|
Әһли хикмет ғұламалар былай деген: Қайтыс болған жақындарымыздың және бүкіл мүминдердің рухтарына бағыштап жүрген хатымдарымыз, Фатиха сүрелері, салауаттар, хатми тәһлилдер – өте маңызды, өте құнды сыйлықтар. Басра қаласында бір жас қыз қайтыс болады. Анасы қызынан айрылғандықтан, өте қатты қайғырады. Он бес күн тоқтамай, күндіз-түні Аллаһу та’алаға «Йа Раббым, маған түсімде қызымды көрсет!» деп жалбарынады. Бірақ түсінде қызын көре алмағандықтан, Хасан Басри хазретке барады. «Ұстазым, білесіз, қызым қайтыс болды, бірақ қызымды түсімде мүлдем көре алмай жүрмін. Енді не істейін, маған бір дұға үйретіңіз, қызым түсіме кірсін» дейді. Хасан Басри хазрет бұл әйелдің түсінде қызын көруі үшін дұға етеді. Сөйтіп «Иншаллаһ, түсіңде қызыңды көресің» дейді. Сол түні анасы түсінде қызын көреді. Бірақ қыздың түрі-көзі айнып кеткен, өте жаман әрі қорқынышты күйде оттың ішінде жанып жатқанын көреді. Анасы бірден шошынып оянады. «Йа Раббым, бұл басыма түскен не деген азап, түсімде қызымды көрмей-ақ қойғанымда ғой, құрыдым-ау» дейді. Қайтадан Хасан Басри хазретке барады. «Ұстазым, қызым отта жанып жатыр екен» дейді. Әрине ол да қатты қайғырады. Бірнеше түн өткеннен кейін бұл жолы Хасан Басри хазрет сол қызды түсінде көреді. Қызды жәннатта ниғметтерге бөленген жағдайда екенін көреді. Хасан Басри хазрет: «Қызым, сен пәлен апайдың қызы емессің бе?» деп сұрайды. Ол: «Иә, мырзам» деп жауап береді. «Анаң сені түсінде көрген екен, отта жанып жатқан едің, енді сенің осындай жәннат ниғметтеріне бөленуіңе не себеп болды?» деп сұраған кезде: «Ұстазым, бір мұсылман біздің мазарға келді. Он бір рет Ихлас және бір рет Фатиха сүрелерін оқыды, тағы он салауат оқып бағыштады. Бес жүзден астам жас қыздар солай жанып жатқан едік. Аллаһу та’ала сол күні бәрімізді кешірді. Ауыр азаптан бізді құтқарды. Әртүрлі ниғметтерге бөлендік» деп жауап береді. Хасан Басри хазрет қыздың анасына жағдайды айтып берген кезде әйелдің жаны рахат табады, өте қатты қуанады. Мазхар Жаны Жанан хазрет мазардың жанынан өтіп бара жатқанда бір әйелдің қабірінде отта жанып жатқанын көңіл көзімен көреді. Қайғыға түседі. Өзі үшін оқыған хатми тәһлилді (жетпіс мың кәлмаи тауһидті) осы әйелдің рухына бағыштайды. Кенет от бірден жоқ болады, қабір жәннат бақшасына айналады. «Әйел жәннат ниғметтеріне қауышқан болса, демек иманы бар екен» дейді. Иманы болмағандарға оқылғандардан пайда тимейді. Сондықтан, оқылған Құран кәрімнің және оқылған дұғалардың сауаптары қайтыс болған жақындарымызға бере алатын өте құнды сыйлығымыз болып табылады. Өлген адамның қабірдегі жағдайы теңізге құлап кеткен, батып өлу қауіпінде болған, «көмектесіңдер» деп айқайлап жатқан адамның жағдайына ұқсайды. Оған қалай көмектесуге болады? «Қырқын күтейік, жылына жетсін, сол кезде келеміз» деуге болмайды. Бір сәтке де кешіктірмей, дереу құтқаруға тырысу керек. Қалай құтқаруға болады? Нан, су берілмейді. Құран кәрім, мысалы он бір рет Ихлас және бір рет Фатиха сүрелерін оқып, рухына бағышталса, оған жәрдем көрсетілген болады. Үш рет Ихлас сүресін оқу бір хатым орнына