаһтың жетінші атасы. Анасы Хантәмә бинти Хишам – Әбу Жәһлдің қыз бауыры еді. Ол хижреттен қырық жыл бұрын дүниеге келді. Құрайштың алдыңғы қатарлысы болған. Өте әдемі сөйлейтін. Басында Расулуллаһқа дұшпан еді. Бисеттің, яғни Расулуллаһқа пайғамбар екені білдірілген күннің алтыншы жылында Расулуллаһтың көкесі хазреті Хамза иманға келгенде мұсылмандар күшейді. Бәрі бұған қатты қуанды. Бұл құрайш кәпірлеріне ауыр тиді. Алдыңғы қатарлылары жиналып: «Мұхаммедтің адамдары көбейіп жатыр. Мұның алдын алуға бір шара қолданайық» десті. Әрқайсы өз ойын айтып шықты. Әбу Жәһл: «Мұхаммедті өлтіруден басқа шара жоқ. Осыны істей алған адамға осыншама түйе, осыншама алтын беремін» деді. Омар бин Хаттаб орнынан атып тұрды. «Бұл істі Хаттаб ұлынан басқа ешкім істей алмайды» деді. Бәрі Омарға қошемет білдірді. «Ал, қанекей, Хаттаб ұлы! Көрсет!» десті. Омар қылышын алып жолға шықты. Жолда Нуайм бин Абдуллаһқа кезікті. «Ашуланып, ызаланып қайда барасың, ей, Омар?» деп сұрады. Ол: «Халық арасына іріткі салған, бауырларды бір-біріне дұшпан қылған Мұхаммедті өлтіруге барамын» деп жауап берді. «Ей, Омар! Бұл өте қиын іс. Оның сахабалары айналасын қоршап, қорғаштап жүр. Оған бір нәрсе болып қалмасын деп қалтырап жүр. Оған жақындау мүмкін емес. Оны өлтірген күннің өзінде Абдулмутталиб ұлдарынан қалай құтылмақсың?» деді. Омар бұл сөзге қатты ашуланды да: «Сен де олардың қатарына қосылдың ба? Онда алдымен сені тындырайын!» деп қылышын тартты. «Ей, Омар! Менде нең бар! Қарындасың Фатима мен күйеуі Зәйдке бар, екеуі де мұсылман болды» деді. Омар олардың мұсылман болғанына сенбеді. «Егер сенбесең, барып сұра! Өзің көр» деді. Омар абдырап қалды. Бұл істі атқарса, діни бөлінушілік тоқтайды, бірақ арабтардың әдеті бойынша қан дауы пайда болады. Құрайш екіге бөлініп, бір-бірімен қақтығысады. Сонда тек Омар ғана емес, бүкіл Хаттаб ұлдары өлтіріледі. Бірақ Омар өте күшті, ержүрек әрі ашулы болғандықтан, мұны ойламаған еді. Қарындасын ойлап бірден оның үйіне барды. Ол кездері «Таха» сүресі енді келген, Саид пен Фатима оны жаздырып, Хаббаб бин Әрәт есімді сахабаны үйіне шақырып оқып отырған болатын. Омар есік сыртынан олардың дауысын естіді. Есікті қатты қақты. Омарды белінде қылышымен, ашуланып келгенін көрген олар жазбаны тығып қойды. Хаббабты да жасырды. Кейін есікті ашты. Омар ішке кіріп: «Не оқып жатсыңдар?» деп сұрады. Саид: «Ештеңе» деп жауаптады. Омардың ашуы одан сайын көтеріліп, «Естігенім рас екен. Сендер де оның сиқырына алданыпсыңдар» деді. Саидты жағасынан ұстап жерге жықты. Фатима құтқарайын деп жақындағанында оның бетін де шапалақпен қатты ұрды. Беті қанап кетті. Омар қанды көріп қарындасына жаны ашып, біраз абдырап қалды. Фатима соққыдан ауырсынып, бет-аузы қан болса да, иманының күші сергітіп, Аллаһу та'алаға