|
Сұрақ: Рамазан айынан кейін келетін Шәууал айында ораза тұтудың қандай құндылығы бар? Жауап: Ораза тұту әрқашан үлкен сауап. Хадис шәрифте «Ораза – тозақ отынан қорғайтын қалқан» делінген. (Бұхари). Шәууал айында ораза тұтудың да сауабы көп. Хадис шәрифтерде былай делінеді: «Рамазаннан кейін Шәууал айында да 6 күн ораза тұтқан адам анасынан туылған күніндегідей күнәсіз болады». (Табарани). «Рамазан оразасы мен Шәууал айында да 6 күн ораза тұтқан адам бір жыл ораза тұтқан болып саналады». (Ибн Мажә). «Рамазан айының оразасы он айға, ал Рамазаннан кейін тұтылған 6 күн ораза екі айға тең болады, осылайша бір жыл ораза тұту сауабы беріледі». (Ибн Хузәйма). Бұл алты күн оразаны уақыт өткізбестен айттан кейін дереу тұтудың жақсы болатыны айтылған. Арасын үзуге, басқа-басқа күндері тұтуға да болады. Бұл оразаларды қазаға ниет етіп тұту керек. Нәпіл немесе қаза оразаларды дүйсенбі және бейсенбі күндері тұту жақсырақ болады. Хадис шәрифтерде былай делінеді: «Амалдар дүйсенбі және бейсенбі күндері Аллаһу та’алаға ұсынылады. Мен амалымның ораза кезімде ұсынылуын қалаймын». (Тирмизи). «Дүйсенбі және бейсенбі – күнәлар кешірілетін күндер болғандықтан мен ораза тұтамын». (Мүслим).
Сұрақ: Шәууал айында ұсталатын 6 күндік оразаны сол айдың қай күні тұтса да бола береді ме? Жауап: Иә, 30 күннің ішінде 6 күн ораза ұстаса болғаны.
Бүкіл бір жыл бойы ораза тұтқан болу Сұрақ: Кемінде бірге он сауап берілетіндіктен, бір ай Рамазанда ораза тұтқан адам 300 күн, ал Шәууал айында алты күн ораза тұтқан адам 60 күн ораза тұтқан сияқты болатыны, яғни бір жыл бойы ораза тұтқан болып саналатыны айтылады. Мұнда Шәууал айының оразасына да бірге он сауаптан берілетіні айтылуда. Парыз болған Рамазан оразасы мен нәпіл болған Шәууал айының оразасы қалайша бірдей дәрежеге қойылған? Жауап: Әр айда 3 күн ораза тұтқан адамның да бүкіл бір жылды оразамен өткізген болып саналатыны айтылған. Мұнда парыз болған Рамазан оразасы мен нәпіл ораза салыстырылмаған. Бір жыл бойы ораза тұтқан болатыны емес, ораза тұтқан сияқты болып саналатыны білдірілген. Әйтпесе өмір бойы нәпіл ораза тұтса да, қасиетті Рамазан айында тұтылған бір күннің сауабына да жете алмайды. Тіпті Рамазандағы парыз оразаның қазасын тұтқаннан кейін де күнде оразамен өткізетін болса да, Рамазан айында тұтылатын бір күн оразаның сауабына қауыша алмайды. Қазасын тұтқанда тек қарызынан құтылған болады. Рамазанда тұтқан сияқты сауап ала алмайды. Хадис шәрифте: «Рамазанда бір күн ораза тұтпаған адам оның орнына бүкіл жыл бойы ораза тұтса да, сол бір күннің сауабына қауыша алмайды» делінген. (Тирмизи).
Сұрақ: Шәууал айында ұсталатын нәпіл оразаның орнына өткен Рамазан айында тұта алмаған оразалардың қазасына ниет етіп тұтуға болады ма? Егер болатын болса, қалай ниет етіледі? Жауап: Әрине болады. Тіпті Рамазан оразаларын толық ұстай алмаған әйелдердің дәл осылай жасауы керек. Әрбір ораза тұтатын күннің Имсак уақытынан бұрын «Ниет еттім Аллаһ разылығы үшін Шәууал айының нәпіл оразасы мен соңғы қазаға қалған Рамазан оразамның қазасын тұтуға» - деп ниет етіліп, неше күндік қарызы бар болса, сонша күн Шәууал айының ішінде тұтады. Қаласа арасын үзбей, қаласа күнара немесе әйтеуір ыңғайына қарай осы бір айдың ішінде ұстаса болады. |
|
Сайтқа енгізілген жаңалықтарды, сұрақтарға берiлген жауаптарды және дiни мерекелерде кұттықтау хаттарды мүшелерiмiзге жiберiп тұрамыз. Дiни сұрақтар үшiн және сайтқа мүше болу үшiн мына адреске хат жолдасаңыз болады: in...@islamdini.kz Егер e-mail адресiңiз сiздiң хабарыңыз болмай бұл сайтқа тiркелген болса немесе сайттан хат алуды тоқтатқыңыз келсе, мына адреске бос хат жолдаңыз: islamdinikz...@googlegroups.com |
|
Сұрақ: Адам өзінің ақылды екенін біле ала ма? Жауап: Иә, өзі аңғара алады. Ақылды деп өз пайдасын, зиянын білетін адамға айтылады. Дүниелік табыстарын ойланғандай, ахиреттік табыстарын да ойланатын адам – ақылды. Ең көп дегенде 100 жылдық дүниелік өмірді ойлап, шексіз болған ахирет өмірін ойланбайтын адамға ақылды емес, ақымақ делінеді. Ақылды болу өте құнды. Үш хадис шәриф: «Аллаһтың дәргейінде ең құрметтілерің – ақыл тұрғысынан ең үстем болғандарың.» (И.Ғазали) «Ақылды болмаған адамның діні де жоқ.» (Тирмизи) «Ақылды адам иман келтіреді.» (Бәйһақи) Демек, иман келтірген, мәңгі өмірін ойлаған адам – ақылды. Бірнеше хадис шәриф: «Ақылды адам – Аллаһқа және пайғамбарға сенген және ғибадаттарын орындаған адам.» (Ибн Мухбәр) «Ең ақылды – Аллаһу та'аладан бәрінен қатты қорқатын, Оның әмірлері мен тыйымдарына бәрінен жақсы бағынған адам.» (Ибн Мухбәр) «Ақылдың көптігі Аллаһтан қорқудың көптігімен аңғарылады.» (И.Мауәрди) «Ақылды адам – әр тынысын есепке алатын және өлімнен кейінгі өмірі үшін амал ететін адам.» (Тирмизи) «Әр нәрсенің бір тірегі бар. Ал мүминнің тірегі – ақыл. Адам өз ақылының мөлшерінде ғибадат жасайды.» (И.Ғазали) «Адамдар жасаған қайырымдылықтарының қайтарымы ақылдарының мөлшерінде беріледі.» (Әбушшәйһ) «Ақылды адам нәпсіне ермейді, ғибадаттарын орындайды, ал ақымақ адам нәпсіне еріп, күнә істейді, кейін Аллаһ кешіреді деп үміттенеді.» (Тирмизи) Бұл хадис шәрифтер көрсетіп тұрғаны, ақылды адам – дұрыс иман иесі болған және мәңгі өміріне дайындығын жасаған адам. Олай болса, ақылымызды азайтатын нәрселерден ұзақ тұрып, ақылымызды жарқыратуға тырысуымыз керек. Бір хадис шәриф: «Ақылыңды арттыр – Раббыңа деген жақындығың артсын! Харамдардан сақтан, парыздарды орында – ақылды боласың.» (Ибн Мухбәр) Демек, парыздарды орындап, харамдардан сақтанатын адамның ақылы артады. Харам істеген адамның ақылы азаяды. Бір хадис шәриф: «Күнә істеген адамның бір ақылы кетеді, кері қайтпайды.» (И.Ғазали) Олай болса, ақылды болу үшін иман келтіріп, ғибадаттарды орындау және харамдардан сақтану керек. Ғибадаттарды көбейткен сайын иман нұры жарқырайды. Күнә істеген сайын иман нұры сөне бастайды. Күнә істеу көбейген сайын бұл нұр толығымен сөнуі мүмкін. Бір хадис шәриф: «Күнә істеу – адамды күпірге жетелейді.» (Мәктубати Масумийа 2/110) Күнә істеген адам кәпір болып қалмайды, бірақ уақыт өте күнәлар жүректі қарайтады, адам күнәларға мән бермейтін болып қалады, бұл жағдай оны кәпір қылуы мүмкін. Осы тұрғыдан үлкен-кіші барлық күнәлардан сақтануға тырысу керек. |
