|
Әһли хикмет ғұламалар былай деген: Бізде өте үлкен ақысы болған үш адамның бірі – дүниеге келуімізге себеп болған ата-анамыз. Екіншісі – дінімізді дұрыс үйренуімізге себеп болған ұстаз. Үшіншісі – заттық ризқымызға себеп болған жұмыс беруші бастығымыз. Бір мұсылман өте жетістікті болса, ұстағаны алтын болса, бұл істің түбінде міндетті түрде ата-ананың разылығы, дұғасы бар деген сөз, оларды қатты разы қылды деген сөз. Өйткені Расулуллаһ (салаллаһу алейһи уәсәлләм) «Ата-ананың баласына жасаған дұғасы пайғамбардың үмбетіне жасаған дұғасы сияқты болады, кері қайтарылмайды» деген. Қарғыс та осындай. Бір бала ата-анасының, бір қызметші де жұмыс берушінің дұғасын, разылығын ала алмаса, Аллаһтың да разылығын ала алмайды деген сөз. Яғни бізге келген ниғметтерге себеп болғандарға рахмет айта алмасақ, сол ниғмет үшін жасаған шүкірімізді Аллаһу та’ала қабыл етпейді. Себебі хадис шәрифте: «Жақсылық жасаған адамға рахмет айтпаған адам Аллаһқа шүкір етпеген болады» делінген. Ата-аналарымыз тірі болса, қолдарын сүйіп, көңілдерін аулауға, дұғаларын алуға тырысуымыз керек. Тіпті «Жәннат аналардың аяғының астында» деген хадис шәрифті ұстанып, анамыздың табанын сүюіміз керек. Сонда бізге де бала-шағамыз керекті құрметті көрсетеді. Адам не егетін болса, соны жинайды. Не істесе де, өзіне істейді. Балаларымызға мал-мүлікті, тасты, жерді емес, намазды өсиет қылып қалдыруымыз қажет. Сүйікті пайғамбарымыздың және бүкіл әулиелердің өсиеті намаз болған. Өйткені дұрыс оқылған намаз – барлық дертке дауа. Бір үлкен әулиенің кіші жастағы ұлына жазған өсиетіндегі екі негіз: «1) Талып қалу мен есі ауысып қалудың тысында ешбір уақыт өзіне тән болған намазынсыз өтпеу керек, яғни намазды қазаға қалмау керек. Сондықтан әке хақысы ретінде саған қалдырар өсиетім – құрлықта да, теңізде де, қайда болсаң да, Аллаһтың әмірі болған намазды тәрк етпе. 2) Егер жоғарғы оқу орнын бітіріп, бір кәсіпке ие болмасаң, саған разы болмаймын. Өйткені мен саған өте жақсы діни тәрбие бердім. Осы діни тәрбиені алатын дүниелік білімің мен мәдениетпен біріктіретін болсаң ғана қоғамға пайдалы адам боласың. Діни тәрбие мен дүниелік білім – адамдағы екі қол, екі аяқ, екі көз сияқты. Бірі кем болса, ол адам мүгедек болады». Жан тапсыратын сәтінде де ұлына былай дейді: «Балам, кітаптарыңды ал, былай алдымнан өт! Мен ахиретке кетіп барамын. Аллаһтың алдына барған кезде: Йа, Раббым, мен көзімді ұлымды білім үйренуге жіберіп жатқанда жұмдым, – деймін». |
|
Сайтқа енгізілген жаңалықтарды, сұрақтарға берiлген жауаптарды және дiни мерекелерде кұттықтау хаттарды мүшелерiмiзге жiберiп тұрамыз. Дiни сұрақтар үшiн және сайтқа мүше болу үшiн мына адреске хат жолдасаңыз болады: in...@islamdini.kz Егер e-mail адресiңiз сiздiң хабарыңыз болмай бұл сайтқа тiркелген болса немесе сайттан хат алуды тоқтатқыңыз келсе, мына адреске бос хат жолдаңыз: islamdinikz...@googlegroups.com |
|
Имам Жафәр Садық хазрет үстем табииндердің және ұлы әулиелердің бірі, «Он екі имамның» алтыншысы және «Нақшибандия» жолындағы ғұламалардың төртіншісі. Имамдығы отыз төрт жыл жалғасты. 702 (х.83) жылы Мәдинада дүниеге келді. 765 (х.148) жылы Меккеде қайтыс болды. Риуаят еткен хадис шәрифтерінің біразы төмендегілер: «Аллаһу та'аланың хидаятқа (тура жолға) түсірген адамын ешкім адастыра алмайды. Аллаһу та'ала хидаят бермеген адамын ешкім хидаятқа түсіре алмайды. Сөздердің ең жақсысы – Аллаһу та'аланың кітабы. Жолдардың ең жақсысы – Мұхаммед алейһиссаламның көрсеткен жолы. Амалдардың ең жаманы – бұл жолда өзгеріс жасау. Бидғаттардың барлығы адасушылық». «Білім – қазына. Оның кілті – сұрап үйрену. Білімді талап етіңдер – Аллаһу та'ала сендерге мейірім танытсын. Білім алуда төрт адамға сауап бар: шәкіртке, ұстазға, тыңдағандарға және оларға келгендерге». Риуаят еткен хадис құдсиында «Лә илаһа иллаллаһ сөзі менің қамалым. Мұны оқыған адам қамалға кірген болады. Қамалыма кірген адам азабымнан құтылады» делінген. Ұлына былай насихат айтқан: «Ей, ұлым, өз ризығыңа разы бол! Өз ризығына разы адам ешкімге мұқтаж болмайды. Көзі біреудің мүлкінде болған адам кедей болып өледі. Аллаһу та'аланың ажыратып берген ризығына разы болмаған адам Оның тағдырына, қалағанын жарататынына күдіктенген болады. Өз кемшіліктерін кіші деп көрген адам біреудікін үлкейткен болады. Әрдайым өз кемшіліктеріңді үлкен деп көр. Біреудің жасырын нәрсесін жария қылғанның үйіндегі жасырын нәрселері бәріне жайылады. Бауырына құдық қазған ол құдыққа өзі түседі. Ақымақтардың арасында жүрген адам қор болады, ғалымдардың арасында болған адам құрмет көреді». «Ей, ұлым, адамдарға ашуланудан аса сақтан, әйтпесе саған да ашуланатындар шығады. Бос іс пен сөзге араласудан сақтан, әйтпесе төмен боласың». «Ей, ұлым, бетіне де, сыртынан да ақиқатты, шындықты айт! Осылай істесең, бәрі сенімен ақылдасады, пікіріңді сұрайды». «Ей, ұлым, достық құрған, кездесуге барған адамың жақсы мінезді болсын, жаман мінезділермен достық құрма, олармен кездеспе! Өйткені олар – суы жоқ шөл, бұтақтары жасармаған ағаш, шөп өспейтін топырақ». «Ей, ұлым, Аллаһу та'аланың кітабын оқушы, жақсылықты айтушы, жамандықтан тыюшы, саған келмегендерге сен барушы, сенімен сөйлеспейтіндермен сен сөйлесуші бол! Сұрағандарға сұрағанын бер. Ғайбаттан, өсектен сақ бол. Өйткені сөз тасу адамдардың жүректерінде дұшпандықты арттырады. Адамдардың кемшіліктерін көрме, адамдардың кемшіліктерін көрген адам олардың нысанасы болады». |
|
Дүниеге келген әр жанды азыққа мұқтаж. Ішіп-жемей өмір сүре алмайды. Өсімдіктер, жануарлар және біз – адамдар өмір сүре алу үшін тамақтануға мәжбүрміз. Жануарлар не тапса, соны жей бастайды. Олардың азығының халал немесе харам болуының маңызы жоқ. Ақылдары болмағандықтан, олар жауапкер де емес. Өсімдіктер әрекет ете алмайды, олардың ризықтары түбіне өзі келеді. Олар да келген ризықтарын ажыратып отырмайды. Періштелерде ішу, жеу деген нәрсе жоқ. Олар нұрдан жаратылған, нәпсілері де жоқ, әрдайым ғибадатпен айналысады. Біз – адамдар, тамақсыз өмір сүре алмаймыз. Бірақ мән беруіміз керек болған нәрсе – асқазанымызға түсетін әр азыққа қараймыз, харам болғанынан сақтанамыз. Халал азық табу, өзінің және бағуға жауапты болған адамдарының ризықтарын табу – ғибадат. Хадис шәрифте айтылған: «Халал напақа іздеу әрбір мұсылманға парыз». Басқа бір хадис шәрифте: «Сондай күнәлар бар, олар тек бала-шағаның ризығын халалдан табуда көрген қиыншылықтар арқылы ғана кешіріледі» делінген. Хазреті Омар (радиаллаһу анһ) айтқан: «Жұмыс істеңдер, ешкімге мұқтаж болмай өмір сүріңдер. Жұмыс істемей отырып алып «Йа, Раббым, маған ризық бер» деп ешкім дұға етпесін! Аспаннан алтын да, күміс те жаумайтынын сендер жақсы білесіңдер». Сүйікті пайғамбарымыз алейһиссалам сахабаларымен бірге отырғанда бір жас жігітті көреді, таңертең ерте уақытта жылдам жүріспен базарға кетіп бара жатқан еді. Кейбір адамдар: «Мына жас жігіт жастық шағын, күш-қуатын Аллаһ үшін жұмсағанда жақсырақ болмас па еді?» десті. Мұны естіген пайғамбарымыз алейһиссалам оларға: «Олай айтпаңдар, оның осы құлшынысының өзі ғибадат және Аллаһ үшін саналады» деді. Бір адам Суфиян Сәури хазреттен «Жамағатпен намаз оқығанда қай сапта тұрудың сауабы көбірек болады?» деп сұрады. Сонда оған Суфиян Сәури хазрет «Сен жеген тамағыңа мән бер, халал болсын, одан кейін қай сапта тұрсаң да бәрібір» деп жауаптаған екен. Хадис шәрифте айтылған: «Табысы харам болған адам оны садақа қылып таратса, садақасы қабыл болмайды. Егер өзіне алып қалса, оған бұл табыс тозақ азығы болады.» Қазіргі заманда табысты және азықты халалдан табу өте қиын екенін мойындау керек. Хадис шәрифте бұған ишарат бар: «Үмбетіме сондай бір заман келеді, үш нәрсе өте сирек кездеседі, сол себептен өте құнды саналады: Халал ақша, Аллаһ үшін жақсы көретін дос және бидғаттардан аулақ сенім мен ғибадат». Бәрінен де мұқият болуымыз керек болған нәрсе: асқазанымызға түсетін әрбір азықты, әмиянымызға немесе қалтамызға түсетін әрбір тиынды қадағалап, күмәнді болғандарынан сақтану болуы керек... |
|
Әһли хикмет ғұламалар былай деген: |
Намаз – мүминнің миғражы. Аллаһу та'аланың бұл үмбетке танытқан ең үлкен мейірімі және рақымдылығы, сыйы – намаз. Бір күні Иса алейһиссалам бір жерден өтіп бара жатқанында бір құсты көреді. Құстың нұрлы болғаны соншалық, үстінен шашыраған нұрмен айналасы жарқырайды. Біраз уақыттан кейін бұл құс батпаққа түседі, лайда аунағаннан кейін шығады, үсті-басы лай болады. Құста нұр қалмайды. Құс өзін қинап қасындағы көлге түседі. Көл тап-таза, мөлдір. Ол жақтан үстін сілкіп сыртқа шығады. Үстінде лай қалмайды да, қайтадан бұрынғыдай жарқырай бастайды. Ұшып қайтадан әуелгі жеріне қонады. Иса алейһиссалам бақылап тұрады. Құс қайтадан лайға батып, қап-қара болады. Кейін қайтадан көлге кіріп шығады да, нұр шашырайды. Мұны бес рет қайталайды. Иса алейһиссалам бұл құстың әрекеттерінің хикметін білгісі келеді. Аллаһу та'ала былай білдіреді: «Сен көрген мына әсем, нұрлы құс ақыр заманда келетін сүйіктім Мұхаммед алейһиссаламның үмбетін үлгі қылып көрсетті. Лай – бататын күнә ластығын, ал құс түсіп шығып, оны бұрынғы нұрлы жағдайына келтірген таза, мөлдір су – намазды үлгі қылып көрсетті. Олар таң намазын оқығанда нұр болады. Түске дейін күнәларға батады, лайға түседі, бірақ бесін уақытында намаз оқығанда тазаланып, қайтадан нұрланады. Кейін екіндіге дейін тағы осылай күнәға түседі, екінді намазын оқып, қайтадан тазаланады, нұр шашады. Міне осылай бірде нұр, бірде лай болады. Бұл жағдай күніне бес рет қайталанады. Әр екі намаз уақыты арасында жасаған күнәлары намаз оқыған сайын тазаланады және нұр шашады. Сүйіктімнің үмбетіне осы себептен бес уақыт намазды парыз қылдым.»
