|
Зәмзәм – қасиетті Мекке қаласында Мәсжид-и харам ішінде қағбаның Хажәри әсуад тасының бұрышы тарапында орналасқан құдықтан шығатын киелі су. Зәмзәм суы Ибраһим алейһиссалам дәуірінде шыққан. Хадис шәрифтерде айтылған: «Жер жүзіндегі құдықтардың ең қайырлысы – зәмзәм суының мүбәрәк құдығы». «Зәмзәм суы ауруларға шипа береді. Оны ішкендер тамақ жегендей аштықтарын басады». «Зәмзәм тойдырушы және ауруға шипа беруші». «Зәмзәмді бәле-жаладан қорғану ниетімен ішкен адамды Аллаһу та'ала қорғайды». Абдуллаһ бин Мүбәрәк хазрет «Расулуллаһ «Зәмзәм ішкен ниетке қарай пайдасын тигізеді» дегендіктен, мен қияметте шөлден құтылу үшін зәмзәм ішемін» дейтін. Ибн Аббас хазрет зәмзәм ішетін кезде «Йа, Раббым, сенен пайдалы білім, мол ризық және әртүрлі ауруларға шипа тілеймін» деп дұға ететін. Сәйид Абдулхаким Арваси хазрет айтқан: «Қажылықта зәмзәмді әр ішкенде қабырға тырысатындай тойып ішу керек. Зәмзәмнің жалғыз өзін ішу қажет, тіпті тағамда да қолданбаған жөн». Зәмзәм ішуге қатысты сүннеттер: 1) Уәда тауафын жасап, тауаф намазын оқыған соң көп зәмзәм ішу және үстіне құю. 2) Зәмзәмді құбылаға бұрылып, түрегеп тұрып, қағбаға қарап ішу. Зерттеушілердің айтуынша, «Не болғаны 1,5 метр тереңдіктегі құдықтан шыққан зәмзәм миллиондаған қажының суға деген қажеттілігін өтеуде. Оның қайнар көзі әлі табылмады. Қайдан келетіні қазіргі технологиямен де белгісіз. Жақын жерде ешқандай құдық жоқ және теңізге 80 км қашықтықта орналасқан. Осындай шартта суын теңізден немесе басқа құдықтан алуы мүмкін емес». Әбу Зәр Ғифари Мұхаммед алейһиссаламның исламға шақырып жатқанын естіп, Меккеге барып, мұсылман болуға шешім қабылдады. Үлкен ынтамен жолға шықты. Меккеге жетті, бірақ ол жақта ешкімді танымайтын еді. Ешкімнен ештеңе сұрамай қағбаның қасына барып отырды. Пайғамбарымызды көруге мүмкіндік іздеп, қайда екенін білу үшін белгі іздеп отырған еді. Кешке таман көшенің бір шетіне отырды. Хазреті Әли оны байқап қалды. Басқа елден келгенін түсініп, оны үйіне алып кетті. Әбу Зәр одан ештеңе сұрамады және сырын да айтпады. Таңертең қайтадан қағбаға барды. Осылай үш күн өтті. Ақыр соңында сырын айтты. Хазреті Әли «Сен дұрысын таптың» деді де, оны Расулуллаһқа апарды. Ол калима-и шаһадат айтып, алғашқы мұсылмандардан болды. Расулуллаһ одан «Сен кімсің?» деп сұрағанда «Мен Ғифар тайпасынанмын» деп жауап берді. «Қай кезден бері осындасың?» деген сұраққа «Үш күн, үш түн осындамын» деді. «Сені кім тамақтандырды?» дегенінде «Зәмзәм суынан басқа азық, сусын таппадым. Зәмзәмді ішкенімде ешқандай аштық және шөл сезбедім» деп жауаптады. Сонда пайғамбарымыз «Зәмзәм берекелі, ол аш адамды тойдырады» деді.