|
Сұрақ: Менің екі жасар қызым бар, соның қолына көз моншақ таққанбыз, тіл-көзден сақтасын деп. Адам өзінен белгісіз бір сәуле (луч) шығарады дейді, соған қарсы тақса ширк немесе күнә бола ма? Жауап: Көздің тиюі бар нәрсе. Адамға, жануарға тіпті жансыз заттарға да көз тиеді. Көз тиюі ауруға шалдықтырады, тіпті өлтіруі де мүмкін. Әйелдерге және кішкентай балаларға көп әсер етеді. Пайғамбарымыздың заманында Әсәд ұлдарынан көзі тиетін біреу болған. Үш күн ештеңе жемей, кейін сыртта өтіп бара жатқан түйеге қарап «мынадай күшті түйе көрмедім» деп айтуымен түйе жерге құлап ауырып қалатын еді. Мүшриктер бұл адамды тауып пайғамбарымызды көзімен өлтіруін сұрайды. Хақ та’ала Расулуллаһ алейһиссаламды оның көзінен сақтады. Бұл туралы «Қалам» сүресінің «Кәпірлер сені көздерімен құртпақшы болды» деген 51-ші аяты түсті. Хадис шәрифтерде былай делінеді: «Көз тиюі хақ». (Муслим). «Көз адамды мазарға, түйені қазанға түсіреді». (Ибн Ади). «Адамдардың жартысы көз тиюден өледі». (Табарани). Көз моншақ тағу рұқсат болып табылады.Хазреті Ибн Абидин былай дейді: «Көз тимеуі үшін егіншілік жерге тұлып (чучело), малдың бас сүйегін қою рұқсат. Бір әйел бақшасындағы өнімдеріне көз тимеуі үшін не істейтінін сұрағанында Расулуллаһ «Бақшаңа малдың бас сүйегін іл» деп бұйырады. Қараған адам бірінші болып бас сүйекті көреді. Өйткені бас сүйек биікте, ерекшеленіп бірден көзге түседі. Бақшадағы егінді кейін көреді. Сондықтан зияны тимейді». (Рәддул Мухтар). Көз моншақ немесе малдың бас сүйегі көз тиюінен сақтамайды. Көзден сақтайтын Аллаһу та’ала. Қараған адамның көзі ең алдымен осыларға түсетін болғандықтан көздерінен шығатын зиянды сәулелер соларға тиеді. Осылай көз моншақ таққан адам көз тиюден сақталған болады. Көз моншақ тағуға ширк немесе бос сөз дейтіндер уаһһабилер немесе олардың айтқандарына әсерленген адамдар. Хазреті Ибн Абидин былай дейді: «Тәмимә» моншақ дегенді білдіреді. Арабтар бұларды балаларына тағатын еді, олармен балаларынан көз тиюді алыстатқанын ойлайтын еді. Тәмимәнің шипа беретініне сенетін, тіпті мұнымен Аллаһқа ширк қосатын, өйткені олар тәмимә арқылы маңдайларына жазылған тағдырды өзгеретініне сеніп, тағдырының жойылуын күтетін еді. Ислам мұны алып тастады. (Ибн Әсир). Тәмимә надандық дәуірінде мойынға және қолға тағылатын жіп еді, мұны өздерінен зияндарды алыстату үшін жасайтын еді. Ислам бұған тыйым салды. (Зәйлаи). Осы аталған «тәмимә» рұқсат емес. Хазреті Ибн Абидин осы рұқсат болмаған тәмимәні түсіндіргеннен кейін көз тимеуі үшін бақшаға сүйек, малдың бас сүйегін қою рұқсат екенін айтқан. Қараған адам алдымен соны көріп, бақшаны кейін көреді. Көз моншақ секілді нәрселерді осы ниетте алып жүрудің тәмимәға жатпайтыны, яғни бұлардың рұқсат екені осылай хабар берілген. (С.Әбәдия). Малдың бас сүйегі мен көз моншақтың ешқандай айырмашылығы жоқ. Екеуі де көз тиюден сақтамайды. Бірақ бір қарағанда бірінші болып осылар көрінгендіктен көз соларға тиеді. Кейін басқа нәрселерге қараса да зияны болмайды. Малдың бас сүйегі немесе көз моншақ көз тиюден сақтайды деп сенуге болмайды. Бұлар көз тиюдің алдын алу үшін бір себеп. Мұны Расулуллаһ (алейһиссалам) кеңес берген. Пайғамбарымыздың бұл әміріне ширк дейтіндер «пайғамбарымыздан шапағат сұрауға» да ширк дейді. Уаһһабилердің немесе олардан әсерленгендердің сөзіне мән бермеген жөн. |
|
Сұрақ: Ең құнды ғибадат және ең үлкен күнә нақты айтқанда қандай? Хадис шәрифтерде әр түрлі айтылады. Бір хадисте ата-анаға бағыну, басқа бірінде намаз делінеді. Күнә тұрғысында да дәл осылай, әр түрлі хадис шәрифтер бар. Жеті үлкен күнә жайлы айтылған деректер кездеседі. Басқа хадисте бұл жеті күнәдан бөлек зинаны ең үлкен күнә десе, басқа бір хадисте ішкілік ең үлкен күнә ретінде білдірілген. Бұлардың себебі неде? Жауап: Қай ғибадат Аллаһу та'аланың разылығына жеткізсе, сол ең үлкен ғибадат болады. Ал ең үлкен күнә – Аллаһу та'аланың ашуына себеп болатын күнә. Ал мұны біз біле алмаймыз. Аллаһу та'аланың ашуы күнәлардың арасына жасырылған. Сондықтан барлық күнәлардан сақтану керек. Бәлкім біз үлкен деп санамаған күнәміз Оның ашуына себеп болуы мүмкін. Нәпсіне жеңіліп күнә істеген адам да қорқып жүру керек. Бір хадис шәрифте былай делінеді: «Тартынбай күнә істеген мүминге Аллаһу та'ала ашуланады». (Уқайли). Хадис шәрифтердің әр түрлі болуының себебі болса мынадай: Сұрақ қоюшылардың жағдайларына байланысты әр түрлі жауаптар берілген. Біреулерге намаз, біреулерге әмри маруф (дінді үйрету). Күнәлар да осындай. Кейбір адамдарға зина оның пәлекетіне себеп болады, кейбірлеріне ішкілік себеп болуы мүмкін. Сондай-ақ заманға қарай лайықты жауап берілген. Мысалы, Ислам дінінің алғашқы замандарында жиһад маңызды еді. Қазіргі заманда әмри маруфтың, Әһли сүннет сенімін жаюдың маңызы жоғары. Демек, адамдардың жағдайларына және заманға сай маңызы өзгереді. Онсыз да әмір етілген ғибадаттарды орындау, тыйым салынғандардан сақтану әр мұсылманның әр заманда міндеті болып табылады.