өтеді. Сүйікті пайғамбарымыз хазреті Айша анамызға «Жатардан бұрын Құран кәрімді хатым ет!» деген кезде «Йа Расулуллаһ, қысқа мерзім ішінде қалай хатым етейін?» деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Үш рет Ихлас сүресін оқы, Құран кәрімді хатым еткен боласың» деді. Бір күні сүйікті пайғамбарымыз хазреті Әбу Бәкр және хазреті Әлимен сұхбаттасып отырған кезде бір сахаба келеді. Хазреті Әлиді көріп дереу сыртқа шығып кетеді. Хазреті Әбу Бәкр алаңдап артынан кетеді. Оған жетіп, араларында мынадай әңгіме болады: – Әли бауырымды көргеніңде реңің өзгеріп, бірден шығып кеттің. Мұның хикметі не? – Әлиге қарызым бар еді, өтей алмадым, оны көрген кезімде қысылғанымнан шығып кетуге мәжбүр болдым. – Қарызың қанша еді? – Бес мың динар. – Фатиха сүресінің жарымын оқып маған бағыштайсың ба? Жарайды дейді де, жартысын оқып бағыштайды. Хазреті Әбу Бәкр екі мың динар беріп: «Енді қалған жартысын оқысың ба?» дейді. Жарайды деп қалған жартысын да оқып хазреті Әбу Бәкрге сыйлайды. Хазреті Әбу Бәкр тағы да екі мың динар беріп: – Бар ақшам осы. Тағы да ақшам болғанда, оны да беретін едім. Бірақ білсең, мен бұл жерде пайда көрдім. Осы қасиетті Фатиха сүресінің қадірін, құнын адамдар білетін болса, тек мал-мүлкін ғана емес, өмірлерін де беретін еді. – дейді. Фатиха сөзі «фәтәха» (ашу) сөзінен шыққан. Фатиха нені ашпайды десеңші?! Жәннаттың есіктерін ашады, адамның көңілін ашады, табыс есіктерін ашады, одан басқа тағы көп нәрселерді аша алады. Өлген адамдарға хатми тәһлил (жетпіс мың кәлимаи тауһид) оқу да өте пайдалы. Имам Раббани хазрет: «Бір кәлимаи тауһид (Лә илаһа иллаллаһ сөзі) таразының бір жағына қойылса, жеті қабат аспан, жеті қабат жер мөлшерінде күнә таразының екінші жағына қойылса, сол сөз қойылған жағы ауыр басады.» – деген. Сондықтан кәлимаи тауһидтің қадірін білуіміз керек. |
|
Сайтқа енгізілген жаңалықтарды, сұрақтарға берiлген жауаптарды және дiни мерекелерде кұттықтау хаттарды мүшелерiмiзге жiберiп тұрамыз. Дiни сұрақтар үшiн және сайтқа мүше болу үшiн мына адреске хат жолдасаңыз болады: in...@islamdini.kz Егер e-mail адресiңiз сiздiң хабарыңыз болмай бұл сайтқа тiркелген болса немесе сайттан хат алуды тоқтатқыңыз келсе, мына адреске бос хат жолдаңыз: islamdini_kz...@googlegroups.com |
|
Адам не істесе де өзі үшін істейді. Жақсылық етсе де өзі үшін, жамандық етсе де өзі үшін. Жақсылықтың ақыры жақсылық болып, жамандықтың ақыры жамандық болып қайтады. Үнемі жақсылық жасауға тырысқан адам құтылады. Жақсылық та, жамандық та жүрекке (көңілге) байланысты. Көңіл таза, жақсы болса, дене жақсы істер істейді. Көңіл бұзық болса бүкіл мүшелер үнемі жаман нәрсе істейді. Хадис шәрифте: «Жүрек (көңіл) бұзық болса, дененің істері де үнемі бұзық болады» делінген. Захири істердің (сыртымыздың, қылықтарымыздың) бұзық болуы көңілдің қараюына жол ашады. Дін ғұламалары: «Адамның сырты – ішінің айнасы» деген. Сондықтан іші нұрлы болған адам сыртқа жарық шашып тұрады. Құран кәрімде: «Лас сөздер лас адамдарға жарасады» делінген. Көзі көрмейтін адамға күннің бар екенін айтып