Су қосылған зәмзәм Сұрақ: Зәмзәм азайғанда су қосып көбейтуге бола ма? Жауап: Ол кезде су қосылған зәмзәм болады. Су көп қосылса, зәмзәм қосылған су болады. Зәмзәмнің ерекшелігі азаяды. Су араластырмай ішкен жөн. |
|
Сайтқа енгізілген жаңалықтарды, сұрақтарға берiлген жауаптарды және дiни мерекелерде кұттықтау хаттарды мүшелерiмiзге жiберiп тұрамыз. Дiни сұрақтар үшiн және сайтқа мүше болу үшiн мына адреске хат жолдасаңыз болады: in...@islamdini.kz Егер e-mail адресiңiз сiздiң хабарыңыз болмай бұл сайтқа тiркелген болса немесе сайттан хат алуды тоқтатқыңыз келсе, мына адреске бос хат жолдаңыз: islamdinikz...@googlegroups.com |
|
Ұлы Раббымыз бәрімізді жәннатына шақыруда. Мұның жалғыз шарты осы өмірде иман келтіру және соңғы демде иманмен жан тапсыру. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) «Соңғы сөзі «Лә илаһа иллаллаһ» болған адам міндетті түрде жәннатқа кіреді» деген. Жәннат ғибадаттың марапаты емес, Аллаһтың сыйы және мұның жалғыз шарты – иманмен жан тапсыру. Иманы жоқ адам жәннатқа кіре алмайды. Оның себебіне жүгіну қажет. Иманмен өлуге себеп болатын амалдардың бірі – баршаға әрдайым жақсылық жасау және оларға әр уақытта көмектесіп пайдалы болу. Қайырымдылық пен жақсылық жасауда ысырап болмайды. Жақсылық жасағанда күн және ағын су секілді болу керек. Адам-жануар, дінді-дінсіз баршаға жақсылық жасау қажет және бәрінің алдында күлімдеп, жылы жүзді, сыпайы болу керек. Осылай өмір сүру иманмен қайтыс болуға себеп болады. Осы себептен де асыл дініміз жомарт болуды аса мақтаған. Адамның басына келетін барлық пәлекеттер қол ашпаудан және алғанын жібермеуден туындайды. Алғанын жіберсе, қолы ашық болса, құтылады. Қолы ашық болмаған адам тұзаққа түседі. Қолын ашып садақа, зекет берсе құтылады. Жомарт болу – өте маңызды және қиын амал. Сараң кісі әмиянын ашқан кезде «Сенің сұрағаның ақша, оңай бере салатын жан емес қой, ақшаны бере салу оңай ма?» дейді. Алайда сүйікті пайғамбарымыз: «Жомарттық – тамыры жәннатта болған ағаштың бұтағы секілді. Оны жәннатқа апарады. Ал сараңдық – тамыры тозақта болған ағаштың бұтағы секілді. Оны тозаққа сүйрейді» деген. Жер жүзіндегі адамдардың ең қадірлісі болған мұсылман кісі қолынан және тілінен бәрі амандықта болатын адам. Одан мүлде зиян келмейді. Ол үнемі пайдалы болады. Екі түрлі пайда бар. Біріншісі дүниелік пайда, екіншісі ахиреттік пайда. Кім не істесе де, өзіне істейді. Бір адам қайырымдылық жасаса немесе соған себепкер болса, сол қайырымдылық жасалған сайын, адамдар соны істеген сайын оған өлгеннен кейін де сауап жазыла береді. Мұсылман адал болады, ешкімге опасыздық жасамайды. Өмірімізде қиын күндер де, жақсы күндер де өтіп жатыр. Ақырында бәрі өтіп кетіп жатыр. Дерт пен қиыншылықтың ауыртпалығына сабыр еткен адам марапатын алады және бұл сабыры жәннатта оның сансыз, шексіз ниғметтерге бөленуіне себеп болады. Дүниенің өмірі тек қиял ғана. Денеміздің бүкіл мүшелері және тіпті тамырымызда аққан қан да осында жасаған әрбір ісімізге ахиретте куә болады. Санаулы күндік өмірімізде қолымызда мүмкіндік бар кезде біреуге жақсылық жасап қалу керек. Ұлы Раббымыз жасаған жақсылықтардың марапатын жәннатта міндетті түрде береді. Тіпті кәпірлердің жасаған жақсылықтары соңғы демінде иманмен өлуіне, осылайша жәннатқа кіруіне себеп болуы мүмкін. Ал мұсылмандардың зұлымдық пен жамандық жасауы соңғы демінде имансыз кетуіне себеп болады. Мұсылман – бәрінің разылығын, дұғасын ала білген адам. |