Діннің негізі – Расулуллаһқа ұю Аллаһу та'аланың бұл үмбетке танытқан мейірімі мен рақымдылығы көп. Мұның себебі – пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссалам. Сүйікті пайғамбарымызға (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) бағынбастан, Оның әмірлері мен тыйымдарына мойынсұнбай миллиондаған ақша садақа ретінде таратылса, Оның дінін ұстанбай өз ақылымен жылдар бойы ғибадат жасалса, еш пайдасы жоқ. Міндетті түрде Оның әмірімен болуы қажет. Діннің негізі – Оған бағыну. Адамның нәпсі біреуге бағынуды жақтырмайды. Ол өзіне, яғни нәпсіне табынады, өзінікін дұрыс деп санайды. Осы себептен барлық ниғметтерден мақрұм қалады және құриды.
|
|
Әһли хикмет ғұламалар былай деген: |
Дүние – қиял. Өлгеннен кейін баратын екі орын бар. Жәннат және тозақ. Ортасы жоқ. Иман мен күпірдің де ортасы жоқ. Бұл жерде адамның шешім қабылдауы қажет. Екі жол бар, бірі жәннатқа, екіншісі тозаққа алып барады. Бұлардың бірін таңдап, сол жолмен жүру керек. Жолсыз жүру мүмкін емес. Бір сәтте екі жолмен бірден жүру де еш мүмкін емес. Бір уақытта әрі шығысқа, әрі батысқа бара алмаймыз. Әлхамдулиллаһ, біз Аллаһу та'аланы таныдық, иман келтірдік, пайғамбарымыз алейһиссаламға иман еттік, не білдірген болса, бәрін қабыл еттік, ұнаттық, ахирет күніне иман келтірдік, бірақ біз осы иман келтірген жолымызда күнәлар да істеп жүрміз. Онда біздің соңымыз не болмақ? Осы сұрақты бір шәкірті ұстазына қояды: -Ұстаз, біз дінімізде білдірілген барлық нәрсеге иман еттік, осы жолдамыз, бірақ кейде намаз оқып жатқанда тіпті қай рәкатты оқып жатқанымызды шатастырамыз. Намазда әр түрлі мәселелер ойға келеді. Осындай ғибадаттарымыздың ешбірінің қабыл болмағанын ойлап жүрміз. Қызметтеріміз де сондай, ал Аллаһу та'ала ахиретте бізге қалай қарайды? Яғни бүкіл осы қателіктеріміз, бүкіл кемшіліктеріміз бола тұра, біздің жағдайымыз не болмақ? Бұл сұрақ бәріміздің ойымызға келеді. Әулиенің берген жауабы мынадай болды: -Балам, бір шыны су алып кел! Шәкірті дереу жүгіріп барып су алып келеді. Суды беруге төрт-бес қадам қалғанда: -Сол жерде тұр, тоқта, - дейді. Шәкірт тоқтайды. Ұстазы жалғастырады: -Ал қазір бiр қателiк болып, аяғың шалынып, да, ыдыс сынып, ішіндегі су да төгілсе. Яғни суды алып келе алмасаң. Суды маған алып келе жатқаныңда басыңа түскен осы қателiк үшін мен саған ашуланамын ба, әлде жаным ашиды ма? Әрине жаным ашиды, өйткені ол суды сен маған алып келе жаттың, бірақ осылай болды, не істейміз енді. Міне, біздің ғибадаттарымыз да осындай. Аллаһу та'ала да Оған кетіп бара жатқанда жасаған қателіктеріміз бен басымызға келген келеңсiз окиғалардың себебінен ашуланбайды. Оның мейірімі шексіз, ол жанашырлық танытады және кешіреді. Біз тек суды Оған алып баруға тырысайық, соның өзі жеткілікті. Яғни Оған қарай жолғашыққаннан кейін қорқпай-ақ қояйық. Дегенмен Әлиге жұмыс iстеп, ақысын Уәлиден сұрау да дұрыс емес. Аллаһу та'ала жүрекке және ниетке қарайды. «Бұл құлым осы ғибадатты жасап жатыр, бірақ не/кiм үшін? Мына қайырымдылық пен жақсылықты жасап жатыр, бірақ не үшін?» «Мұны не үшін істедің?» деген сұрақ мұсылмандардан ахиретте сұралады. Мұның жауаптары да көп: Не Аллаһ үшін деп жауап бередi немесе танымал болу, не бай болу, яки адамдардың «жарайсың!» деген сөзі үшін деп айтады. Міне осы өте жаман... Сол кезде Аллаһу та'ала ахиретте айтады: «Сен бұларды кім үшін істеген болсаң, бар, жалақыңды содан сұра! Егер мен үшін жасаған болсаң, қателігімен, сауабымен кел, сені кешірейін. Басқа біреу үшін істеген болсаң, неліктен маған келдің?» Сүйікті пайғамбарымыз былай деген: «Аллаһу та'ала сендердің түрлеріңе, көріністеріңе және мал-мүліктеріңе емес, жүректеріңе және амалдарыңа (ол амалды қандай ниетпен, кiм үшін жасағандарыңа) қарайды.» Жасаған амалдары тұрғысынан кәпірлер мен мүминдер арасында айырмашылықтар болады. Кәпірлер барлық жерде әрдайым «Қалай?» деген сұраққа жауап іздейді. Қалай ғимарат көтеріледі, бұл қалай жасалады және т.б. Ал мүмин «Не үшін, кiм үшін?» деген сұраққа өзін дайындайды. Аллаһу та'ала ахиретте құлдарына «Не үшін?» деген сұрақты қояды. Олай болса, айырмашылық осында. Яғни бірі дүниелік, екіншісі ахиреттік болады. Осы тұрғыдан ниеттерді де жөндеу, түзету қажет. Ғұламалар «Аллаһу та'ала беруді қаламағанда еді, қалауды бермес еді» деген. Одан қайырлы өмір, қайырлы өлім тілеу керек. Қайырлы өмірмен қатар қайырлы өлімді де ұмытпау керек. Өлімді еш ұмытпау керек. Аллаһу та'ала не қаласа, сол болады. Мүминге қажетті және лайықты болғаны – ауру мен қиындықта сабыр ету, саулық пен рахаттықта шүкір ету. Олай болса, мүминнің екі қасиеті бар: сабыр және шүкір. Бір қиындық келгенде «Неліктен менің басыма келді?» десе, зиянға ұшырайды. «Бұл Раббымның маған берген ихсаны, сыйы» десе, сол кезде құтылады. Денсаулыққа қауышқан кезде де құтырып кетпеу керек, өйткені көп сау адамдар науқастардан тезірек өле алады. Мүмин әр уақытта және әр жерде Раббымен бірге болуы керек және басына бір қиындық келгенде сабыр етуі керек. Ниғметтерге қауышқан кезде де шүкір етуі қажет, өйткені Аллаһу та'ала шүкір етудің де бөлек сауабын береді. Жақсылықты Аллаһ үшін істеу керек. Жақсылық – саудаласатын зат емес. «Мен саған осыны істедім, ал сен маған не істедің немесе не бересің?» деуге болмайды. Жасағанымызды ұмытып кетсек те, еш күтпеген жерімізде алдымызға шығады. Хазреті Лұқман былай деген: «Екі нәрсені ұмыт, екі нәрсені ұмытпа! Жасаған жақсылықтарыңды ұмыт, байқа, артынша айтып жүрме! Өйткені әр айтып бергеніңде бір мөлшер сауабы азаяды. Ол жазылып қойған сауап, оны ұмыт! Саған жасалған жамандықтарды да ұмыт! Өйткені сабыр еттің, Аллаһу та'ала саған сауап берді, әр айтқаныңда мұны жоғалтасың. Екі нәрсені де ұмытпа! Аллаһу та'аланы және де өлімді ұмытпа!