жеткізу мүмкін емес. Дәм білу қабілеті бұзылған, бауыры ауыратын адамға қанттың тәттілігін айтудың пайдасы жоқ. Сол секілді қарайған, лас, ауру рухтарға адамгершілік, кемелдік, үстем қасиеттерді айтып жеткізу де мүмкін емес. Оларға жауап беру – олар пайдалансын деп емес, өзгелердің оларға алданбауы үшін. Дәрі-дәрмек ауруларды өлімнен сақтау үшін шығарылған, өлілерді қайта тірілту үшін емес. Абдуллаһ бин Аббасты бір кісі масқаралаған кезде: «Бір мұқтаждығың, қиыншылығың бар болса, саған көмектесейін!» деп жауап берген. Хазреті Хусейннің ұлы Зәйнәл Абидин Әли хазрет оны жәбірлеген адамға үстіндегі киімін шешіп, сыйға тартқан. Иса алейһиссалам яһудилердің қасынан өтіп бара жатқанда оған өте жаман сөздер айтылады. Иса пайғамбар яһудилерге жақсы және жұмсақ мәміледе жауап береді. Адамдар «Олар саған жамандық жасаса да сен оларға жақсы мәміледе болудасың» дегендерінде: «Әркім өзіндегі барын ұсынады» дейді. Айтқан сөзі мен жазған жазуы адамның айнасы. Көптеген адамдар дұшпанына ашуланған кезде оны өз бойында бар болған жамандықтарды айтып жамандайды. Әр ыдыстан сыртқа ішіндегісі тамады. Төмен, тексіз адамның сөзі де өзі сияқты болады. Ондай лас сөздерге тап болғандар нәжіске түскен гауһартасқа ұқсайды. Ешқашан канализациядан гүлдің иісі шықпайды. Пайғамбарымыз алейһиссалам хадис шәрифте былай деген: «Адамда бір ет бөлшегі бар. Егер ол салих болса, бүкіл дене жақсы болады. Егер ол бұзылса, бүкіл дене бұзылады. Бұл ет бөлшегі – жүрек (көңіл)». Дененің салих болуы үшін жүректің салих, жақсы болуы керек. Жүрек Аллаһу та’аланың сүйіспеншілігіне қауышқанда салих, жақсы болады. Аллаһу та’аланың сүйіспеншілігіне қауышқан жүрек көршісі болған нәпсіге де әсер етеді. Нәпіс аммаралығынан (тәрбиесіздігінен, жаманшылығынан) құтыла бастайды. Осының нәтижесінде Аллаһу та’аланың жақсы көрген нәрселерін жақсы көреді және жек көрген нәрселерін де жек көреді. Соның салдарынан барлық дене мүшелері исламның үкімдеріне мойынсұнуды қалайды және осындай адамнан тек ізгіліктер, жақсылықтар шығады. Адамның жүрегінде (көңілінде) не бар болса, сөйлеген сөздерінде және мінез-құлықтарында да сол нәрсе ортаға шығады. Жүрегін жақсылықтар мен мейірімділіктер қаптаған адам жылы сөзді, көркем мінезді болады. Пайғамбарымыз алейһиссалам: «Жүрек (көңіл) салих болған кезде дене де салих болады» деп айтқан. Көңілдің салих, жақсы болуы үшін иман келтіруі, ислам дінінің әмірлеріне мойынсұнуы және Аллаһу та’аланың сүйіспеншілігі сол көңілге орналасуы керек. Көңіл жақсы болған кезде дене де жақсы, салих болады. Сахабалардың үстем болуының себебі Расулуллаһ алейһиссаламның құзырында және сұхбатында көңілдерінің барлық кірлерден арылып, тазалануынан еді. Істеген амалдарының және сөйлеген сөздерінің құнды болуы әрдайым көңілдерінің салих болуының салдарынан. Сондықтан пайғамбарымыз былай деген: «Басқалар Аллаһ разылығы үшін Ухуд тауындай алтын садақа берсе де, сахабамның Аллаһ жолында берген бір уыс арпа садақасының сауабына жете алмайды». Хазреті Омар қайтыс болғанда оның ұлы Абдуллаһ бин Омар хазрет: «Ілімнің оннан тоғыз