Сұрақ: Ширктен басқа ең үлкен күнә қандай? Жауап: Күнә – Аллаһу та'аланың әмірлерін орындамау, яғни қарсы шығу болып саналғандықтан, күнәлардың барлығы үлкен. Ең үлкен күнә – Аллаһу та'аланың ашуына себеп болатын күнә. Мұны адам біле алмайды. Аллаһу та'аланың ашуы күнәлардың арасына жасырылған. Сондықтан барлық күнәлардан сақтану керек. Бәлкім кіші деп санаған бір күнәміз Оның ашуына себеп болуы мүмкін. Ғалымдарымыз былай деген: «Ең үлкен күнә – бидғат сенімде болу. Дұрыс иман мәліметтері үйренілмесе, яғни иман бұзық болса, орындаған ғибадаттардың еш құны болмайды». «Ең үлкен күнә – күнәні білмеу. Ал одан да үлкен күнә – күнәні ғибадат ретінде жасау. Бидғат істейтіндер осындай. Олар бидғатты діннің әмірі деп істейді». «Ең үлкен күнә – адамды ренжіту». «Ең үлкен күнә – тәкәппарлық». «Ең үлкен күнә – ғайбат». «Ең үлкен күнә – намазды үзірсіз қазаға қалдыру. Парыздарды міндет деп біліп, қазасын өтеуді ойлау шартымен, жалқаулықпен істемеу – ең үлкен күнә. Ал міндет деп білмеу, мән бермеу күпірлік болады. Намаз оқымау басқа бүкіл күнәларға жол ашатындықтан, ең үлкен күнә намаз оқымау деуге болады. Намаз оқитын адам басқа күнәлардан қорғанады. Өйткені Құран кәрімде намаздың бүкіл жамандықтардың алдын алатындығы айтылған. Үлкен күнәларға қатысты хадис шәрифтердің кейбірлері мыналар: «Ең үлкен күнә – адам өлтіру, ата-анаға зұлымдық жасау, жалған куәгер болу». (Дәйләми). «Ең үлкен күнә – жалған сөзге ант ету». (Бұхари). «Ең үлкен күнә – дүниелікке деген махаббат». (Дәйләми). «Дүниелікті жақсы көру – бүкіл күнәлардың басы». (Бәйһақи, Ибн Әбиддуния). «Ең үлкен күнә – зина». (Ибн Әбиддуния). «Ең үлкен күнә – алкогольдік ішімдік ішу». (Табарани). «Ең үлкен күнә – Аллаһ жайында су-и зан ету (жаман ойда болу)». (Дәйләми). «Ең үлкен күнә – хақысы жоқ бола тұра бір мұсылманның мал-мүлкін алу». (Табарани). «Ең үлкен күнә – пайыз (өсім), намысты әйелге жала жабу, жетімнің мүлкін жеу». (Табарани). «Ең үлкен күнә – бір адамның күнкөрісі өзіне қарасты болғандарға немқұрайдылық танытуы». (Мүслим). «Ең үлкен күнә – адамның қарызын өтеуге мал-мүлік қалдырмай өлуі». (Әбу Дауд). «Ғайбат – зинадан да үлкен күнә. Зинаға тәубе еткен адамды Аллаһу та'ала кешіреді. Ғайбат етілген адам ғайбат етушіні кешірмейінше кешірілмейді». (Табарани). «Лиуата жасаған адам – малғұн». (И.Ахмед). «Өсиетте мирасқорлардың бірін зиянға ұшырату үлкен күнә». (Ибн Жәрир). «Әурет жерлерді ашу үлкен күнә». (Хаким). «Мұсылманды ренжіту қағбаны жетпіс рет құлатудан да үлкен күнә». (Р.Насихин). «Кіші күнәні үзбей жалғастыру үлкен күнә болады». (И.Асакир). «Кіші болып көрінген күнәлар жиналған кезде егесін құртады». (Табарани). «Мына жеті үлкен күнәдан сақтаныңдар: 1) Аллаһқа серік қосу, 2) Сиқыршылық, 3) Адам өлтіру, 4) Соғыстан қашу, 5) Жетімнің мал-мүлкін жеу, 6) Өсімқұмарлық, 7) Намысты әйелге жала жабу». (Табарани). «Білімді жасыру арқылы жасалған қиянат мүлікке жасалған қиянаттан да үлкен күнә». (Әбу Нуайм). Хадис шәрифтерде сұрақ қойғандардың жағдайына қарай әр түрлі жауаптар берілген. Кейбірлерді зина пәлекетке ұшыратады, ал кейбірлеріне ішкілік себеп болуы мүмкін. Күнәнің үлкендігі адамның жағдайына және заманға қарай өзгереді.
Сұрақ: Мына хадисті білдірген едіңіз: «Бес уақыт намазын оқитын, Рамазан оразасын тұтатын, зекетін беретін және жеті үлкен күнәдан сақтанатын адамға жәннаттың бүкіл есіктері ашылады, сақтық және саламаттықпен кір делінеді». (Нәсаи). Бұл хадисте көрсетілген жеті үлкен күнә қандай? Жауап: Жеті үлкен күнә мыналар: 1) Аллаһқа серік қосу, 2) Сиқыршылық, пал ашу, 3) Адам өлтіру, 4) Соғыстан қашу, 5) Жетімнің мал-мүлкін жеу, 6) Өсімқұмарлық, 7) Намысты әйелге жала жабу. (Бұхари, Мүслим). Басқа бір хадис шәрифте де жеті үлкен күнәнің ішінде «Мұсылман болған ата-анаға дұшпан болу» тіркесі өтеді. Аллаһқа серік қосу – күпір. Күпір де кейде үлкен күнәлардың қатарынан саналады.