|
|
Асри саадаттан (пайғамбарымыздың және сахабалардың дәуірінен) алыстаған сайын білім азайып, сауатсыздық, надандық көбейе береді. Надандық көбейген сайын адасушылар тарап, халықты адастыруға тырысады. Хадис шәрифте айтылғанындай: «Қияметке жақын білім азайып, надандық артады. Білімнің азаюы ғалымдардың азаю арқылы болады. Надан дін адамдары өз көзқарастарымен фәтуа беріп, адамдарды тура жолдан адастырады». (Бұхари). Ал надандық деген не және надандардың ең айқын ерекшеліктері қандай? Құнды кітаптарда былай делінеді: Надандар мына төмендегі белгілер арқылы белгілі болады: Біріншісі, барлық нәрсеге ашуланады. Адамға, жануарға, ұнамайтын нәрсесін көргенде барлығына ашуланады. Екіншісі, пайдалы, пайдасыз демей ойына не келсе соны айтады. Ақылды адам мұсылманға жараспайтын пайдасыз сөз айтпайды, керісінше я дүниеге қатысты, я ахиретке қатысты сөз сөйлейді. Үшіншісі, мал-мүлкін пайдасыз жерге жұмсайды. Ахиретте пайдасы тимейтін, тіпті ахиретке зиян тигізетін жерлерге көмектеседі. Төртіншісі, әркімге сырын айта береді. Мұсылман қайда қалай сөйлейтінін, әр сөзді әр жерде айта беру дұрыс емес екенін біледі. Бесіншісі, әр адамға сенім артады. Сенім артатын адамды жақсы тану қажет. Бірнеше рет кездесіп сөйлесу арқылы адамның қандай екенін аңғару қиын. Алтыншысы, досын, дұшпанын білмейді. Мұсылмандарға жарасатыны – досын танып, оған жақындау, дұшпанын танып, одан сақтану. Иса алейһиссалам айтқан: «Аллаһу та'аланы ұмытып айтылған барлық сөз – бос. Тәфәккурмен өтпеген барлық үнсіздік күйі – ғапілдік. Ғибратты болмаған барлық қарау – ойын. Сөзі Аллаһты зікір ету, үндемеуі тәфәккур, қарауы ғибрат болған адамға бұл неткен бақыт!». Рәби бин Хәйсәм хазрет күнде таңертең тұрғанда қағаз бен қалам алып, сол күні айтқан барлық сөзін жазып, кеш болғанда сонымен өзін есепке тартатын еді. Міне, діндар тақуалардың амалы осындай еді. Олар тілін қорғау тұрғысында барлық әурегершілікке түседі. Дүниеде өз-өздерін есепке тартатын еді. Әр адамның өзін есепке тартуы қажет. Өйткені дүниеде өз-өзін есепке тарту ахиретте есепке тартудан әлдеқайда оңай. Әузаи хазрет «Мұсылман аз сөйлейді, көп іс атқарады. Ал мұнафиқ (екі жүзді) көп сөйлейді, аз іс атқарады» деген. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) айтқан: «Бес нәрсе бар, мұнафиқта болмайды. Бұлар: дінде білім иесі болу, тілін бос нәрседен қорғау, күлімдеп жүру, жүрегінде нұр болу және мұсылмандардың арасында сүйікті болу». |
|
Әһли хикмет ғұламалар былай деген: |
Шынайы мейрам – ана дүниеге иманмен кету, соңғы демде Аллаһ дей алу. Бүкіл ғалымдардың, әулиелердің, бүкіл ғибадаттардың, бүкіл кітаптардың, бүкіл құлшылықтардың, ақылға не келетін болса бәрінің бір ғана мақсаты бар. Ол – құлдың мұсылман болуы, яғни иман келтіруі, иманмен өмір сүріп иманмен жан тапсыруы. Пайғамбарымыз: «Иманмен жан тапсыр, қалғанына араласпа» деген. Яғни иманмен өлген адам, біраз қиыншылықтар тартса да, соңында жаннатқа кіреді. Егер кешірім мен шапағатқа қауышатын болса, қиыншылықсыз да жаннатқа кіреді. Раббымыздың мейірімі өте үлкен. Сексен жыл бойы шіркеуде поп болған, Исламды құлатуға тырысқан адамды да, бір калимаи шаһадат айтуымен кешіреді. Тек мұсылман болып иманмен жан тапсырса болды! Құран кәрімде: «Ей күнәсі көп болғандар, Аллаһтың рахметінен үміттеріңді үзбеңдер! Аллаһ бүкіл күнәларды кешіреді. Ол шексіз мағфирет (кешірім) және мейірім иесі» делінген. Пайғамбарымыз бір соғысқа барады және жеңіске жетеді. Асхаби кираммен бірге сол күні демалып, соғыс туралы сөйлесіп отырады. Кенеттен, тұтқындардың арасынан бір әйел жан-жағына бір-екі рет алаңдап алып, сол жерде жаялық ішінде жатқан бір сәбиді қолына алып бауырына басады. Яғни өлімді ұмытады, тұтқындығын ұмытады, бәрін ұмытады. Қуанғанынан есінен алжығандай болады. Сәбиді тапқаннан кейін бір ағаштың артына барып емізеді. Сол жердегі бүкіл Асхаби кирам ол әйелдің қарбаласына қарап отырған кезде, пайғамбарымыз Асхаби кирамға былай дейді: – Әйелдің жағдайын көрдіңдер. Нәрестесін тапқан кезде тұтқындығы да, өлімі де есінен шықты... – Иә солай, йа Расулуллаһ! – Онда мен сендерден сұрайын, бұл әйел бір жоғалтып тапқан бұл сәбиін өз қолымен отқа тастай ма? – Әрине тастамайды. – Аллаһ та тастамайды! Ананың мейірімі, Аллаһу та’аланың мейірім өзенінің тек бір бөлшегі ғана. Бір шәкірт те ұстазына былай дейді: – Ұстазым, ахыретте менің жағдайым не болмақ? Ертең мен ол жерде қалай есеп беремін? – Алдымен сенен бір нәрсе сұраймын, ахыретте сенің есебіңді кім алғанын қалайсың? Анаң ба, әкең бе, әлде Аллаһу та’ала ма? – Ұстазым, қаншалықты жаман адам болсам да, анам мені отқа тастай алмайды. Әкем де еш қия алмайды. – Онда еш қорықпа! Әрине есепті Раббымыз алады, бірақ бұлардың барлығының саған деген мейірімі Аллаһу та’аланың мейірімділік теңізінің бір тамшысы ғана. Ананың мейірімі Аллаһу та’аланың мейірімінің бір түйірі ғана. Әкенікі де сондай... |
|
Адамдарға берілген ең үлкен ниғметтердің бірі – сөйлей алу қабілеті. Тіліміздің арқасында біз дертімізді айтып бере аламыз, білім аламыз және басқаға да үйрете аламыз. Сондай-ақ тіліміздің кесірінен қиындық көріп, басымызға дерт табамыз. Тіл адамды жәннатқа да, тозаққа да жетелейді. Қаншама адамдар бар, аузынан шыққан бір сөздің кесірінен өлтірілген немесе зынданға қамалған. Ал қаншамалары айтқан сөздерімен алғыс жинап, үлкен мәртебелерге қол жеткізген. Иманды бола алу үшін «жүрекпен растағаннан» соң «тілмен бекіту» қажет. Сахих иманға бұл екеуі де қажет. Тіпті қараудың өзі харам болған бөтен әйел бір сөзбен (неке келісімі) бізге халал болып, бір үйде бірге өмір сүреміз. Егер аузымыздан күпірге себеп болатын бір сөйлем шықса, әрі иманымызды, әрі некемізді жаңалауға мәжбүр боламыз. Сондықтан сөйлеуден бұрын сөздерімізді іріктеп, әбден тексеруіміз керек. Хазреті Әбу Бәкір тілінің астына тас салып қоятын, осылайша сөйлеуден бұрын сөздерін іріктеп алуға уақыт табатын. Егер сөзіміз өзімізге немесе өзгелерге пайдасын тигізетін болса сөйлеу керек, егер пайдасыз болса, онда сөйлемеген жөн. Хадис шәрифте былай делінген: «Мүминнің тілі жүрегінің артында. Алдымен ойланады, кейін сөйлейді. Ал мұнафықтың (екі жүздінің) тілі жүрегінің алдында, алдымен сөйлейді, кейін ойланады». Сөйлеп қойғаннан кейін ойланудың не пайдасы бар? Айтылған сөз – атылған оқ. Өкінудің пайдасы жоқ. Біз айтпағандарымыздың иесіміз, айтқандарымыздың тұтқынымыз... Мүмкіндігінше аз сөйлеуіміз керек. Өйткені көп сөйлеу ақымақтықтың белгісі. Адамдар көп сөйлейтін сөзқұмарларды жақтырмайды. Аллаһу та'ала бізге бір тіл және екі құлақ берген. Демек, екі рет тыңдап, бір рет сөйлеуіміз керек. Сондай-ақ тілімізді екі құлыптың артына қойған – тіс пен ерін. Имам Малик хазрет көп сөйлейтін біреуге: «Егер бір айлық сөзді бір күнде айтпағаныңда тәуір адам болар едің» деген екен. Лұқман Хаким ұлына «Балам, шешендер керемет сөйлеуін мақтан тұтады, ал сен керемет үндемеуіңді мақтан тұт!» деген. Хадис шәрифте былай делінген: «Аллаһқа және ахирет күніне иман келтірген адам сөйлейтін сөзіне мұқият болсын. Я дұрыс сөйлесін, я үндемесін. Өйткені ауыздан шыққан әр сөзді періштелер жазып отырады және ол сөздің есебі болады». Имам Ғазали хазрет (рахимәһуллаһ) айтқан: «Көп сөйлейтін адам қиыншылықтан құтыла алмайды, аз сөйлейтін адам қиыншылыққа душар болмайды. Ешкім айтпаған сөзіне өкінбейді». Анадолыда «Пышақ жарасы жазылады, бірақ тіл жарасы жазылмайды!» деген даналық сөз бар. Ибн Аббас хазрет айтқан: «Ойланып сөйлейтін адам – ең ақылды кісі». |
|
Әһли хикмет ғұламалар былай деген: |
Аллаһ деген адамның жәрдемшісі Аллаһ, ақша деген адамның жәрдемшісі болмайды. Ақша, мал-мүлік қайырлы немесе қайырсыз болады. Бұл ақшаны табуға және жұмсауға байланысты. Ақшаның жұмсалған жерінен келген жері белгілі болады. Қайырлы мал-мүлік Аллаһ жолында жұмсалады. Қайырсыз мал-мүлік нәпістің, шайтанның жолында, яғни Аллаһу та'аланың разылығы болмаған жерлерде қолданылады. Ал бұл нәрсе – пәлекет. Ең үлкен байлық – қанағат. Қанағат – Хақ та'аланың бергеніне разылық таныту деген сөз. Көп ақша табуға тырысқан адам бәлкім көп ақша табады, бірақ тозақ отына да ұшырауы мүмкін. Халал мал-мүліктің есебі, харам болғанының азабы бар. Сондықтан ақша қолдану қару-жарақ қолданудай шеберлікті талап етеді. Қолданылуын білмесе, қателікпен атылған оқ біреуді өлтіруі мүмкін, оқты атқан адам да жазаланады. Ал ақшаны қате қолдану одан да жаман, адамды тозаққа жетелейді. Шақиқ Бәлхи хазрет былай деген: 700 ғалымға бес сұрақ қойдым. Бәрінің жауабы бірдей дерлік болды. Мынадай жауаптар берді: 1) «Ақылды деп кімге айтылады?» деп сұрадым. «Дүниелікке мән бермейтін адамға» деп жауап берді. Дүниелікке мән бермейтін адам ахиретке мән береді. Ахиретті маңызды деп санаған адам мәңгі бақытқа кенеледі. 2) «Зерек деп кімге айтамыз?» деп сұрадым. «Алданбайтын адамға» деп жауап берді. Қай мағынада алданбайды? Барлық мағынада алданбайды. Дін мәселелерінде алданбайды, сауда-саттықта алданбайды. Алданбауымен қатар басқаларды да алдамайды. Өйткені дінімізде алдауға да, алдануға да болмайды. 3) «Дәруиш деп кімге айтамыз?» деп сұрадым. «Аллаһу та'аланың разылығын Оның пенделерінің разылығынан үстем санайтын адамға дәруиш делінеді» деп жауап берді. Демек, дәруиш – адамдарды разы қылу үшін емес, Аллаһу та'аланы разы қылу үшін өмір сүреді. Адамдардың талаптары мен қалаулары Аллаһу та'аланың талаптарымен қатар келетін болса, ол әрдайым Хақ та'аланың тарапын таңдайды. 4) «Бай деп кімге айтылады?» деп сұрадым. «Қанағат еткен адамға» деп жауап берді. Адамдардың нәпсі тоюды білмейтін хәюла деп аталатын хайуанға ұқсайды. Ешқашан «Маған осы жетеді» деп айтпайды. Бәрін қалайды. 5) «Сараң деп кімге айтамыз?» деп сұрадым. «Аллаһу та'аланың берген аманатын өзінікі деп санаған, өзіне тиесілі деп ойлаған адамға айтылады» деп жауап берді. Алайда Аллаһу та'ала бұл ниғметтерді қолдансын және пенделеріне берсін деп тапсырды. Бұлардың ешбірі бізде жоқ еді. Аллаһу та'ала берген осы ниғметтерді Оның разылық танытқан, бұйырған жерлеріне жұмсау керек. Оның құлдарының мұқтаждықтарына көмектесуге тырысу керек. Әйтпесе, керісінше жасаудың жауапкершілігі ауыр болады. |