бөлігі кетті» дейді. Ол жердегі жастардың бұл сөзге таңқалғандарын көргенде: «Сендер білетін фиқһ және кәлам ілімдерін айтып тұрған жоқпын. Пайғамбарымыздың мүбәрәк жүрегінен тараған батын (ішкі, ләдун) ілімінің, марифаттың оннан тоғызы кетті деймін» деген. Әбу Абдуллаһ Сәжзи былай дейді: «Білімін және дін ілімін дұрыс, жөнді үйренбеген адамның ісі, амалы дұрыс та, жөнді де болмайды. Амалы дұрыс болмаған адамның денесі мен көңілі таза болмайды. Ал көңілі таза болмаған адамның ниеті таза және дұрыс болмайды». Хазреті Убәйдуллаһ Ахрар былай деген: «Тіл – жүректің айнасы. Көңіл де рухтың айнасы. Рух – адамның ақиқатының айнасы. Адамның ақиқаты да Хақ та’аланың айнасы. Білінбейтін ақиқаттар білінбейтін заттан шығып, осы ұзақ жолдардан өтіп тілге келеді. Сөз күйіне еніп, ақиқаттарға сай жаратылысты болған адамдардың құлақтарына келеді». Ахыретте барлық істеріміз үшін сұрақ-жауапқа тартыламыз және әрбір адам айтқан сөздерінің, істерінің есебін береді. Аллаһу та’аланың дініне және құлдарына қызмет ету берумен жүзеге асады, алумен емес. Яғни қызмет етеміз деген адам адамдардан жинап алуды емес, адамдарға таратуды үйренуі керек. Бұл да көңілдің толық сауығуы, яғни Аллаһқа деген махаббаттан басқа нәрселердің ол жүректе мүлдем қалмауы арқылы іске аспақ. Көңіл таза болса, ниеттер де, сөздер де, істер де таза және әдемі болады. Ондай адамның тілі мен қолынан айналасына тек қана мейірімділік мен жақсылық тарайды. Көңіл осылай тазармаған лас қалпында қалған болса, ол адамның ахыретте есебі де өте ауыр болады. |
|
Нақты білмей тұрып, кез келген адам жайлы жаман деп ойлау және солай деп шешім қабылдау жаман мінез болып табылады. Бұлай ойлау харам және үлкен күнә болады. Өйткені Құран кәрімде: «Ей иман келтіргендер, су-и зан етуден (біреу туралы жаман ойлаудан) өздеріңді сақтаңдар! Ойлаудың кейбірі күнә болады» деп бұйырылған. Расулуллаһ алейһиссалам бір хадис шәрифінде: «Су-и зан етпеңдер! Су-и зан қате шешім қабылдауға себеп болады. Адамдардың жасырын нәрселерін іздестірмеңдер, кемшіліктерін көрмеңдер, талас-тартыс, күншілдік және дұшпандық етпеңдер, бір-бірлеріңді шағыстырмаңдар, бір-бірлеріңді бауырдай жақсы көріңдер! Мұсылман – мұсылманның бауыры. Оған зұлымдық етпейді, көмек береді. Оны өзінен төмен көрмейді» деп бұйырған. Кез келген бір мұсылманды күнә істеді деп ойлау, «анық сол істеді» немесе «онсыз да ол адамнан бұдан басқа не күтуге болады» деген секілді ойлармен тұжырымдарға келу су-и зан болып, үлкен күнәға жатады. Мұндай күнәлар тек тәубе етумен кешірілмейді. Өйткені мұндай күнәларға құл хақысы да араласады. Сондықтан тәубе етумен қатар жаман ойда болған адаммен халалдасу (кешірім сұрау, разылығын алу) да керек болады. Көңілге кейбір жаман ойлар келген кезде ауызбен айтпайынша немесе сол ой бойынша әрекет етпейінше су-и зан болмайды. Өзгелер туралы жаман ойда болу және оларды жаман деп білу харам болғанындай, адамдардың жаман ойлауына себеп болатын сөздер айту және сондай әрекеттерге бару да дұрыс емес. Бір күні пайғамбарымыз көшеде жұбайымен сөйлесіп тұрып, қасынан