Аллаһ кімдерді жақсы көрмейді? Сұрақ: Аллаһ кімдерді жақсы көрмейді? Жауап: Аллаһу та'ала кәпірлерді де, күнә істейтін мұсылмандарды да жақсы көрмейді. Бұл екеуінің арасында әлбетте айырмашылық бар. Имам Раббани хазрет былай деген: «Аллаһу та'аланың кәпірлерге деген дұшпандығы затынан, яғни өзінен. Мұсылмандардың істеген күнәларын болса сипаттары жақсы көрмейді. Бұл дұшпандық сипаттарына тиесілі. Мейірім сипаты заттың дұшпандығын арадан алып тастай алмайды». (1/266). Бірнеше аяти кариманың мағынасы мынадай: «Аллаһу та'ала кәпірлерді жақсы көрмейді». (Әли Имран 32). «Аллаһу та'ала ысырап етушілерді жақсы көрмейді». (Әнам 141). «Аллаһу та'ала өз-өзін ұнатып, мақтанатын ешбір адамды жақсы көрмейді». (Лоқман 18). Бірнеше хадис шәрифтердің мағынасы мынадай: ««Аллаһтан қорық» деген кезде «Сен өзіңе қарап ал» деген адамды Аллаһу та'ала жақсы көрмейді». (Бәйһақи). «Дұшпандықта озат болғандарды Аллаһу та'ала жақсы көрмейді». (Бұхари). «Аллаһу та'ала тәкәппар адамдарды жақсы көрмейді». (Дәйләми). «Аллаһу та'ала көршісіне қиыншылық беретін адамды жақсы көрмейді». (Дәйләми). «Аллаһу та'ала сахабаларымды және туысқандарымды ренжіткен адамды жақсы көрмейді». (Табарани). «Аллаһу та'ала көп ішіп-жейтін және көп ұйықтайтын адамды жақсы көрмейді». (И.Ғазали). «Аллаһу та'ала сараңдықты жақсы көрмейді». (Бәриқа). «Аллаһу та'ала жаман сөз сөйлейтін адамды жақсы көрмейді». (Ибн Әбиддүния). «Аллаһу та'ала залым бай адамды жақсы көрмейді». (Бәззар). «Аллаһу та'ала жақсылықтан қапы қалған адамды жақсы көрмейді». (Дәйләми). «Аллаһу та'ала жұмыс істемейтін жастарды жақсы көрмейді». (Мүнауи). «Аллаһу та'ала шындықты қабыл етуге қарсы болатын адамды жақсы көрмейді». (Бұхари).
Ең ауыр азап Сұрақ: Өзі мұсылман болса да, күнәлары көп болғандықтан тозаққа түскен адамдардың арасында азабы ең ауыр болатын кімдер? Яғни қай күнәнің себебімен ауыр азапқа ұшырау мүмкін? Жауап: Бұл адамдарға қарай өзгергеніндей, күнәні істеу себептеріне қарай да өзгереді. Мысалы бір патшаның зұлымдығы мен бір құлдың зұлымдығы бір бола алмайды. Пұт жасаушы мен сурет салушының азаптары бірдей болмайды. Ниеттеріне қарай өзгереді. Сүйікті пайғамбарымыздың кейбір күнәлардың маңызын білдіру үшін «Пәлен күнәларды істеген адам ең ауыр азапқа душар болады» дегені болған. Бұлардан үш хадис шәрифтің мағынасы мынадай: «Қияметте азабы ең ауыр болатын адам – жандының суретін салатын адам». (Бұхари). «Қияметте азабы ең ауыр болатын адам – залым басқарушы». (Бәйһақи). «Қияметте азабы ең ауыр болатын адам – ілімі өзіне пайда бермейтін ғалым». (Табарани). |
|
Сұрақ: Кейбір хадис шәрифтерде «Пәлен нәрсені істеген адамның бүкіл күнәлары кешіріледі» делінген. Оларға үлкен күнәлар да жатады ма? Мысалы, құмар, ішімдік, пайыз, зина, адам өлтіру, қарақшылық, намаз оқымау, ораза тұтпау сияқты үлкен күнәлар да кешіріле ме? Жауап: Фиқһ ілімі хадис шәрифтерден үйренілмейді. Хадис шәрифтердің түсініктемесі болған, нақылды негізге алған ілімхал, фиқһ кітаптарынан үйреніледі. Мысалы, хадис шәрифтерде былай делінген: «Дәрет алған адамның барлық күнәлары кешіріледі». (Мүслим). «Әр күні үш рет Адам алейһиссаламға салауат айтқан адамның яғни «Салауатуллаһи алә Адәмә» деген адамның барлық күнәлары кешіріледі». (Дәйләми). «Қажылыққа бара жатқанда немесе келе жатқанда қайтыс болған адамның барлық күнәлары кешіріледі». (Исфахани). «Әр намаздан кейін 3 рет «Әстағфируллаһ-әл азыйм әлләзи лә илаһә иллә һуәл хаййәл қаййумә уә әтубу иләйһ» дұғасын оқыған адамның бүкіл күнәлары кешіріледі». (Ибн Сунни). «Жұма күні таң намазынан алдын «Әстағфируллаһ-әл азыйм әлләзи лә илаһә иллә һуәл хаййәл қаййумә уә әтубу иләйһ» дұғасын оқыған адамның бүкіл күнәлары кешіріледі». (Ибн Сунни). «Әр намаздан кейін 33 тәсбих (Субханаллаһ), 33 тахмид (Әлхамдулилләһ), 33 тәкбір (Аллаһу әкбар) және бір тәһлил: «Лә илаһә иллаллаһ уахдәһу лә шәрикә-ләһ ләһул-мулку уә ләһүл хамду уә һуә ала кулли шәйин қадир» оқыған адамның теңіз көбігіндей күнәсы болса да кешіріледі». (Мүслим). «Ишрақ уақытында екі рәкат намаз оқыған адамның бүкіл күнәлары кешіріледі». (И.Ахмед). «Екі мұсылман сәлемдесіп мусафаха етсе (қол алысса) және маған салауат шәриф оқыса, анадан жаңа туылғандай барлық күнәлары кешіріледі». (Р. Насихин). Бұл хадис шәрифтер шартсыз айтылғандықтан, кейбір шарттары бар деген сөз. Барлық күнәлардың кешірілуі үшін төмендегідей шарттар бар: 1) Мұсылман болуы және ақидасының (сенімінің) дұрыс болуы шарт. Әһли сүннет сенімінде болмаған адамның, бидғатшының ешбір ғибадаты қабыл болмайды. 2) Парыздарды орындап, харамдардан сақтануы шарт. Мысалы, намаз оқымайтын немесе зина жасайтын адам мың мұсылманмен амандасса да күнәлары кешірілмейді. 3) Күнәларға тәубе етуі және құл (кісі) ақыларын өтеуі де шарт. 4) Бұл істерді ғибадат ретінде жасауға ниет етуі де шарт. 5) Сонымен қатар барлық күнәлар делінген кезде көбінесе үлкен күнәлар емес, кіші күнәлар түсініледі. Яғни жоғарыда білдірілгендер кіші күнәлар. Бұған қарамастан бәрін орындай алмасақ та, орындай алатынымызды да қолдан жіберіп алмау керек. Айрықша тәубе еткен кезде үлкен күнәлар да кешіріледі. |
|
Сұрақ: Баланың істеген сауаптары ата-анасына да жазылады екен. Ал күнәлары жазыла ма? Қабіл істеген күнәлар әкесі Адам пайғамбарға (алейһиссалам) да жазыла ма? Жауап: Иә, баланың істеген сауаптары мұсылман ата-анаға жазылады. Күнә істеуді үйреткен ата-анаға баласының күнәсі да жазылады. Ғибадат үйретсе, оның да сауабы ата-анасына жазылады. Хадис шәрифте: «Мұсылманның перзенті ғибадат еткенде тапқан сауабындай әкесіне де беріледі. Кімде-кім баласына күнә үйретсе, ол бала қанша күнә істесе, сол күнәні үйреткен әкесіне де сонша күнә жазылады» делінген. (С.Әбәдия) Күнә үйретпеген хазрет Адам пайғамбарға өз бауырын өлтірген Қабілдің күнәсі жазылмайды. Пайғамбарлар күнә істемейді. Біреудің күнәсі басқа біреуге жазылмайды. Хадис шәрифте: «Ешкім өзге біреудің күнәсін тартпайды» делінген. (Хаким) Құран кәрімде дәл осы мағынадағы аяттардың бірі мынадай: «Ешбір күнәһар өзге біреудің күнәсін тартпайды». (Әнам 164). Халықты адастырғандар, адасушылықта жетекші болғандар өз күнәларын жүктеумен қатар сол адамдардың да күнәларын жүктейді. (Нахл 25 – Бәйдәуи). Адамның бір жақсы амалды жасауға шамасы жетпесе, сол жақсы амалды жасауға себепші болса, сол жақсылықты жасағандай сауап алады. Хадис шәрифте айтылады: «Қайырымға жол көрсеткен (себепші болған) адам ол қайырымды жасағандай сауапқа кенеледі». (Бәйһақи).