|
Періште – елші, хабаршы немесе қуат деген сөз. Періштелер денеге жатады, өте жеңіл. Газ күйінен де жеңіл. Нұрдан құралған, тірі және ақылды. Адамдардың бойындағы жамандықтар періштелерде жоқ. Олар барлық кейіпке ене алады. Періштелердің барлығын «Мәлаика» деп атайды. Періштелер барлық жандылардан бұрын жаратылған. Сондықтан кітаптарға иман келтіруден бұрын періштелерге иман келтіру білдірілген. Кітаптар да пайғамбарлардан бұрын тұрады. Құран кәрімде де сену керек болғандардың атауы осы ретпен айтылған. Періштелер Аллаһу та'аланың қадірлі құлдары. Олар әмір етілген істерді атқарады, қарсы шықпайды. Ештеңе ішіп-жемейді. Үйленбейді, ер-әйел болып бөлінбейді, балалары болмайды. Илаһи кітаптарды олар әкелген. Сенімді болғандықтан, әкелгендері дұрыс. Мәулана Халид Бағдади хазреттің айтуынша, періштелердің бір-бірінен үстемдіктері бар. Ең үстем төрт періште: Жәбрейіл, Исрафил, Микаил және Әзрейіл (алейһимуссалам). Мәулана Халид Бағдади хазреттің айтуынша, төрт ұлы періштеден кейін үстем періштелер төрт топқа бөлінеді: 1) «Хамәлә-и Арш» деп аталатын төрт періште. 2) Аллаһу та'аланың дәргейінде болатын періштелерді «Муқаррабин» деп атайды. 3) Азап періштелердің үлкендеріне «Кәрубиян» делінеді. 4) Рахмет періштелері «Руханиян» деп аталады. Олардың барлығы періштелердің үстемдері. Жәннат періштелерінің үлкенінің есімі Ридуан. Тозақ періштелері «Зәбани» деп аталады. Олар тозақта әмір етілген міндеттерін атқарады. Тозақ зәбанилерінің үлкендері 19 періште. Ең үлкенінің есімі Малик. Әр адамның жақсы-жаман барлық амалдарын жазатын екеуі түнде, екеуі күндіз келетін төрт періштені «Кирамән катибин» немесе «Хафаза періштелері» деп атайды. Оң жақтағы періште сол жақтағының әмірі (басшысы), ол жақсы амалдарды және ғибадаттарды жазады. Сол жақтағысы жаман амалдарды жазады. Қабірдегі сұрақ періштелері «Мүнкәр және Нәкир» деп аталады. Мұсылмандардан сұрайтындарды «Мубәшшир және Бәшир» деп атайды. Саны ең көп болған жаратылыс – періштелер. Аспанда періштелер ғибадат етпейтін бос орын жоқ. Аспандағы барлық кеңістік рукудағы немесе сәждедегі періштелерге толы. Аспанда, жерде, шөптерде, жұлдыздарда, жандыларда, жансыздарда, жаңбыр тамшыларында, ағаш жапырақтарында, әр молекулада, әр атомда, әр реакцияда, әр әрекетте, барлық нәрседе періштелердің міндеттері бар. Олар барлық жерде Аллаһу та'аланың бұйрықтарын орындайды. Олардың кейбірлері басқа періштелердің әмірі (басшысы). Кейбірлері пайғамбарларға хабар әкеледі. Кейбірлері адамдардың жүректеріне жақсы ой әкеледі, бұл ой «Илхам» деп аталады. Кейбірлерінің адамдардан және бүкіл жаратылыстан хабары жоқ. Олар Аллаһу та'аланың жамалының алдында есінен танған. Әрқайсының белгілі орны бар, сол жерден айрылмайды. (Итиқаднама). |
|
Адам алейһиссаламнан бері әр дінде бір уақыт намаз болған. Барлығының оқығандары жинақталып, Мұхаммед алейһиссаламның үмметіне парыз етілді. Намаз оқу иманның шарты болмаса да, намаздың парыз екеніне сену иманның шарты болып табылады. Намаз – «дұға» деген сөз. Дініміз әмір еткен бұл ғибадатқа «намаз», арабшада «салат» деген атау берілген. Мүкәлләф, яғни ақылы кірген және балиғат жасқа толған әрбір мұсылманның күнде бес уақыт намаз оқуы «Парыз айн» болып табылады. Парыз екені Құран кәрімде және хадис шәрифтерде анық айтылған. Бес уақыт намаз оқу Миғраж түні әмір етілді. Миғраж хижреттен бір жыл бұрын Ражаб айының жиырма жетінші түнінде болған еді. Миғраждан бұрын тек таң және екінді намазы бар еді. Әһли сүннет ғұламалары бір ауыздан «ғибадаттар иманның бөлігі емес» екендігін айтқан. Тек намазда әһли сүннет ғалымдарының мұндай ауызбіршілігі болмады. Өйткені хадис шәрифте: «Мұсылман мен кәпірді ажыратып тұратын жалғыз айырмашылық – намаз» делінген. Намазды біле тұра оқымай, қазасын орындауды ойламайтын және осы үшін азап тартатынынан қорықпайтын адамның иманы кететіні «Хадиқа» кітабында жазылған. Аллаһу та'ала мұсылман болмағандарға намаз оқуларын, ораза тұтуларын әмір етпеген. Бұл әмірлер иман келтіргендер үшін. Кәпірлер намаз оқымағандары үшін, ораза тұтпағандары үшін емес, иман келтірмегендері үшін жаза тартады. “Задул-муқуин» кітабында былай делінген: «Бұрынғы ғұламалар бес нәрсені істемеген адам бес нәрседен құр қалады деп жазған: 1) Мал-мүлкінің зекетін бермеген адам мүлкінің қайырын көре алмайды. 2) Ұшырын бермеген адамның егістігінен тапқан табысының берекесі болмайды. 3) Садақа бермеген адамның денсаулығы қалмайды. 4) Дұға етпеген адам қалағанына қол жеткізе алмайды. 5) Намаз уақыты кіргенде оқығысы келмеген адамның соңғы демінде кәлимаға тілі келмейді». Намаз оқу – Аллаһу та'аланың ұлылығын ойлап, Оның құзырыңда өзіңнің әлсіздігіңді сезіну. Мұны түсінген адам үнемі жақсылық жасап, еш жамандық жасай алмайды. Нәпсіне бағынған адамның оқыған намазы сахих болса да, мұның жемісін көре алмайды. Күніне бес рет Раббының құзырында болатынына ниет еткен адамның көңілі ықыласқа толады. Намазда орындалуы әмір етілген әрбір әрекет жүрек пен денеге пайдалы болуда. Мешітте жамағат болып намаз оқу – мұсылмандардың көңілдерін бір-біріне байлап, бір-біріне бауыр екендіктерін түсіндіреді. Үлкендер кішіге ізетті-мейірімді болады, кішілер үлкендерге құрмет көрсетеді. Байлар кедейдерге және күштілер әлсіздерге көмектеседі. Сау адамдар ауру адамды мешітте көре алмаса, іздеп үйлеріне барады. «Діндес бауырына көмекке жүгірген адамның көмекшісі – Аллаһ» хадис шәрифіндегі сүйіншіге қауышу үшін жарысады. «Қуррәтул-уйун» кітабындағы хадис шәрифте былай делінген: «Намазды үзірсіз (себепсіз) оқымаған адамға Аллаһу та'ала он бес қиыншылық береді. Олардың алтауы дүниеде, үшеуі өлім уақытында, үшеуі қабірде, үшеуі қабірден тұрып жатқанда болады.
Дүниеде берілетін алты азап: 1- Бейнамаздың өмiрiнде береке, бақыт болмайды. 2- Жүзінде Аллаһтың жақсы көретін құлдарындағыдай нұр, сүйкімділік қалмайды. 3- Ешбiр жақсы, игi iсiне сауап берілмейді. 4- Дұғалары қабыл болмайды. 5- Оны ешкiм жақсы көрмейдi. 6- Мұсылмандардың игі дұғаларының оған пайдасы тимейдi.
Өлер алдында көретiн азаптары: 1- Қиналып, қорланып жан тапсырады. 2- Қарны аш болып өледi. 3- Көп су iшсе де шөлдеу азабымен өледі.
Қабiрде берілетін азаптар: 1- Қабір оны қатты қысады. Сүйектерi бiр-бiрiне кiрiп кетедi. 2- Қабiрi отқа толтырылып, күндiз-түнi оны жағады. 3- Аллаһу та’ала қабiрiне дүниедегi жыландарға ұқсамайтын өте үлкен бiр жылан жiбередi. Әрбiр намаз уақыты кіргенде оны шағып қинайды.
Қияметте көретiн азаптары: 1- Тозаққа алып баратын азап перiштелері қасынан айрылмайды. 2- Аллаһу та’ала оны ашумен қарсы алады. 3- Есебi өте қиын болып, соңында тозаққа тасталады».
Қорыта айтқанда бес уақыт намаз оқу еркек-әйел барлық мұсылмандарға парыз болып табылады. Парыз намазын оқымау имансыз кетуге себеп болады. Намаз оқу – көңілдің нұрлануына және мәңгі бақытқа қауышу үшін себепші. Пайғамбарымыз: «Намаз – нұр» деген. Яғни намаз дүниеде жүректі нұрландырып, ахиретте сырат көпірінде жолын жарықтандырады. |
|
Әһли хикмет ғұламалар былай деген: |
Мата сатумен айналысатын бір жас жігіт бар еді. Жұмысының көптігін сылтау етіп, ылғи намаздарын соңғы уақытына дейін кешіктіретін еді. Намаздарын дүкеніне жақын орналасқан мешітте намаз уақытының шығуына аз уақыт қалғанда оқып үлгеретін еді. Бір түні түсінде өзінің өлгенін, есепке тартылу үшін мизан таразына әкелінгенін көреді. «Ғибадаттарымды орындадым, харам істемедім, есебім оңай өтер» деп үміттеніп тұрады. Періштелер алдымен онда иман мен дұрыс ақида (сенім) іздейді, бірден табады. Содан соң намаздың реті келеді, бірақ әбден іздесе де таба алмайды. «Мен ешбір намазымды қазаға қалдырмадым, міндетті түрде табуларың керек» деп айқайлайды. Ақыр соңында періштелер «Ренжіме, сен оқыған бірде-бір намазды таба алмадық. Енді сені тозаққа тастаймыз» деп бір биік тауға шығарады. Бұл арада қатты абыржып, әбігерге түседі. Жігіт тыпырлап «Жоқ, мұнда бір қателік бар, мен ешқашан намаздарымды қалдырмадым» деген болса да оны тыңдамайды, таудың төбесінен төмендегі тозаққа тастайды. Кенеттен нұрлы жүзді бір кісі шығады, құлап бара жатқанында ұстап алып «Мен сенің оқыған намаздарыңмын» дейді. Жігіт сасқалақтап «Мен қатты абыржыдым, сәл болмағанда тозаққа түсер едім, неге соншама кешіктің?» деп сұрайды. Ол «Сен де мені үнемі соңғы уақытқа дейін кешіктіретін едің» дейді. Жас жігіт осы күннен кейін намаздарын уақыты кіруімен оқитын болады.