өтіп бара жатқан бір адамға: - Бұл сөйлесіп тұрғаным менің әйелім Сафия, – деді. Әлгі адам болса: - Йа, Расулаллаһ, сізден де күмәндануға бола ма екен? – дегенінде пайғамбарымыз: - Қан тамырда қалай айналатын болса, шайтан да адамның ішіне кіріп солай айналып ойына әсер етеді, көңіліне күмән кіргізеді, – деді. Хазреті Омардың халифалығы кезіндегі күндердің бірінде бір адам бір әйелмен көшеде күмән туғызатындай дәрежеде сөйлесіп тұрады. Мұны көрген хазреті Омар әлгі адамға жақындап, ашулы назармен қарай бастайды. Хазреті Омардың бұлай қарағанынан мән-жайды түсінген әлгі адам: - Бұл әйел маған бөтен емес, менің әйелім, – дейді. Оған хазреті Омар: - Ол сенің әйелің болса, неге күмән туғызатындай дәрежеде алаңдап сөйлесіп тұрсыңдар?!, – деп жазғырады. Ислам ғұламаларының бірі шәкірттеріне дәріс беріп жатып: «Кез келген тақырыпта белгілер мен ишараларға қарап дереу үкім беру, кесіп айту дұрыс емес. Олай істеуден сақтаныңдар, дереу нақты шешім шығармаңдар!» деп мынадай мысал келтірді: «Мәселен үйлеріңе бара жатып, тұмсығына айран жағылған бір иттің үйден шыққанын көрсеңдер және үйге кіргенде айран ыдысы иттің тұмсығы сиятындай ашық тұрса, сонда да өз көздеріңмен көрмегендерің үшін немесе көрген басқа адам болмағаны үшін «Әлгі иттің айранның ыдысына тұмсығын тыққаны күмәнсіз» деп нақты шешім қабылдамаңдар!» деп түсіндірді. Шәкірттерінің бірі ұстазының бұл айтқандарына іштей наразылық білдіріп, көңілінен: «Бұл иттің айранға тұмсығын тыққаны анық болса, неге нақты шешім қабылдауға болмайды?» деген ой өтеді. Ұстазы шәкіртінің бұл ойын біледі, бірақ үндемей қоя салады. Біраз уақыт өткеннен кейін бұл шәкірт қаланың сыртындағы үйінде орманды бір жерде мал сояды. Мал сойып жатып бұл шәкіртті дәрет қысады. Қажеттілігін кетіру үшін қолындағы пышағын тастамай талдардың арасына барады. Сол уақыттарда қалада бір адам пышақталып, пышақтаған адам қашып кеткен болады. Сол адамды іздеп жүрген тәртіп сақшылары талдың арасында қажеттілігін кетіріп тұрған әлгі шәкіртті, тығылып тұрған адам деп ойлап қасына келеді. Қолындағы пышақ пен үстіндегі қан іздерін көріп, қылмыскер адам осы деген оймен шәкіртті алып кетеді. Шәкірт бұл қылмысқа ешқандай қатысым жоқ деп қанша айтса да, қолындағы пышақ пен үстіндегі қан күдік тудырып, тергеуге алынуына себеп болады және қазының құзырына шығарылады. Сол уақыттың қазысы (соты) бұл шәкіртке тағылған айыпты және шәкіртті тыңдағаннан кейін: «Өзінде күдік тудырып тұрған бұл адамның талдардың арасында тығылып тұруы, қолында пышақ, үстінің қан болуы оған деген күдікті арттырып тұрса да, оның пышақтағанын көрген куәгер болмағаны үшін бұл адам айыптан босатылады» дейді. Шәкірт су-и зан етудің жазасынан бірнеше күн қамауда қалу арқылы оңай құтылған болады. Белгілер мен ишараларға қарап шешім қабылдаудың дұрыс болмайтындығын түсініп, ұстазына істеген су-и занына тәубе етеді. Шәмседдин Сиваси хазрет айтады: «Аллаһу та'аланың әмірі бойынша ешкімге су-и зан етпеу керек, хүсни зан ету (жақсы ойда болу) керек. Өйткені өзгелерді тексеруге, тергеуге міндеттелген емеспіз».