Сұрақ: Салих, тақуа бала жетілдірген адам мұның пайдасын өлгеннен кейін де көре ме? Жауап: Әлбетте көреді. Мұсылманның ықыласпен жасаған жақсы амалдарының сауаптары қияметке дейін оның амал дәптеріне жазылады. Хадис шәрифтерде айтылады: «Адам қайтыс болғанда оның амал дәптері жабылады. Тек мына үшеуі ғана тоқтамайды: садақа-и жария, пайдалы білім және оған дұға ететін салих перзент қалдыру». (Бұхари). «Қайтыс болғаннан кейін сауабы тоқтамайтын жақсы амалдардың бірі – салих перзент жетілдіру. Ата-анасы қайтыс болғаннан кейін осындай баланың жасаған дұғасы ата-анасына жетіп барады». (Мүслим). «Мына жеті амалды істеген адам өлгеннен кейін де үздіксіз сауап алады: 1) (Дінге сай) ғылыми еңбек қалдырған, 2) Су көзін ашып берген, 3) Су құдығын ашып берген, 4) Құрма ағашын отырғызған, 5) Мешіт құрып көтерген, 6) Құран кітабын жазған, 7) Қайтыс болғаннан кейін оған дұға ететін салих перзент өсіріп жетілдірген кісі». (Бәйһақи, Әбу Дауд).
Сұрақ: Балиғат жасына толмаған мұсылман баласы күнә істесе, оған күнә жазыла ма? Немесе күпірге түсіретін, діннен шығаратын сөз айтса кәпір бола ма? Жауап: Балиғатқа толмаған бала әлі діннің үкімдеріне жауапкер емес. Оған күнә жазылмайды. Күпір сөз айтумен кәпір болмайды. Ата-анасы күнә, күпір нәрселерді жасатпауы керек. Әйтпесе оларға күнә болады.
Жақсы перзенттің пайдасы Сұрақ: Баланың жақсы амалдары кәпір болып өлген ата-анасына пайдасын тигізе ме? Жауап: Иә, пайдасы тиеді. Екі хадис шәриф мынадай: «Құран оқыған адамның ата-анасы кәпір болса да, азаптары жеңілдейді». (Тәнбих-ул ғафилин). «Бисмиллаһ жазылған қағазды жерде аяқ асты болмасын деп құрметтеп көтерген адам сыддық ретінде жазылады. Оның ата-анасы кәпір болса да, азаптары жеңілдейді». (И.Суюти).
Бала сындырып қойған заттың құнын өтеу Сұрақ: Бала сындырып қойған заттың құнын ата-анасы өтеуі керек пе? Жауап: Бала біреудің затын құртып қойса, баланың мүлкінен өтеледі. Баланың мүлкі жоқ болса, мүлкі бар болғанға дейін күту керек. Ата-анасы өтеуге мәжбүр емес. (Мәжәллә, 916-бөлім). Бірақ ақылы кірген бала бір затты құртып қойса, құнын өтейді. Бала сатып алынған заттың өз мүлкі болатынын және сатқанда мүлкінен шығатынын түсінсе, ол баланы ақылы кірген бала деуге болады.
Сұрақ: Ата-ана күнә саналатын амалды кішкентай балаларына жасатса, ол күнә балаға жазыла ма, әлде ата-анасына ма? Жауап: Үлкендерге, яғни ата-анасына харам болған амалды өз баласына жасатқан адам харам, күнә істеген болады.
Сұрақ: Ұл және қыз баланың кәмелет жасқа толуы қай кезден басталады? Жауап: Бұл туралы «Мәжәллә» кітабының 986-шы бөлімінде былай жазылған: «Балиғат (кәмелет) жасының басы ұл балада он екі жас, ал қызда тоғыз жас. Ал соңы екеуіне де он бес жас. Он бес жасқа толған кезде балиғатқа толған болып саналады». |
|
Сұрақ: Кейбір адамдар «Аллаһ біреуді сау, біреуді мүгедек, біреуді ұзын бойлы, біреуді қысқа бойлы, біреуді сұлу, біреуді ұсқынсыз, біреуді бай, біреуді кедей, біреуді ақ реңді, біреуді қара реңді, біреуді ақылды, біреуді ақымақ қылып жаратқан. Бәрін тең жаратқанда жақсырақ болмас па еді?» дейді. Мен «Аллаһ ең жақсы болғанын жаратады. Жақсы болғанда, бәрін тең жаратар еді. Демек, біз білмейтін нәрселер бар» дедім. Олар бұған қанағаттанбады. Не деуім керек еді? Жауап: Сіз ең дұрыс жауапты бердіңіз. Одан жақсырақ жауап болмайды. Адамның жаратылу себебі білінбейінше дүниедегі құбылыстардың себебі аңғарыла алмайды. Аллаһу та'ала дүние мен ахиретті сүйікті құлы және расулы Мұхаммед алейһиссалам үшін жаратты. Басқа жанды және жансыз болмыстарды да адамзаттың пайдалануы үшін жаратты. Дүние зауық үшін жаратылмады. Ал ахирет – мәңгі марапат және жаза орны. Дүние – ахиреттің емтиханы болатын жер. Әркім барлық тұрғыда тең болса, емтиханның мәні қалмайды, жақсы мен жаман ажыратылмайды. Аллаһтың әмірлері мен тыйымдарына бағыну арқылы түрлі қиындықтар бастан өтеді, бағынған мен қарсы шыққан адам бір-бірінен ажыралады. Адам жансыз болмыс сияқты, шөп немесе жануар сияқты емес, құлшылық және емтихан үшін жаратылды. Адам қажеттіліксіз, қиындықсыз және барлық тұрғыдан кемшіліксіз жаратылғанда еді, емтихан мен дүние мәнсіз болар еді. Адамдардың, жануарлардың және әлемдегі жанды-жансыз басқа жаратылыстардың әрекеттері, ақылды қайран қылатын жүйелер зерттерліп қаралса, барлық нәрсеге күші жететін Раббымыздың дүниені мақсатсыз жаратқанын ойлау мүмкін емес. |
Имам Раббани хазрет былай деген: |