Салихтармен бірге болу Салих (жақсы) мұсылмандармен бірге болу керек және әрдайым Әһли сүннет ғалымдарының кітаптарын, нақылды негізге алған дұрыс дін кітаптарын оқу керек. Шайтан сыртта қалған немесе басқаша ойлайтын, көңілімен шынайы сенбеген адамға уәсуәса береді. Отарынан айрылған қойға қасқыр шабады. Салихтардан мүлдем ажырамау керек, өз басынша әрекет етпеу керек. Адамға шабатын қасқыр - шайтан, яғни бөлектену, басқаша ойлау, басқа сезімдердің ішінде болу – шайтанға жем болу деген сөз. Шайтан көңілге уәсуәса (жаман ой) береді, себебі оның жұмысы осы. Бір әулиеден «Мырзам, көңіліме өте жаман ойлар келе береді, қатты қорқамын. Бұдан құтылудың шарасы бар ма?» деп сұраған кезде, былай деп жауап береді: «Шайтан өз міндетін атқарып жатыр. Сен оның тірлігіне араласпа, сен өз тірлігіңді істе! Шайтан сені адастырмақ болса, сен де өзіңді құтқаруға тырыс, салихтармен бірге бол, сені жаратқанға сыйын! Көрейік, шыдай алады ма екен? Сүйікті пайғамбарымыз «Шайтан адамның көңіліне уәсуәса береді. Бірақ, Аллаһ еске алынған кезде қашады» деген. Сен сол сәтте Аллаһ де! «Кәлима-и тәуһид» айт, салауат айт немесе илмихал кітабын оқы, бір нәрсемен айналыс, яғни терісін жаса! Сол кезде жаман ойлардың бәрі кетеді. Шайтан уәсуәса беру үшін жаратылды, мен адамдарды адастырамын деп рұқсат сұрады, Аллаһу та’ала рұқсат берді, бірақ «Сен менің құлдарымды адастыра алмайсың, сен өзің сияқтыларды ғана бұзасың» деді. Менің құлым дегендері – салихтар». |
|
Әһли хикмет ғұламалар былай деген: |
Адамдар дініміз көрсеткен бақыт жолынан айрылғандықтан, әлемде берекет қалмады, ризықтар азайды. Күнә істеу ризықтың азаюына себеп болады. Ризықты беретін Хақ та’ала «Мені ұмытсаңдар ризықтарыңды азайтамын» деген. «Жоқ қыламын» демегеніне шүкір. Құл бір күні Аллаһты есіне түсіруі мүмкін деп есік толығымен жабылмаған. Бұл заманда фитнадан, пәлекеттен, сиқырдан сақтану қиын. Имансыздық артқан сайын әртүрлі пәлекет бірге келеді. Аллаһу та’аланың әмірлері мен тыйымдарына бағынылмаса, мысалы бес уақыт намаз оқылмаса, пәлекетті тоқтату мүмкін емес болады және төрт түрлі ризық азаяды: 1) Иман ризқы азаяды: Иман қауіпке түседі. Имансыздық артады, күпір мен пәлекет жайылады. Иманды қорғау үшін Аллаһу та’аланы ұмытпау керек. Қажетінен артық қолданылатын технология мен үлкен жылдамдық адамдарға Аллаһты ұмыттырады. Және сәйкесінше имансыздық қаупі пайда болады. Ұшқыш ұшқыштық икемін, жүргізуші көлік айдау икемін ұмытса, апатқа түседі. Бүгінде халал-харам бір-біріне араласқан, иман әр сәтте жоғалуы мүмкін. Бір харамға мән берілмесе немесе бір парыз маңызсыз деп саналса күпір болады. 2) Денсаулық ризқы азаяды: Аурулар көбейеді. Бүгінде медицина технологиясының дамуына қарамастан аурулар азаймады, керісінше күннен күнге артып барады. Әһли сүннет ғалымдары «Бисмиллаһсыз піскен және бисмиллаһсыз желінген тамақ ауруға шалдықтырады» деген. Сыртта бисмиллаһ айтылып даярланған тамақ табу қиын, ғұсылсыз істелгендер де көп. 3) Мал-мүлік ризқы азаяды: Күн көру қиыншылығы артады. Алған ақшасының қайырын көрмейді. Тапшылық болады, мал-мүлік жиналмайды. Молшылық болса, онда бәрі қымбаттайды. Бұрыңғы замандарда бір үйде бір адам ғана жұмыс істейтін, бәрі рахат өмір сүретін еді. Ал қазір күйеуі, әйелі, бала-шағасы жұмыс істесе де бәрі қарыздар болып жүр. Себебі, ысырап көп, ал Аллаһтан қорқу жоқ. 4) Адамгершілік пен мейірім ризқы азаяды: Мазарда жатқандар өкінген нәрселер үшін дүниедегілер бір-бірін жеп қоятындай болып жүр. Қазіргі таңда мейірім қалмады. Бәрінің нәпсі сөйлейді, «Мен» дейді. Мейрам күндері үйге қонақтар келеді деп қашатындар бар. Жолда жараланған немесе ауырып қалған адамдар болса «Басыма бәле табамын» деп дереу ол жақтан ұзақтайды. Бір нәрсе сұрайды деп сәлем беруден бастартады. Ешбір өтемсіз сыйлық беру былай тұрсын, жәрдем беру, қарызға ақша беру де жоқ. Көршілер арасында бұрыннан қалыптасып қалған құрмет пен сүйіспеншілік сезімдері, жақындық қалмаған, тіпті көпқабатты үйлерде де достық, көршілік қалмады. Бұлардың бәрінің себебі – Аллаһу та’аланы ұмыту. |
|
Әһли хикмет ғұламалар былай деген: |
Мүбәрәк бір кісі елінің сұлтанына мына нәрсені айтып береді: Пайғамбарымыз алейһиссалам қайтыс боларына жақын Біләл Хабашиге былай деді: Йа Біләл, үмметіме айт, мына үш нәрсені орындаса, барлық істерінде жетістікке жетеді: 1) Не істесе де тек Аллаһ разылығы үшін істесін. Адам әрбір жұмысын мына екі мақсаттың бірімен іске асырады: Аллаһ разылығы үшін немесе нәпістің, яғни адамдардың разылығы үшін. Адамдардың разылығын таңдағандардың шаруасын Аллаһу та'ала адамдарға тастап қояды. Аллаһтың разылығын көздегендерді Өз панасына алады. Кім Аллаһ үшін болса, Аллаһ та сол адам үшін болады. Айналасындағы адамдар Сәйид Абдулқадир Гейлани хазреттеріне «Сіз қандай мүбәрәк адамсыз!» дейді. Абдулқадир Гейлани хазреттері: «Сендер қайдан білесіңдер?» дейді. Адамдар: «Жұрттың бәрі сізді жақсы көріп, мақтайды» деп жауап береді. Сонда Абдулқадир Гейлани хазреттері былай дейді: «Біз, адамдар бізді жақсы көрсін деп мұсылман болмадық. Аллаһ жақсы көрсін деп мұсылман болдық. Бұл адамдарға сенім жоқ. Бүгін жақсы көрсе, ертең жамандап жатады». 2) Әрқашан татулық, бірлік ішінде болсын. Бірлікте рахмет, бөлінуде азап бар. Бірлікте қуат, бөлінуде пәлекет бар. Бірліктен мақсат денелердің бір жерде болуы емес, көңілдердің бірге болуы, мақсаттың бір болуы. Мақсаты Аллаһтың разылығы болғанның жүзі ақ болады, оның көмекшісі – Аллаһу та'ала болады. 3- Ешқашан туралықтан шықпасын. Аллаһу та'ала дұрыс (адал) адамдардың жәрдемшісі. Пайғамбарымыз алейһиссалам мұсылманды «Қолынан және тілінен (ешкімге зиян тимейтін) сенімді адам» деп сипаттаған. Мұсылман – адал, әдепті, дұрыс адам деген сөз. Мұсылманның өзі тура, сөзі тура, ісі, амалы тура, барлық нәрсесі дұрыс, көзі мен көңілі тоқ адам, онда суайттық, қулық болмайды. Дұрыстық, адалдық оның белгісі және саламаты. Осы кезде сұлтан: «Барлық адамға жақсылық жасаудамын, бірақ, кейбірінен дұшпандық көремін. Олар неге бұлай істейді?» деп сұрайды: Мүбәрәк кісі былай деп жауап береді: Мырзам, мұны пайғамбарымыз алейһиссалам былай ашықтаған: «Жақсылық жасағандарыңа қатты мұқият болыңдар! Сендерге бір зияны тиюі мүмкін». Егер жақсылық жасаған адамың пасық болса немесе дін мен иманды білмейтін болса, жақсылығың оған кері әсерін тигізуі мүмкін. Тәтті тағамдардың қант диабетімен ауыратын адамға тигізетін зиянындай. Сондықтан жақсылық жасаған адамадарымызға қатты мұқият болуымыз керек. Сұхбатта осы мүбәрәк кісінің ұлы да бар еді. Сұлтан бұл кісілерді шығарып салады. Жолда кетіп бара жатып баласы әкесіне: «Әке, сіз сұлтанға тек дін туралы насихат айттыңыз. Дүние тірліктері, саясат туралы айтпадыңыз ғой» дейді. Әкесі: «Ұлым, біздің басқа қазынамыз жоқ. Ыдыстан ішінде не бар болса, сол құйылады. Бізден де осылар құйылды» деп жауап береді. |
|
Әһли хикмет ғұламалар былай деген: |