Аллаһу та’алаға хусни зан ету керек Тек адамдарға ғана емес, Аллаһу та'алаға да су-и зан етуден аулақ болу керек. Мәселен адамның «менің күнәларым кешірілмейді» деп ойлауы Аллаһу та'алаға су-и зан болып табылады. Өйткені Аллаһу та'ала шарттарына сай жасалған тәубені қабыл ететінін және барлық түрлі күнәні кешіретінін білдіруде. Сондықтан Аллаһу та'алаға әр уақытта хүсни зан ету керек, тәубемді қабыл етіп, мені кешіреді деп ойлау және осылай сену керек. Өйткені хадис құдсида: «Құлым мен туралы қандай ойда болса, онымен ойлағанындай мәміледе боламын» делінген. Тәубесінің және дұғасының қабыл болатынына үміт етіп тәубе еткен адамды да Аллаһу та'ала кешіреді. Хадис шәрифте: «Ант етемін, Аллаһу та'ала Өзіне хүсни зан етіп жасалған дұғаны әлбетте қабыл етеді» делінген. Пайғамбарымыз өлім төсегінде жатқан бір жас жігіттен: - Өзіңді қалай сезінудесің? – деп сұрағанында жас жігіт: - Күнәларымнан қорқып жатырмын, Аллаһу та'аланың мейірімінен де үмітімді үзбей жатырмын, – деп жауап береді. Сонда пайғамбарымыз алейһиссалам: - Осы қорқыныш пен үміт өлім аузында кімде болса, Аллаһу та'ала ол адамға үміт еткенін береді және қорыққанынан сақтайды, – деп бұйырады. Қазы Яхия бин Әксәм хазрет қайтыс болған еді. Бір адам оны түсінде көріп жағдайын сұрағанында, былай деп жауап береді: Аллаһу та'ала менен: - Ей, қарт, бұл жағдайың не? – деп сұрағанында мені үлкен бір үрей қаптап: - Йа, Раббым, маған дүниеде бұлай білдірмеді, – дедім. Аллаһу та'ала: - Қалай білдірді? – деді. Мен риуаятшылардың есімдерін атап шығып: «Мен мұсылман болып шашы мен сақалы ағарған құлыма азап беруге ұяламын» деп бұйырылғанын білдірді, – дедім. Сонда Аллаһу та'ала: - Сен және риуаятшылар садықсыңдар. Мен де сендерді кешірдім, – деп бұйырды. Исраил ұлдарынан бір адам адамдарды Аллаһтың мейрімінен үмітсіздендіріп, оларға үнемі қиындық көрсететін еді. Қиямет күні Аллаһу та'ала бұл адамға: «Сен құлдарымды мейрімімнен үмітсіздендірдің. Бүгін сен де рахметімнен (мейрімімнен) мақұрым қалдың» деп айтады делінген. Адамның өлімі жақындаған сайын Аллаһу та'алаға деген хусни заны көп болуы керек. Яғни мен қанша күнәһар болсам да Аллаһу та'ала мені кешіреді деп үміттенуі керек. Өйткені хадис шәрифте: «Сендерден әрбірің өлім аузында міндетті түрде Аллаһу та'алаға хусни зан етсін» деп бұйырылған. Тағы бір хадис шәрифте: «Аллаһу та'ала: «Мен құлымның ойлағанындаймын. Мені қалай ойласа, солай табады» деді» делінген. Мұсылман адам су-и зан етуші емес, хусни зан етуші болуы керек. Хусни зан – су-и занның терісі, біреу туралы жақсы ойда болу деген сөз. Хусни зан етілу керек болғандардың алғашқысы – Аллаһу та'ала. Хадис шәрифте: «Аллаһу та'алаға хусни зан ету ғибадат болып табылады» делінген. Аллаһтың мейірімінің, кешірімінің мол екенін білу керек. Күнәларымыз көп болса да Аллаһу та'аланың кешіре алатындығын ойлау хусни зан болып табылады. Құран кәрімде: «Ей, күнәлары көп құлдарым, Аллаһтың мейірімінен үміттеріңді үзбеңдер! Аллаһ күнәлардың барлығын кешіреді. Ол шексіз кешірім мен мейірім иесі» деп бұйырылған. Қорыта айтқанда, нақты білмей және көзбен көрмей тұрып ешбір адам туралы жаман ойда болмау керек және ол адамды жаман деп білмеу керек, хусни зан ету керек, яғни ол туралы жақсы ойда болу керек. Өзге адам туралы жаман ойлау дұрыс болмағаны секілді, өзгелердің қате және жаман ойлауына себеп болатын іс-әрекеттер істеу және сөздер айту да дұрыс емес. Бұдан да абай болған жөн. Сондай-ақ Аллаһу та'алаға да хусни зан ету керек, яғни «менің күнәларым қанша көп болса да тәубе еткенімде кешіреді» деп ойлау және осылай сену керек. |