Адамдар дүниеде бірнеше күн дерт көрмесе, жәннаттың, мәңгі денсаулық пен саламаттық ниғметтерінің шексіз ләззаттарының қадірін білмес еді. Аштық шекпеген адам тамақтың ләззатын түсінбейді. Ауру сезбеген адам рахаттықтың қадірін білмейді. Әр адам барлық тұрғыдан тең жаратылғанда еді, үлкен пәлекет болып, қоғамдар болмас еді. Адамдар бой, рең, түр, ақыл, байлық, денсаулық, күш-қуат, сұлулық, мінез сияқты барлық қасиетте тең болса, жонғыш білдектен шыққандай бірдей болса, миллиардтаған адамды бір-бірінен ажырату мүмкін болмайды. Ерлі-зайыптылар бір-бірін тани алмайды, адам әйелі мен қызын ажырата алмайды, өмір сал болады. Тек осы түрдегі ұқсастық тұрғысынан мыңдаған проблемалар пайда болады. Басқа саладағы теңдіктер көрілместен, байқалмастан өмір сөнеді. Әркім білім мен мәдениет тұрғысынан да тең болса, газетке, кітапқа, фильмге қажеттілік қалмайды. Күрес, жүгіру, жүзу сияқты спорт түрлері мен жарыстар болмайды, себебі бәрі бірдей қабілетте. Жақсының қадірі жаман арқылы белгілі болады. Бәрі жақсы болса, жақсының қадірі қалмайды. Ұсқынсыздық болмаса, сұлулық аңғарылмайды. Ауру болмаса, денсаулықтың қадірі білінбейді. Адам оқу оқып, барлық тұрғыдан кәміл болуды қалайды. Бәрі бірдей болса, кім кімнен үстем болады? Әмірсіз, қызметшісіз, жұмысшысыз, бастықсыз қоғам болмайды. Барлық мәселеде тең болудың зияндары санауға келмейтіндей көп. Сондықтан Аллаһу та'ала барлық нәрсені хикметімен және әділетімен жаратқан. Әділет бар болса, істер дұрыс жүреді. Мысалы, бес саусақтың бесеуі де бірдей болғанда еді, бас бармақ басқа саусақтардың арасында болғанда еді, қазіргідей пайдалы істер атқара алмайды, үлкен нұқсандық болар еді. Әділетпен жаратылу тең жаратылумен салыстыруға да келмейді. Бір ата-анадан зеректігі, қабілеті өзге болған балалардың жаратылуы, миллиардтаған адамның бір-біріне ұқсамауы, тіпті саусақ іздерінің өзгеше болуы да Аллаһу та'аланың құдіретінің шексіздігін көрсетуде. Оның құдіреті шексіз, құрметі өте жоғары.
Жеке іске араласу Сұрақ: Атеисттер «Кейбір адамдардың қортық, мүгедек немесе ұсқынсыз жаратылуы әділетсіздік, бәрі дұрыс және тең жаратылуы керек еді» дейді. Оларға қалай жауап беруге болады? Жауап: Бір аяти кариманың мағынасы мынадай: «Олардың діндеріне бағынбайынша яһудилер мен христиандар саған ешқашан разы болмайды». (Бақара 120). Бұл атеисттерге де барлық тақырыпта дәлел көрсетілсе, анықталса, олардың дінін, яғни атеизмді қабыл етпегенше мұсылмандарды жақсы көрмейді және Ислам дінін жамандауды жалғастырады. Жыланның «Мені неге жылан қылып жараттың, мені арыстан қылып жаратпадың ба?» деп айтуға хақысы бар ма? Арыстан да «Мені неге жануар қылып жараттың, мені де адам қылып жаратсаң, жақсырақ болмас па еді?» деуге хақысы бар ма? Бұл барлық жануар үшін осындай. Шошқа, құмырсқа, шаян, маса, бәрі осыған ұқсас сөздер айта алады. Кедейдің «Мені неге бай қылып жаратпадың?» деп Аллаһтан есеп сұрауға кірісуі дұрыс бола ма? Еркек сұлулық пен байлыққа бейім болып, «Мені неге әйел қылып жаратпадың?» десе дұрыс бола ма? Оны шошқа немесе ит қылып жаратуы да мүмкін еді. Әйел «Мен күшті палуан болар едім, мені неге еркек қылып жаратпадың?» десе дұрыс бола ма? Қара нәсілді адам «Мені неге ақ реңді қылып жаратпадың?» дей ала ма? Бұларды көбейту, тіпті терісін айту да мүмкін. Бір шаруашылық егесі бір түлік малдарды бір жерге орналастырса немесе әрбіріне бөлек жер жасаса, яки кейбір түлік малдарды бір қораға қойса, бұған кімнің не айтуға хақысы бар? Яки қалаған кезінде бір тоқты немесе тауық сойып жесе, бұған кім қарсы шыға алады? Өйткені малдар – адамның мүлкі, қалағанындай бағады, қалағандарын сойып жейді. Әлемдегі барлық болмыс Аллаһу та'аланың мүлкі, қалағанындай қолдана алады. Бұған ешкім араласа алмайды. Басқа бір адамның мүлкін қолданса, осы кезде әділетсіздік тақырыбын қозғауға болады. Ешкімнің жеке ісіне араласуға болмайды. Кімді қалай жарату да Аллаһтың жеке ісі. |
|