Адам – әлсіз пенде деген сөз. Қай мүшемізге, қай табиғат шарттарына, не нәрсеге иеміз? Әр ісімізде, әр сәтте Аллаһу та’аланың жәрдеміне мұқтажбыз. Әулиелер ғафлеттен (көңіл ұйқысынан) ұзақ болады, Аллаһу та’аланы бір сәтке де ұмытпайды. Біз қиындықпен еске түсірсек те, тіпті намаздың ішінде ұмытып кетсек те, егер жасаған ісіміз раббымыздың разылығына сай болса, Хақ та’ала әр сәтте Оны еске түсіргендей сауапты бізге береді. Оның разылығының тысында жасалатын әрбір іс – пәлекет. Өйткені бір іс не Оның разылығына сай, не нәпсіміздің қалауына сай орындалады. Бұдан басқаша болмайды. Адам не жәннатқа, не тозаққа түседі. Аллаһу та’ала өзінің разылығын көздеп жасалған істер үшін жәннатты, нәпсани істер үшін тозақты жаратқан. Адамның бір істі, бір ғибадатты қандай мақсатпен орындағандығы сырттан қараумен аңғарылмайды. «Аллаһу та’ала сендердің түрлеріңе, көріністеріңе және мүліктеріңе емес, көңілдерің мен амалдарыңа, ол істі қандай ниетпен орындағандарыңа қарайды» хадис шәрифінде жасалған істің емес, ол істі жасаудағы мақсатының маңызы білдірілуде. Аллаһ жолында жанын құрбан ету ісі болса да, оның қандай ниетпен жасалғаны маңызды. Себебі бір соғыста «Пәлен қаһарман алдынан шыққан дұшпандардың бәрін өлтіріп жатыр, қандай тамаша жиһад атқарып жатыр» делінген кезде, сүйікті пайғамбарымыз «Ол адам мұнафық (екіжүзді)» деген. Ол адам дүниелік үшін соғысып жүрген екен. Жараланып жерге құлаған кезінде қасына келгендер «Қандай тамаша жиһад жасадың, мұңайма!» деген кезде «Мен жиһад үшін соғыспадым. Бұлар келіп біздің мал-мүлкімізді, құрма бақтарымызды тартып алмасын деп соғыстым» дейді. Бұл оқиғаның көрсетіп тұрғаны, Аллаһу та’ала қаласа күнәһарды да, кәпірді де бұл дінге қызмет еткізеді. Осы себептен әр істе, әр уақытта қорқуымыз және алаңдауымыз қажет. Бір кісі ең үлкен сауапты тірліктің басынды тұрған болса да, оның ісі кепілді бола алмайды. Себебі құл Аллаһу та’алаға лайықты ғибадат жасай алмайды, арасында қателік бола алады. Сондықтан пайғамбарымыз «Ғибадат ет, жиһад жаса, намаз оқы, не істесең соны істе, бірақ артынан дереу тәубе-истиғфар жаса!» деген. Өйткені нәпіс азғындап құтыруы мүмкін. Бір әулие кісіден «Сіз нәпсіңізді тәрбиелеген болсаңыз да, неліктен әліге дейін онымен күресесіз?» деп сұралған кезде, «Бұл нәпіс өлгенге дейін адамның артынан қалмайды. Жетпіс жыл бағынады, жетпіс бірінші жылы екі секундта адамды бұзады. Бір ужб (өзін ұнату), бір тәкәппарлық оның ісін бітіруі мүмкін. Осы тұрғыдан нәпісті өз еркіне қалдыруға болмайды» деп жауап береді. |
|
Құнды діни кітаптардың барлығында «Өліге арнап жасалған ғибадаттың, қайырымдылықтың, оқылған Құранның, салауаттың, тәсбихтердың сауабы, етілген дұғалар өліге барады» делінеді. Өліге арнап Құран кәрім, салауат, тәсбих оқып сауабын бағыштауға, дұға етуге, құрбандық шалуға, оның атынан нәпіл қажылыққа баруға, садақа беруге, мешіт, мектеп салу секілді қайырымдылықтың сауабын бағыштауға болады. Хадис шәрифте былай делінеді: «Өлі қабірінде теңізге құлап, батып бара жатқанда көмек сұрап айқайлаған адамға ұқсайды. Батып бара жатқан адам кім құтқарады екен деп біреуді күткеніндей өлі де ата-анасы, бауыры, достарынан келетін дұғаны күтеді. Оған дұға келгенде дүниеге және дүниедегілердің барлығына қауышудан да көбірек қуанады. Аллаһу та'ала өмір сүріп жатқандардың дұғаларының себебімен өлілерге таудай рақымдылығын береді. Тірілердің өлілерге сыйлығы – олар үшін дұға мен истиғфар ету». (Дәйләми). Бір күні хазреті Әнәс «Йа, Расулаллаһ, өлілеріміз үшін жасаған дұғаларымыз, берген садақаларымыз, барған қажылықтарымыз секілді амалдарымыздың сауабы оларға жетіп бара ма?» деп сұрағанда «Иә, өлілерге жетіп барады. Сендерге табақпен сыйлық келгенде қалай қуансаңдар, олар да солай қуанады» деді. (Рәддул мухтар). Кейбір адасқан сенімдегілер айтып жүрген «Өлі топыраққа айналып кетті» деген сөздің мәні жоқ. Сауап денеге бара ма? Сауаптың бәрі рухқа тиеді. Ал рухтар өлмейді. Қабірде топыраққа айналған өлі оған берген сәлемге жауап береді. Өйткені өлген рух емес, дене. Хадис шәрифте айтылған: «Өлі зиярат етіп келген адамын таниды және сәлеміне жауап береді». (Ибн Әбиддуния). Өліге Құран оқылғанда оның сауабы көбейеді. Өлі өте күнәһар болып, азабы ауыр болса, Құран оқылғанда оның азабы жеңілдейді. Хадис шәрифтерде былай делінеді: «Өліге Ясин сүресі оқылса, азабы жеңілдейді». (Дәйләми). «Ата-анасының немесе біреудің қабірін әр жұма күні зиярат етіп, «Ясин» сүресін оқыған адамға Аллаһ Ясиндегі әрбір әріп санындай кешірім танытады». (И.Рафии). «Кімде-кім мазардың қасынан өткенде он бір рет «Ихлас» сүресін оқып, сауабын өлілерге бағыштаса, оған өлілердің санындай сауап беріледі». (Әтфал-ул мүслимин Имам Биргиуи). Мазарда Құран кәрім оқу сүннет. (Сәйид Ахмед Тахтауи). Мазарда дауыстап немесе іштей «Мүлк» сүресін немесе басқа да сүрелерді оқуға болады. (Захира). Құран кәрімнің дауысын естіп өлінің рахаттануына ниет еткен адамның дауыстап оқуына болады. (Хания). Осыншалықты құнды деректен аңғарылғаны бойынша мұсылман өлілерге жіберілген дұға, қайырымдылық және әр түрлі сауап оларға жетіп барады. |
|
Әбу Исхақзада Исхақ хазрет Осман империясының 83-ші шәйхулисламы. 1090 (м.1679) жылы Стамбұлда дүниеге келді. Медресені бітірген соң мұғалім, Стамбұл қазылығы, Анадолы мен Румелі әскери қазылығынан кейін шәйхулислам қызметтерін атқарған. 1147 (м.1734) жылы Стамбұлда қайтыс болды. Бір дәрісінде былай деген: Тамақтану (ішіп-жеу) әдебі: Аллаһу та'ала Құран кәрімде «Ішіп-жеңдер, ысырап етпеңдер. Өйткені Аллаһу та'ала ысырап етушілерді жақсы көрмейді» (Араф-31) деген. Ал пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) хадис шәрифте: «Араларыңнан бірің бір нәрсе жейтін кезде «Бисмиллаһир рахманир рахим» деп айтсын. Егер басында бисмиллаһ айтуды ұмытып, кейіннен есіне түсірсе, «Бисмиллаһи әууәлуһу уә ахируһу» деп айтсын» деді. Тағы пайғамбарымыз ас ыдысын көрсетіп «Мұның шетінен жеңдер. Ортасынан жемеңдер. Өйткені берекет астың ортасына түседі» деді. Ризық мәселесін көп ойламау, уайымдамау керек. Бүкіл уақытты сонымен өткізбеген жөн. Аллаһу та'ала Құран кәрімде «Небір жануарлар бар, өз ризықтарын жүктеп тасуға шамалары жетпейді. Оларға да, сендерге де ризықты Аллаһу та'ала береді. Аллаһу та'ала Сәми, Алим» деген (Анкәбут 60). Тамақтанған кезде аштықты басуға, нәпсіне хақысын беруге, ғибадат пен ізгі амалдарды орындауға күш-қуат жинауға ниет етіледі. Тамақты тек ләззат алу ниетімен жеуге болмайды. Пайғамбарымыз (алейһиссалам) хадис шәрифте «Нәпістің адам мойнында хақысы бар» деген. Ұлы ғұламалардың бірінен «Тасаууф ғалымдары қалай тамақтанады?» деп сұралғанда «Науқастың шипа алу үмітімен дәрі қабылдауы секілді» деп жауап берген екен. Тамақтанған кезде асқазанның үштен бірін тамаққа, үштен бірін суға, ал қалған үштен бірін ауаға ажырату қажет. Ас дайын болғанда күтпеген жөн, уақытты тамақтанумен өткізбеу керек. Тамақты қалыпты уақыт ішінде аяқтау қажет. Тамақтанған кезде ешбір тағамды жамандамау керек. Әбу Хурайра (радиаллаһу анһ) «Расулуллаһ ешбір тағамды мүлде жамандамады» деген. Қарын ашпай тұрып тамақтанбай, тек қарын ашқан кезде ғана тамақ жеу керек. Пайғамбарымыз хадис шәрифте: «Жеген тамақтарыңды Аллаһу та'аланы ойлап және намаз оқу жолымен қорытыңдар. Тоқ күйде ұйықтамаңдар. Әйтпесе жүректерің қатаяды» деді. Тамақты жалғыз жемеген жөн. Отбасымен немесе достармен бірге жеу керек. Өйткені Расулуллаһ хадис шәрифтерінде айтқан: «Ең қайырлы ас – көп адаммен бірге жеген ас». «Достармен бірге тамақтану шипа болады». |
|
Әһли хикмет ғұламалар былай деген: |