сиынып, «Ей, Омар! Неге Аллаһтан ұялмайсың? Аяттар мен мұғжизаларымен жіберген пайғамбарына неге сенбейсің? Мен және күйеуім екеуіміз мұсылман болып абыройландық. Басымызды шапсаң да бұдан қайтпаймыз» деді де, калима-и шаһадат оқыды. Омар не істерін білмей абдырап қалды. Жерге отырды. Жұмсақ дауыспен: «Қане оқыған кітаптарыңды шығарыңдар» деді. Фатима алып келіп, Омарға берді. Омар мәнерлеп оқуды білетін. «Таха» сүресін оқи бастады. Құран кәрімнің фәсахаты, бәлағаты, мағыналары және үстемдіктері оның жүрегін жұмсатты. «Аспандарда, жер жүзінде және олардың арасында, әрі жердің астындағы барлық нәрсе Оның иелігі» аятын оқығанда терең ойға шомды. «Йа, Фатима! Бұл бітпейтін, таусылмайтын болмыстардың барлығы сендер табынатын Аллаһтың мүлкі ме?» деп сұрады. Қарындасы: «Иә, әрине солай! Күмәнің бар ма?» деді. «Уа, Фатима! Біздің бір мың бес жүзге жуық алтыннан, күмістен, қоладан, тастан ойылып жасалған әшекейлі мүсіндеріміз бар. Ешқайсысының жер жүзінде ештеңесі жоқ!» деп таңданысы артты. Тағы біраз оқыды. «Одан басқасына табынуға, жүгінуге болмайды. Барлық нәрсені тек қана Одан күту керек. Ең көркем есімдер Оның есімдері» аятын оқып ойланды. «Шынымен де, неткен дұрыс сөздер» деді. Хаббаб бұл сөзді естігенде орнынан атып шықты. Тәкбір айтып, «Сүйінші, ей, Омар! Расулуллаһ Аллаһу та'алаға дұға етіп, «Йа, Раббым! Бұл дінді Әбу Жәһлмен немесе Омармен күшейт!» деген еді. Бұл дәулет, бұл бақыт саған нәсіп болды» деді. Бұл аяти карима мен бұл дұға Омардың жүрегіндегі дұшпандықты өшіріп жойды. Бірден «Расулуллаһ қайда?» деп сұрады. Жүрегінде Расулуллаһқа деген махаббат оты жана бастады. Ол күні Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) Сафа тауының маңындағы Әкрәмнің үйінде сахабаларына насихат айтып жатқан еді. Асхаби кирам жиналып, Оның нұрлы жамалын көру, тәтті, әсерлі сөздерін есту арқылы жүректерін жарқыратып, рухтарын жайландырып жатқан еді. Шексіз ләззат, зауық пен шаттықта көңілдері мың бір хәлге ауысқан еді. Омарды осы жерге алып келді. Омардың қылышпен келгені байқалды. Омар айбатты, күшті болғандықтан асхаби кирам Расулуллаһты қоршап алды. Хазреті Хамза: «Омардан қорқатын несі бар, жақсы ниетпен келсе, қош келді. Болмаса ана қылышын шығармай тұрып оның басын шабамын» деп айтар-айтпас Расулуллаһтың «Жол беріңдер, ішке кірсін!» дегені естілді. (Жалғасы бар...) |
|
Сайтқа енгізілген жаңалықтарды, сұрақтарға берiлген жауаптарды және дiни мерекелерде кұттықтау хаттарды мүшелерiмiзге жiберiп тұрамыз. Дiни сұрақтар үшiн және сайтқа мүше болу үшiн мына адреске хат жолдасаңыз болады: in...@islamdini.kz Егер e-mail адресiңiз сiздiң хабарыңыз болмай бұл сайтқа тiркелген болса немесе сайттан хат алуды тоқтатқыңыз келсе, мына адреске бос хат жолдаңыз: islamdinikz...@googlegroups.com |