Сұрақ: Күнә істеп қойған кезде не істеу керек? Жауап: Күнә істеген кезде дереу көңілмен тәубе ету (өкіну) және тілмен истиғфар (әстағфируллаһ) айту керек! Көңілге келген әрбір қиыншылық және дақ (көңілдің қараюы) тәубе-истиғфар, өкіну арқылы және Аллаһу та’алаға сиынып оңай кетірілуі мүмкін. Бірақ дүниелік үшін уайымдаудан келген дақ, қараю көңілді толығымен қарайтады. Оны тазалау өте қиын болады. «Дүниеге берілу күнәлардың басы» деген хадис шәриф осыны білдіруде. (Бәйһақи). Күнә істеген адам өкініп, дәрет алып намаз оқыса және күнәсінің кешірілуі үшін истиғфар айтса, Аллаһу та’ала ол күнәні әлбетте кешіреді. Өйткені аяти кәримада былай делінеді: «Біреу күнә істесе немесе өзіне зұлымдық етсе, кейін өкініп Аллаһу та’алаға истиғфар етсе, Аллаһу та’аланы мейірімді және кешірімді күйде табады». (Ниса 110). Мұхаммед Масум Фаруқи хазрет былай деген: «Дерттердің, бәлелердің кетуі үшін истиғфар (әстағфируллаһ) айту өте пайдалы. Көп тәжірибе етілген. Бәйһақи жеткізген хадис шәрифте: «Истиғфар (әстағфируллаһ) айтуды әдет еткен, көп оқитын адамды Аллаһу та’ала дерттерден, қиыншылықтардан құтқарады. Оны ойламаған жерден ризықтарға қауыштырады» делінген». (2-том, 80-мәктуб). «Истиғфар адамды мұратына, амандыққа жеткізеді. Шипа үшін тәубе ету керек, көп истиғфар оқу керек. Истиғфар бүкіл дерттерге, қиыншылықтарға қарсы пайдалы. Өйткені Аллаһу та’ала истиғфар оқығандардың көмегіне келеді». (Худ 52, Фәуаиди Османия). Истиғфар – күнәнің кешірімін тілеу, әстағфируллаһ деп айту деген сөз. Әстағфируллаһ – «күнәмды кешіре гөр Аллаһым» дегенді білдіреді. Истиғфар ету күнәлардың кешіріміне себеп болатын жақсылықтар жасау деген сөз. Мәселен Құран кәрім оқу, садақа беру және басқа да жақсылықтар жасау да истиғфарға жатады. Тәубе – харам істегеннен кейін өкініп, Аллаһу та’аладан қорқу, енді қайталамауға шешім қабылдау деген сөз. Хадис шәрифте былай делінеді: «Тәубе – күнәдан кейін ол күнәні қайталап жасамау деген сөз». (И. Ахмед). «Тыныштығы тәфәккур, қарауы ғибрат болып көп истиғфар еткен адам құтылды». (Дәйләми). «Ризыққа қауышқан адам көп хамд (шүкір) етсін! Ризығы азайған адам көп истиғфар айтсын!». (Хатиб). «Күнәларың көп болып, көктерге жетсе, тәубе еткенде Аллаһу та’ала тәубелеріңді қабыл етеді». (Ибн Мажә). «Күнә көңілде із қалдырады, тәубе және истиғфар еткенде ол дақ жойылады, көңіл тазарады». (Тирмизи). Күнәның артынша дереу тәубе ету парыз. Тәубені кешіктіру де үлкен күнә. Кешіктірген үшін де бөлек тәубе ету керек. Хазреті Хүзәйфә бала-шағасын бағуда қатты қиналып жүреді. Хәлін білдіргенінде пайғамбарымыз: «Ей, Хүзәйфә, неге истиғфар етпейсің? Мен күніне жүз рет истиғфар айтамын» деген. (Нәсаи). Хасан Басри хазретке біреу жұттан, біреу кедейліктен, тағы біреуі бала болмауынан шағымданады. Барлығына истиғфар айтуларын айтады. Басқа адамдар да әртүрлі мәселеде шағымданып келеді. Оларға да истиғфар айтуларына кеңес береді. Себебін сұрағандарында «Нұх» сүресінің 10, 11 және 12 аяттарын оқиды. «Наср» сүресінде де Аллаһу та’аланың тәубелерді қабыл ететіні білдірілуде. Шарттарына сай жасалған тәубені сөзсіз қабыл етеді.
Қиыншылықтан құтылу үшін Бәле-жалалардан, қиыншылықтардан құтылу үшін истиғфар оқу өте пайдалы. Әрқашан жүз рет «Әстағфируллаһ-әл-азыйм әлләзи лә илаһә илләһу-әл хаййәл қаййумә уә әтубу иләйһ» деп айтып жүру керек және мағынасын түсініп айту керек! Мағынасы: «Өзінен басқа тәңір болмаған, Хайй, Қайюм, Азыйм болған Аллаһқа истиғфар етемін және жасаған күнәларыма өкініп, Оған сиынамын» дегенді білдіреді. (Азыйм: заты және сипаттары кәміл. Хайй: әзәли, яғни ежелден бастауы жоқ және соңы жоқ, тірі. Қайюм: затымен бар болған, жаратқан барлық махлұқтарын бар етіп ұстап тұрған). Жоғарыда білдірілген истиғфарды екінді намазынан, тәсбихтерден және дұғадан кейін жүз рет оқу керек! Әһли сүннет ақидасында болу, құл хақыларын және қазаға қалған парыздарын өтеу және харамдардан бастарту шартымен жұма күні таң намазынан бұрын осы истиғфарды оқыған адамның бүкіл күнәлары кешіріледі. Хадис шәрифтерде былай делінді: «Қиямет күні амал дәптерінде көп истиғфар болған адамға сүйінші болсын!». (Бәйһақи). «Истиғфар айтып жүрген адам барлық қиыншылықтан, қайғыдан, күн көріс тапшылығынан құтылады, бақ-берекеге кенеледі, ойламаған жерінен ризыққа қауышады». (Нәсаи). «Дерттерің күнәлар, дауасы истиғфар». (Хаким). «Көңілдердің сергітушісі истиғфар». (Бәйһақи). Аллаһу та’ала «Истиғфар айтқан адамды кешіремін. Өзін кешіруге құдіретті екенімді білген адамның күнәларын кешіремін» деп бұйырған. (Тирмизи).
Сұрақ: Кейде құрбылармен басымыз қосылып отырамыз. Өсек айтылады, ең болмағанда бос нәрселер айтылады. Бұл күнәлардан құтылу үшін дұға бар ма? Жауап: Жасалған күнәлар үшін тәубе және истиғфар ету керек. Ақысы өткендермен халалдасу керек. Сонымен қатар Аллаһу та’аланы еске алу керек. Хадис шәрифте: «Бір жерге жиналып қажетсіз нәрселер сөйлегендер тұрарда «Субханакәллаһуммә уә би-хамдикә әшһәду ән лә илаһә иллә әнтә әстағфирукә уә әтубу иләйкә» дұғасын оқыса, ол жерде істеген күнәлары кешіріледі» делінген. (Тирмизи).