Жақсы мінезді болу керек, елдің бәріне жақсылық жасау керек. «Ол жақсылыққа лайықты емес қой» деп жақсылық жасаудан бастартпау керек. Алдымызда кім болса да, біз өз-өзімізге қарауымыз керек. Ешқашан қан қанмен, зәр зәрмен тазаланбайды, екеуі де сумен тазаланады. Біз су сияқты болайық, ол не болса да өзі білсін! Адамдардың мінезі мен абыройы қай дәрежеде болса, соған сай сөйлейді және әрекет етеді. Пайғамбарымыз алейһиссалам «Әр ыдыстан, ішінде не бар болса, сыртына сол нәрсе ағып шығады» деді. Су ыдысынан су, шарап бөтелкесінен шарап ағады. Яғни ыдыста не бар болса, сыртқа сол нәрсе ағады. Адамда да жүрек деп аталатын бір ыдыс бар. Мұны немен толтырсақ, аузымыздан сол нәрсе шығады және істегендеріміз де соған сай болады. Мысалы, жүректе жомарттық бар болса, адам қолындағы бәрін беріп жібереді. Осы жүректе қандай жақсылық бар болса, айналамыздағылармен соған сай қарым-қатынас жасаймыз. Ал егер ішіміз күнә, бұзылғандық, кек, ашкөздік, зорлық сияқты жаман нәрселерге толы болса, онда қоршаған ортаға әрдайым зиян келтіретін адам боламыз. Кейбір әулиелер кейде сондай адамдармен серіктестік құратын еді, шәкірттері түсіне алмайтын еді. Тіпті кейбір шәкірттері «Бұл адаммен бірігіп жұмыс атқаруға болады ма екен?» деп күмәнға түсетін еді. Алайда сол бірігіп жұмыс істеген жаман мінезді адамдар, өмірі бойы, әрдайым сол әулиелерге дұға етіп өткен. Өйткені олар да адам, бір жақсылық көрген кездерінде олар да таңданады және мінездері өзгереді. Бір күні бір адам Иса алейһиссаламды өте қатты жәбірлейді, жаман сөздер айтып балағаттайды. Ең соңында Иса алейһиссалам «Маған айтатындарың бітті ме?» деп сұрайды. «Бітті» деген жауапты алғаннан кейін: «Мен пайғамбармын. Егер ауруың бар болса, дұға етіп, жазылып кетуіңе себеп болайын. Ақшаң жоқ болса, ақшамен қамтамасыз етейін. Қайғың бар болса, шарасын табайын. Менен не қалайсың?» дейді. Әлгі адам мұндай жауапқа таң қалып, сасқалақтап, не істерін білмей қысылып, ол жерден кетіп қалады. Иса алейһиссалам жаман балағаттарға қарсы өте жақсы сөздер айтады. Шәкірттері Иса алейһиссаламға «Бұл кісі сізді балағаттады. Ал сіз оған керісінше жақсы нәрселер айттыңыз, оның үстіне оған жәрдемші болғыңыз келді. Мұның хикметі не?» деп сұрады. Сонда: «Әркім бойында не бар болса, соны береді. Әркім өзінің қасиетін қолданады. Оның қасиеті сондай, менің қасиетім осындай. Оның қасиеті менде жоқ, менің қасиетім оның бойында жоқ. Мен ол сияқты бола алмаймын» дейді. |
|
Асри саадаттан (пайғамбарымыздың және сахабалардың дәуірінен) осы күнге дейін мыңдаған әһли сүннет ғалымы келді. Төрт хақ мазһабтың бірін ұстанатын ешбір ислам ғалымы шапағатты жоққа шығармаған. Бірақ жаңадан тараған кейбір мазһабсыздар шапағатты жоққа шығаруда. Имам Ағзам хазрет, төрт хақ мазһабтың имамдары және әһли сүннет ғалымдардан шапағатты жоққа шығарған бірде-бір адам жоқ. Болуы да мүмкін емес. Бүкіл муфәссирлер (тәфсиршілер), мухаддистер (хадис ғалымдары) және фақиһтар (фиқһ ғалымдары) секілді төрт мазһаб имамы да шапағаттың хақ екенін айтқан. Бүкіл ғалымдардың ең үлкені Имам Ағзам хазрет «Пайғамбарлар, ғалымдар және салихтар күнәһарларға шапағат етеді» деген. (Фиқһ-и әкбар). Бүкіл фиқһ кітаптарында шапағатты жоққа шығарған имамға ұйып намаз оқуға болмайтыны жазылған. Шапағатты мойындамайтын имамның артында оған ұйып намаз оқуға болмайды. (Халеби). Шапағатты, кирамән катибин періштелерін немесе руятуллаһты (жәннатта Аллаһу та'аланы көруді) жоққа шығаратын адамға ұйып намаз оқуға болмайды. Өйткені ол күпірлікте. (Нимәт-и ислам). Миләл-Нихал кітабында «Расулуллаһтың шапағат ететініне, кирамән катибин періштелеріне және жәннаттағы руятқа сенбейтін имамның артында намаз оқуға болмайтыны Хуласа кітабында жазылған» дейді. (С.Әбәдия). Шапағат – күнәһарлардың кешірілуі үшін арашы болып, оларды құтқару үшін Аллаһқа жалбарыну деген сөз. Діни кітаптарда хабар берілгені бойынша пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) шапағаты былай болады: 1) Махшарда күту азабынан құтқарады (Мақам-ы Махмұд шапағаты). 2) Көп адамды есепсіз жәннатқа кіргізеді. 3) Күнәсі көп мұсылмандарды тозақтан шығарады. 4) Сауабы мен күнәсі тең болып, Арафта күтіп тұрғандарды жәннатқа жібереді. 5) Жәннаттағылардың дәрежелерінің көтерілуіне шапағат етеді. (Итиқаднама, Бәриқа, Шира шәрһі). Жалпылама тозақта кәпірлердің азабы мүлде азаймайды. Бірақ кейбір ережеден тыс мәселелер, ерекшеліктер бар. Мысалы шапағатпен тозақтағы кейбір кәпірлердің азабы жеңілдейді. (Бәриқа). Расулуллаһ шапағат етпейінше ешбір пайғамбар шапағат етпейді. Оның шапағатынан кейін Аллаһу та'ала басқа пайғамбарларға, әулиелерге, салихтарға, шәһидтерге және сыддықтарға шапағат етуіне рұқсат береді. Раудатул-уләма кітабында осылай хабар берілген. (Шира шәрһі). Құран кәрімде былай делінеді: «Олардың Аллаһты тастап табынған пұттары шапағат ете алмайды. Тек хақ дінге сеніп, оған куәлік еткен адамдар ғана шапағат етеді». (Зухруф 86). Хадис шәрифте де былай делінеді: «Аллаһу та'ала Жәбрейіл алейһиссаламның шапағатымен үмбетімнен иманды бір кісі қалмағанша бәрін тозақтан шығарады». Раудада осылай жазылған. (Шира шәрһі). |
|
Сұрақ: Қазір ажырасу күн сайын артып барады. Отбасының жүгі ортақ деп әйелдер әртүрлі жұмыстарда істеуге мәжбүрленуде және осының нәтижесінде отбасылар құлдырауда. Әйелдер жұмыс істеуге міндетті ме? Жауап: Зәрулік туындамастан әйелімен ажырасып, үй-жайын, жанұясын бұзып, бақыттан айрылу және ажырасқан әйеліне мәһір ақшасын өтеу ер адамға оңай емес. Әйел күйеуіне ыстық тамағын дайындап, киімін жуып, жыртығын жамап, балаларына діни білім мен тәрбие беріп, күйеуінің бейқам және бақытты өмір сүруін қамтамасыз етеді. Жылы сөздерімен күйеуіне шаттық береді. Әйелімен ажырасқан ер адам осы ниғметтерден мақұрым қалады. Ажырасқан кезде әйелдің напақасын беру әкесінің, әкесі болмаса бай туысының мойнына парыз болып жүктеледі. Көрініп тұрғанындай, ислам дінінде әйел емес, ер адам аянышты жағдайда. Қыз болса да, жесір болса да, тұрмыс құрмаған кедей әйелді әкесі бағуға мәжбүр. Әкесі болмаса немесе кедей болса, бай туысқаны бағады. Мұсылман әйелдің жұмыс істеп ақша табу қажеттілігі жоқ. Ислам діні әйелдің бүкіл қажеттілігін ер адамның мойнына жүктеген. Ер адамның осы ауыр жүгін ескеріп мирасты толықтай тек қана ер адамға берілуі қажет бола тұра Аллаһу та'ала әйелдерге осы тұрғыда да сый көрсетіп, ер бауырларының мирасының жартысындай шамасын алуын әмір еткен. Ер адам әйеліне үйдің ішінде немесе сыртында қинап жұмыс істеткізе алмайды. Әйел өзі қаласа және күйеуі рұқсат берсе, харам істемей жұмыс істеуі рұқсат, бірақ тапқан табысы толықтай өзінің мүлкі болады. Ешкім осы ақшасын және мирастан қолына түскен мүлкін әйелден тартып ала алмайды. Өзіне, бала-шағасына және үйдің қандай да бір қажеттілігіне жұмсауы үшін ешкім қинай алмайды. Бұлардың бәрін ер адам алып келуі парыз. Қазіргі таңда көп елдерде әйел де ер адамдармен бірге нан табу үшін ең ауыр жұмыстарда қиналып еңбек етіп жүр. Отбасылық өмірдің жүгі жұптардың екеуіне де ортақ, жүк тең бөлістірілуі керек деген ұранмен әйелдер де фабрикада, егістікте, саудада ерлер секілді жұмыс істеуде. Көбісінің тұрмыс құрғанына өкінгені, сотта ажырасу арыздары толы екендігі күнделікті жаңалықтарда жиі-жиі естілуде. Әйелдер ислам діні оларға берген қадірді, құрметті, рахаттықты, бақыттылықты, еркіндікті және ажырасу хақысына ие екенін білсе, бүкіл әлемдегі әйелдер бірден мұсылман болып, исламды барлық елдерге таратуға тырысатын еді. |
|
1) Әһли сүннет ғұламаларының білдіргені бойынша сену керек. 2) Төрт мазһабтың бірінің фиқх кітабын оқып, дін ілімдерін дұрыс үйреніп, соған сай ғибадат жасау керек және харамдардан сақтану керек. 3) Жұмыс істеп ақша табу керек. Дінге сай ақша табу керек. Кедей адам ақыр заманда дінін, намысын, өз хақысын да қорғай алмайды. Бұларды қорғау және ислам дініне қызмет ете алу үшін ғылым тапқан жеңілдіктерді, оңайлықтарды пайдалану керек.
Әли Рамитани хазрет былай деген: Салих адам бола алу үшін мына он нәрсе қажет: 1) Таза болу керек. Тазалық екіге бөлінеді: а) Захири (сыртқы) тазалық: Сыртқы көрінісінің таза болуы. Бұл нәрсе барлық адамдар мән беретін негіздерден. Киетін, ішіп-жейтін және қолданатын бүкіл заттардың таза болуы деген сөз. ә) Батыни (ішкі) тазалық: Жүректің (көңілдің) жақсы мінездерге толы болуы деген сөз. Хасед етпеу (көре алмаушылық жасамау), басқалар туралы жаман ойламау, Аллаһ дұшпандарын жақсы көрмеу, ал достарын жақсы көру керек. Көңіл – Аллаһу та’аланың назар мекені. Сондықтан көңілге дүние махаббатын, ал асқазанға харам азық кіргізбеу керек! Жүрек (көңіл) таза болмаса, ғибадаттардың ләззаты сезіле алмайды. Аллаһу та’алаға қатысты ілімдерге, яғни марифеттерге қауышу мүмкін болмайды. 2) Тілге ие болу керек. Тілдің орынсыз сөздерді айтуынан тыйылып үндемеуі, Құран кәрім оқуы, әмри ма’руф және нәхий мүнкәр жасауы, яғни діннің әмірлерін орындауды және тыйымдарынан сақтануды білдіруі сияқты. Сүйікті пайғамбарымыз да: «Адамдар тілдерінің кесірінен тозаққа тасталады» деген. 3) Адам көп жиналатын жерлерден ұзақ болу керек. Осылайша көздер харамдарға қарамаған болады. Өйткені жүрек (көңіл) көзге бағынышты. Әр харамға қарау көңіл айнасын қарайтады. Пайғамбарымыз «Бөтен әйелдерге шәһуетпен (құмарлықпен) қарағандардың көздеріне қияметте қызып тұрған балқыған қорғасын құйылады» деген. Еркектердің бөтен әйелдерге, әйелдердің де бөтен еркектерге шәһуетпен (құмарлықпен) қарауы харам болып табылады. 4) Ораза ұстау керек. Адам ораза ұстау арқылы періштелерге ұқсаған болады және нәпсіне соққы берген болады. Бір хадис құдсиде: «Ораза маған тән. Оразаның сауабын мен беремін. Сауабы шексіз» делінген. Басқа бір хадис шәрифте: «Ораза – тозаққа қарсы қалқан» делінген. Ораза тұтып көңілді пәктікке жеткізу керек және шайтанның жолын жауып, қалқан қою керек. 5) Аллаһты өте көп ойлау (еске алу) керек. Аллаһу та’аланы еске алу үшін айтылатын ең құнды сөз – Лә илаһә иллаллаһ сөзі. Мұны әрдайым айтып жүретін адам ықыласты болады. Ықылас – барлық істерін Аллаһ разылығы үшін орындау, дүниелікке қатысты болған мал-мүлік және мансаптардан әуестігін жойып, ахиретті қалау деген сөз. Ықыласты адам «Менің жалғыз мақсатым – Аллаһтың разылығы» дейді. Құран кәрімде де: «Ей иман келтіргендер! Аллаһты көп еске түсіріңдер!» делінген. (Ахзаб 41). Нәпістің барлық зиянды болған қалауларынан құтылу үшін үздіксіз Аллаһу та’аланы ойлап жүру керек. 6) Көңілге келетін ойлардан абай болу керек. Көңілге төрт түрлі ой келеді. Бұлар – Рахманнан, періштелерден, шайтаннан және нәпістен. Рахманнан келетіндер – ғафлеттен оятады, жаман жолдан дұрыс жолға түсіреді. Періштеден келетіндер – ғибадатқа ынтаны ашады. Шайтаннан келетін ой күнәны жақсы, әдемі қылып көрсетеді. Ал нәпістен келетіндер, дүниенің пайдасыз нәрселерін қалауға жол ашады. Шайтани және нәпсәни ойлардан құтылу керек. 7) Аллаһтың үкімдеріне разылық көрсету керек. Хауф және рижа, яғни қорқыныш пен үміт арасында өмір сүру керек. Өйткені имансыз өлетінінен қорқатын адам күнә істемейді. Сонымен қатар мүмин жәннатты үміт етеді, салих адамдармен сұхбаттасады. Салихтармен сұхбат ету – күнәларға перде қояды, харамдарды көзіне жаман қылып көрсетеді. 8) Жақсы қасиеттермен безену керек. Яғни Аллаһу та’аланың ахлақымен мінездену деген сөз. 9) Халал азықтардан жеу керек. Аллаһу та’ала «Халал және таза болғандарын жеңдер» деп бұйырған. (Бақара 168) Ал сүйікті пайғамбарымыз: «Ғибадат он бөліктен тұрады. Соның тоғызы – халалды талап ету» деген. Ал қалған бірі – бүкіл ғибадаттар. Харам жеген адам өзінде ғибадат ету күшін таба алмайды. Халал жеген адам да күнә істей алмайды.
Бір хадис шәрифтің мағынасы: «Ақылды адам дұға мен ғибадат үшін, нәпсін реттеу үшін, кемшіліктерінің өзіне айтылуы үшін және қажеттіліктері үшін уақыт бөледі. Тіліне ие болып, уақытын жақсы пайдаланады. Жұмысын істейді және ең жақсы досының алдында мұқият (ұқыпты) болады». (Дәйләми). |
|
Өміріміздегі өткен әр секунд өте құнды, уақыт қайтып оралмайды. Мұсылманның иманнан кейінгі ең қымбат иелігі – уақыты. Сондықтан ең қымбат уақытымызды ең құнды амалмен өткізуіміз керек. Яғни намазбен... Ұлы ислам ғалымы Хусейн Хилми бин Саид (қуддиса сиррух) былай деген: «Нәпістің ақырғы мақсаты – адамды кәпір қылу. Бұл нәпіс адамға дұшпан болғанындай, Аллаһқа да дұшпан. Аллаһу та'ала нәпісті өзіне дұшпан қылып жаратқан. Бұл нәпісті бәрінен қатты қинайтын нәрсе – намаз. Оның емі осы. Бұл емді кім қолданса, нәпсінің зиянынан сақ болады. Адам намазға тұрған кезінде нәпсі ыңырсып қиналады екен. Олай болса, намазға аса мән беруіміз керек. Өйткені намаздың жеке өзі дін, жеке өзі ислам. Намаз оқымайтын адам діннен шықпайды, күнәһар болады. Шайтан сәжде жасамағаны үшін емес, сәждеге жығылу бұйрығына қарсы шыққаны үшін, бұл бұйрықты жақтырмағаны үшін қуылып лағнеттелді. Ол сәждеге жығылмады, сонымен қатар «Сәждеге жығыл!» деген бұйрыққа қарсы келіп, ұнатпай, «Бұл қате бұйрық!» деді. «Мен мынаған сәжде етемін бе? Мен сондай қадірлімін ғой, топырақтан жаратылған адамға сәжде етемін бе?!» деді де, қуылды». Тахир бин Хусейн Аббасидтер халифаты дәуірінде Хорасан әкімі болғанында Раққа қаласына әкім болып жіберілген ұлы Абдуллаһ бин Тахирге біраз насихат айтқан болатын. Сол насихаттары қысқаша мынадай еді: Жақсы біліп ал, Аллаһу та'ала әмір берген нәрселерінен сені есепке тартады және жасаған әр амалыңа марапат немесе жаза береді. Олай болса, ақылыңмен, зейініңмен, алғырлығыңмен, барлық мүмкіндіктеріңмен Аллаһу та'алаға беретін есебіңе дайындал. Ешбір жұмыс сол маңызды парызды тастап қоюыңа және немқұрайлы қарауыңа себеп болмасын. Өйткені бұл барлық нәрсенің ең басында тұрады. Аса мән беруің қажет болған ең маңызды нәрсе – Аллаһу та'ала саған парыз қылған бес уақыт намаз оқу. Сондай-ақ, намазыңды Аллаһу та'аланы ойлап, жақсылап дәрет алып, мүстаһаб уақыттарында бүкіл әдептеріне мән беріп, жамағатпен оқу. Намаздың руку, сәжде және басқа да әрекеттерін шын ықыласыңмен және беріліп орында. Жасаған барлық жақсы амалдарың, тіпті басқа бүкіл ғибадаттарың намазды жақсылап және дұрыс оқи алуың үшін керек екенін ұмытпа. Бұл мәселеде немқұрайлық, жалқаулық көрсетуші болма және мүлде салғырт қарама. Барлық жұмыстарыңның жөнімен жүруі намазға байланысты. Намазды осылай дұрыс оқып жүрген адам барлық жамандықтардан сақ болады. Өйткені Аллаһу та'ала: «Дұрыс оқылған намаз адамды фахшадан (арсыздықтан, үлкен күнәлардан) және мүнкәрден (жамандықтардан) міндетті түрде аулақ қылады» деген (Анкәбут 45). Бірге жүрген адамдарыңды да намазға шақыр! |
|
Сайтқа енгізілген жаңалықтарды, сұрақтарға берiлген жауаптарды және дiни мерекелерде кұттықтау хаттарды мүшелерiмiзге жiберiп тұрамыз. Дiни сұрақтар үшiн және сайтқа мүше болу үшiн мына адреске хат жолдасаңыз болады: in...@islamdini.kz |
Егер e-mail адресiңiз сiздiң хабарыңыз болмай бұл сайтқа тiркелген болса немесе сайттан хат алуды тоқтатқыңыз келсе, мына адреске бос хат жолдаңыз: islamdini-kz...@googlegroups.com |
|
Дін ғұламаларымыздың айтуынша, ата-анаға жақсылық жасау баланың мойнына парыз. Ешқашан және ешқандай себеппен оларға дөрекі сөйлеуге рұқсат жоқ. Аллаһу та'ала «Исра» сүресінде былай деген: «Ата-ананың бірі немесе екеуі де қартайған кезде олардан жалығып «Уф» деме! Ауыр сөздер айтпа! Оларға жұмсақ және жылы сөйле!». Хадис шәрифте былай делінеді: «Үш топ адамға тозақ оты тимейді. Олар: күйеуіне бағынған әйел, ата-анасына жақсылық жасаған перзент және адамдарға қамқор болған кісі». Ата-ана залым болса да, зұлымдық көрсетсе де, перзент оларды ренжітпеуі керек. Әкенің, ананың, күйеуінің, ешкімнің Исламға қайшы бұйрықтары орындалмайды. Бірақ, ата-анаға сонда да жылы сөйлеу, оларды ренжітпеу керек. Ата-ана тіпті кәпір болса, оларды шіркеуден, сыраханадан, арқалап болса да, алып келу керек. Бірақ, ондай жерлерге алып бару қажет емес. Ата-ананың алдында барынша қарапайым, сыпайы, ізетті болып, оларға көзі тірісінде қызмет етіп, олардың разылығын алу, көңілін аулау керек. Перзент ата-анасына мейіріммен, қамқорлықпен және сүйіспеншілікпен қараған кезде оған сол қарағаны үшін қабыл болған қажылық сауабы жазылады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм): «Әкесіне және анасына мейірім назарымен қараған перзентке қажылық және умра сауабы беріледі» деді. «Күніне мың рет қараса да солай ма?» деп сұралғанда: «Күніне жүз мың рет қараса да солай...» деп жауап берді. Бір кісі пайғамбарымызға (алейһиссалам) келіп: - Йа, Расулаллаһ, қолымда кәрі анам бар. Тамақ-шайын өз қолыммен ішкіземін. Дәретін алғызамын. Арқамда тасимын. Оның ақысын өтеген боламын ба? – деп сұрады. Пайғамбарымыз алейһиссалам былай жауап берді: - Жоқ, жүзден бірін де өтеген болмайсың. Сен тек оған жақсылық жасап жатырсың. Аллаһу та'ала осы аздаған жақсылығыңа көп сауап береді. Ата-ана қайтыс болғаннан кейін де оларға жақсылық жасау әмір етілген. Хадис шәрифте былай делінеді: «Садақа берген адам садақасын неліктен мұсылман болған ата-анасының рухына бағыштамайды? Алайда егер солай істесе, берген садақасының сауабы олардың рухына тиюімен қатар, олардың сауабындай сауап мүлдем кеміместен оған да жазылады». Ата-ананы зиярат етпеу үлкен күнә. Алыста болса, ең болмағанда сәлем жолдап, хат арқылы жылы сөздер жазып, телефон соғып, олардың көңілін аулау керек, осылайша осы күнәдан құтылу қажет. Әкенің, ананың баласына жасаған дұғасы пайғамбардың үмбетіне жасаған дұғасы сияқты, осыны естен шығармайық... |
|
Сайтқа енгізілген жаңалықтарды, сұрақтарға берiлген жауаптарды және дiни мерекелерде кұттықтау хаттарды мүшелерiмiзге жiберiп тұрамыз. Дiни сұрақтар үшiн және сайтқа мүше болу үшiн мына адреске хат жолдасаңыз болады: in...@islamdini.kz |
Егер e-mail адресiңiз сiздiң хабарыңыз болмай бұл сайтқа тiркелген болса немесе сайттан хат алуды тоқтатқыңыз келсе, мына адреске бос хат жолдаңыз: islamdinikz...@googlegroups.com |