Жақсы амалдың маңызы Сұрақ: Үлкен күнә істеген адам тәубеден басқа не істеуі керек? Жауап: Жақсы амал істеуі керек. Құран кәрімде былай делінеді: «Біз жақсы амал жасағандардың сияпатын әлбетте зая етпейміз». (Кәхф 30). «Аллаһ жақсылық еткендерді жақсы көреді». (Али Имран 134). «Ғасырға серт болсын, адамдар зиянда, тек иман келтіріп салих (жақсы) амал істегендерден басқа». (Аср 1-3). Бұдан көргеніміздей иманды болу шартымен жақсы амалдың маңызы өте үлкен. Күнә істеген адам тәубе етуі керек, жақсы амалдар жасау керек. Әсіресе өз жақындарына, ата-анасына, туыстарына жақсылық етудің сауабы өте көп. Бір кісі пайғамбарымыздан: - Йа, Расулаллаһ, үлкен күнә істедім. Тәубем қабыл бола ма, не істеуім керек? - деп сұрайды. Сонда пайғамбарымыз: - Анаң бар ма? - деді. - Жоқ. - Әпкең бар ма? - Иә, бар. - Олай болса, соған жақсылық жаса! (Тирмизи). |
|
Сұрақ: Мен намаз оқитын, ораза ұстайтын және харамдардан сақтануға тырысатын әйелмін. Бірақ оранбағанмын. Екі топ адамдар маған тиіседі. Бір бөлігі былай дейді: «Басың ашық болғандықтан ешбір ғибадатың өтпейді, босқа әуре болма, бекерге ғибадат жасама. Ислам діні бір бүтін, оны толығымен ұстану керек». Бір бөлігіне де ғайбат айтпаңдар, арақ-шарап ішпеңдер, өтірік айтпаңдар деген сияқты сөздер айтқан кезімде «сен де басыңды ашып жүрсің ғой» дейді. Олардың мені осылай сынағандары дұрыс па? Жауап: Әрине дұрыс емес. Өкінішке орай күнімізде «Не толық істе, не мүлдем істеме» дегендей көзқарас бар. Мәселен «Намаз оқымасаң ораза тұтпа», «Намаз оқымасаң күнә істей бер» дегендей пікірлер белең алған. Дінімізде иман «Не бар болады, не жоқ болады». Яғни иманның азы, көбі болмайды. Иман не бар болады, не жоқ болады. Иманның шарттарының тіпті біреуін де жоққа шығару күпір болады. Бірақ ғибадаттардың біреуін орындамаған немесе күнәлардың біреуін істеген адамға кәпір деуге болмайды. Кейбір ғибадаттарды орындамаған адамға немесе кейбір күнәлардан сақтана алмағандарға «сен осы күнәні істеп жүрсің, енді ғибадат етудің қажеті жоқ» деуге болмайды. Бірақ күнә кіші болса да сақтануға тырысу керек. Бір күнәні істеп жүрген адам басқа күнәларды істей бастайды. Бір күнә басқа күнәларды шақырады. Күнә – қарсы шығу деген сөз. Ақылды адам Раббына қарсылығының мөлшерін арттыра ма? Керісінше, азайтуға тырысады. |
Имам Раббани хазрет былай деген: |
«Бүкіл күнәларға тәубе етіп, барлығынан тыйылу үлкен ниғмет. Бұл нәрсе орындалмаса, ең болмағанда кейбір күнәларға тәубе ету де ниғмет. Бәлкім соның берекесімен басқа күнәларға да тәубе ету нәсіп болады. «Бір нәрсені толығымен орындай алмаған адам ең болмағанда барлығынан да айрылып қалмауы керек» деген ғұламаларымыз». (2/66). Бірнеше күнәға байланған адам біреуінен бас тартқысы келген кезде оған «Басқаларын да тоқтата алмаған болсаң, бұл күнәңды да жалғастыра бер» деп айтуға болмайды. Күнәнің мөлшері қаншалықты азайса, соншалықты жақсы болады, өйткені Аллаһтан қорқып бір күнәдан бас тарту – иманның бар екенінің белгісі. Мүлде ғибадат етпегеннен гөрі аз ғибадат етудің өзі олжа. Мұсылмандық әсте әсте дейді. Енді дінге бет бұрып келе жатқан адамды «толық істемесең мүлде істеме», «намаз оқымасаң ораза тұтпа» деп райынан қайтару дұрыс емес. Аллаһу та’ала бір хадис құдсида былай деген: «Кімде-кім Мен жаққа қарай бір қадам басса, Мен оған он қадам жақындаймын». Ғалымдарымыздың да «Бір амалдың бәрін орындай алмасаң, ең болмағанда барынан да айрылып қалма!» деген сөздеріне сүйенетін болсақ, ең болмағанда қолынан келгенше, аздап болса да әмірлерді орындауға тырысып, тыйымдардан сақтануға тырысу бастапқыда дұрыс. Кейін уақыт өте келе осылардың құрметіне толықтай орындауы нәсіп болатыны үміт етіледі. Хадис шәрифте: «Өмірінде бір рет Аллаһты еске алған немесе Одан қорыққан мұсылман әлбетте тозақтан шығады» делінген. (Тирмизи). Олай болса, қандай күнә болса да, одан сақтануға тырыссақ, күнәларымыздың жазасын тозақта тартсақ та бір күні ол жерден құтылып жаннатқа кіреміз. Тіпті, шапағатқа қауышып мүлдем кірмей жәннатқа бару ықтималы да бар. Сол үшін иманды болып жан тапсыруға көп күш салу керек. Иманды болып өлу үшін харамдардан сақтанып, ғибадаттарды орындау керек.
Сұрақ: Ғибадаттарда «Не бүкіл ғибадаттардың барлығын орында немесе мүлдем ешқайсысын жасама», ал күнә тұрғысында, «Я күнәлардың барлығынан бас тарт немесе ешбірін тастама», яғни «не бәрін істе, не мүлдем істеме» деп жатады. Осы сөздер қаншалықты дұрыс? Жауап: Бұл тақырыптарда «не толық істе, не мүлдем істеме» деудің дұрыс және бұрыс болған жақтары бар. Дұрыс жағы: Намаз оқы, қалай оқысаң солай оқы, ешқандай сүре оқымасаң да оқы, дәретсіз болсаң да оқы деу қате. Әрбір ғибадатты діннің білдірген өлшемдері бойынша орындауға тырысу керек. Яғни жасай алғанымызша жасаймыз, бірақ үкімдеріне сай жасау керек. Мысалы, ораза ұстаған адам түске дейін ұстап, түстен кейін ішіп-жесе, «Басқалар мүлде тұтпайды ғой, қайта мен түске дейін тұттым» десе қате болады. Бұл әмірді өзгерту болып, бидғатқа жатады. Тіпті оразаны мазақ қылу болуы мүмкін. Екі рәкат таң намазының парызын оқи бастағаннан кейін бір рәкат қылып қалдырса, «Басқалар мүлдем оқымайды ғой, қайта мен бір рәкат оқыдым» деп айту қате болады. Намазды мазақ етуге себеп болуы мүмкін. Еш орындамау өте жаман болса да, бұлай жасау еш орындамаудан да жаман болуы мүмкін. Музыкалық аспап шалып Құран оқығанның, «Басқалар мүлдем оқымайды ғой» деулері өте қате болады. Бұлай оқу еш оқымаудан да жаман. Бұрыс болған жағы: «Ислам діні бір бүтін, намаз оқымайтын болсаң оразаны да тұтпа, ашық жүрген болсаң намазды да оқыма, құмар ойын ойнап жүрсің, шарап ішпеудің еш пайдасы болмайды, не толық істе, не мүлдем істеме» деу қате. Бірнеше күнә істеп жүрмін деп басқа күнәларды да жасау керек емес. Имам Раббани хазрет былай деген: «Бүкіл күнәларға тәубе етіп, барлығынан тыйылу үлкен ниғмет. Бұл нәрсе орындалмаса, ең болмағанда кейбір күнәларға тәубе ету де ниғмет. Бәлкім соның берекесімен басқа күнәларға да тәубе ету нәсіп болады. «Бір нәрсені толығымен орындай алмаған адам ең болмағанда барлығынан да айрылып қалмау керек» деген ғұламаларымыз». Демек, ғибадаттардың барлығы орындалмаса да, жасай алғанынша орындап, күнәлардың барлығынан сақтана алмаса да, сақтана алғанынша сақтану – ниғмет. Осы тұрғыда «Не толық істе, не мүлдем істеме» деп айту дінге қайшы болады. |