|
Жамағатпен намаз оқу сүннет-и худа, яғни ислам дінінің белгісі болған маңызды сүннет. Жамағатпен оқылған намаз жалғыз оқылған намаздан 25 немесе 27 есе құндырақ. Намазды мешітте оқудың бөлек сауабы бар. Яғни мешітте намаз оқу үйде оқудан сауаптырақ. Хадис шәрифтерде былай делінеді: «Үйде оқылған намазға бір сауап, ауладағы мешітте жиырма бес сауап, жұма намазы оқылатын үлкен мешітте бес жүз сауап, Мәсжид-и Ақсада бес мың сауап, Мәдинадағы осы мешітімде елу мың сауап, Мәсжид-и Харамда (қағбада) жүз мың сауап бар». (Ибн Мажа). «Үйі мешіттен алыс болған адамның (әр қадамына сауап берілгендіктен) сауабы көбірек». (Бұхари). «Құптан мен таң намаздарын жамағатпен оқу мұнафықтарға ауыр келеді. Егер мұндағы сауапты білгенде, олар сүрініп болса да жамағатқа келетін еді. Намазға келмейтіндердің үйлерін құлатқым келді». (Бұхари). «Кімде-кім қырық күн таң намазының алғашқы тәкбіріне үлгерсе, оған екі құжат жазылады: тозақтан құтылу құжаты және мұнафық болудан амандық құжаты». (Әбушшәйх). Әмир-ул мүминин хазреті Омар (радиаллаһу анһ) бір күні таң намазын жамағатпен оқыған соң мешіттегілерге қарап, араларында біреуді көрмеген кезде «Пәленшені араларыңда көрмей тұрмын» деді. Жамағат «Ол түні бойы таңға дейін ғибадат етеді. Бәлкім қазір ұйықтап қалған болар» деді. Сонда әмир-ул мүминин «Әттең, түні бойы ұйықтап, таң намазын жамағатпен оқығанда, жақсырақ болар еді» деді. Дін ғұламалары айтады: «Мешіттер – Аллаһу та'аланың үйі. Әр адам қонағын өз шамасына, өз мүмкіндігіне, өз жағдайына қарай күтеді. Аллаһу та'ала «Менің үйіме келген адамды мен өзіме тән күйде, маған лайықты түрде күтемін» дейді». Үлкен ислам ғалымы Хусейн Хилми бин Саид (қуддиса сиррух) айтқан: «Біздің дініміз мұсылмандардың бірге жиналуына аса мән береді. Мысалы жамағатпен намаз оқу осының бір мысалы. Мұсылман емес бір елдің президентінің намаз оқып жатқанын көрсек, мұсылман болуы да, болмауы да мүмкін дей аламыз. Бірақ жамағатпен намаз оқыса, іші кәпір болса да, оған міндетті түрде мұсылман дейміз. Өйткені жамағат исламның белгісі. Мұсылмандар жамағатпен намаз оқыды ма, онда еш күмән келтірмей, «Ол мұсылман» деу керек. Өйткені соншалықты адамның куә болуын Аллаһу та'ала қайтармайды»... Қандай да бір себеппен мешітке бара алмаған адам үйіндегілермен немесе қонақтарымен намаз оқыса, жамағат сауабын алады. Бірақ қазір пандемия, коронавирус кезеңдері өтіп кетті. Кешірімді себебі болмаған ер мұсылмандар намаздарын мешітте жамағатпен оқуға тырысуы қажет, жоғарыда айтылған осы сүйіншілерден мақұрым қалмаған жөн. |
|
Намаз исламның бес шартының екіншісі болып, пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) миғражға барған кезде ең қайырлы үмбет болған Оның үмбетіне Аллаһу та'аланың әзәли бұйрығымен күніне бес уақыт ретінде парыз болды. Намаз – діннің тірегі. Кімде-кім намазын тұрақты түрде дұрыс және толық оқыса, дінін берік қылған, ислам ғимаратын тұрғызған болады. Адам пайғамбардан (алейһиссалам) бері барлық дінде намаз бар еді. Барлық үмбетке бір уақыт намаз парыз еді. Бірақ бір уақытта көп рәкат парыз еді. Біреулеріне таң намазы, біреулеріне ақшам намазы парыз еді. Әр үмбетке әр түрлі уақытта парыз болған намаздар біздің үмбетімізге бәрі бірден парыз болды. Сүлейман алейһиссалам бір намазын өткізіп алғанда тоғыз жүз құрбандық шалып, кешірім сұрады. Қырық күн аза тұтты. Әйюб алейһиссалам ғибадатында әлсіздік пайда болғанда «Мен шынымен де ауырып қалыппын» деп айқайлайтын. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) мүбәрәк тістері түсіп, мүбәрәк жүзінен қан ақса да, қол жайып «Йа, Раббым! Қауымыма хидаят бер. Олар білмейді» деген, бірақ Хәндәк соғысында екінді намазын өткізіп алғанда, яғни уақытылы оқылмауына себеп болғандарында «Бізді екінді намазынан олар мақұрым қалдырды. Йа, Раббым! Олардың жүректерін, көңілдерін отқа толтыр!» деген. Хазреті Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) бір түні үтір намазын өткізіп алды. Түні бойы көп ғибадат жасағандықтан, түннің соңында ұйықтап қалды. Таң намазында пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) артынан жүріп, мешіттің есік алдында жақындап, айқайлай бастады. «Йа, Расулаллаһ! Көмектесіңіз! Үтір намазымды оқи алмадым» деп өтінді. Расул алейһиссалам жылай бастады. Жәбрейіл алейһиссалам келіп, «Йа, Расулаллаһ, Сыддыққа айтыңыз, Аллаһу та'ала оны кешірді» деді. Баязид Бистами хазретті бір түні ұйқы басып, таң намазын оқи алмады. Ол бұған қайғырып, күйініп, қорқып жылағаны сонша, бір дауыс естіді: «Ей, Баязид, бұл күнәңді кешірдім. Жылағаныңның берекесімен саған бөлек жетпіс мың намаздың сауабын бердім» делінген еді. Бірнеше айдан кейін бір күні қайтадан ұйқы басты. Шайтан келіп, мүбәрәк аяғын түртіп оята бастады: «Тұр, намаз уақыты өтіп барады» деді. Шәйх Баязид бұған таңқалып: - Ей, малғұн шайтан, сен мұны қалай істейсің? Сен бәрі намазын өткізіп алуын қалайтын едің ғой! – деп сұрады. Ібіліс былай жауап берді: - Таң намазын оқи алмаған күніңде жылап жетпіс мың намаздың сауабын алған едің. Бүгін соны ойлап сені оятып жатырмын, бір уақыт намаздың сауабын ғана ал. Жетпіс мың намаздың сауабын алмай қал! Олай болса, ей, мұсылман, уақытыңды бос өткізбе! Уақытыңды жақсы пайдалан! Намазыңды уақытылы оқы, қиямет күні өкініп жүрме. Көп сауап жасап ал... (Намаз Рисаласы). |
|
Дінімізде намыстың, ар-ұяттың орны өте маңызды. Аллаһу та'аладан ұялу иманның күшті екенінің, ал ұятсыздық иманның әлсіз екенінің белгісі. Хадис шәрифтерде айтылған: «Ар-ұяттың аздығы күпірден». «Ұят пен иман бірге. Бірі кетсе, екіншісі де қалмайды». Ұятсыз адам уақыт өте күпірлікке дейін баруы мүмкін. Ұят иманның негізі. Ұяты бар адам Аллаһу та'аладан ұялғандықтан күнә істеуден тартынады. Адамдардан ұялмайтын кісі Аллаһтан да ұялмайды. Адамдардан ұялып, күнәні жасыру да ар-ұяттан. Адамдардан ұялғанның Аллаһу та'аладан да ұялғаны аңғарылады. Өйткені хадис шәрифте «Аллаһтан ұялған кісі адамдардан да ұялады» делінеді. Ұятсыз адамның адамгершілігі де төмен болады. Хазреті Әбу Бәкір «Ұятсыз адам халықтың арасында жалаңаш отырған кісі секілді» деген. Хазреті Лұқман Хакимнен адамдар сұраған екен: - Әдептілік, тектілік, мал-мүлік және білім арасында қайбірі үстемірек? - Әдептілік тектіліктен, білім мал-мүліктен қайырлы. Ұлы хазреті Лұқманнан сұрайды: - Ең жақсы қасиет қандай? - Діндар болу. - Ал егер екі қасиет болса ше? - Діндарлық және мал-мүлік иесі болу. - Егер үшеу болса? - Діндарлық, мал-мүлік және ар-ұят. - Егер төртеу болса ше? - Діндарлық, мал-мүлік, ар-ұят және көркем мінез. - Егер бесеу болса? - Діндарлық, мал-мүлік, ар-ұят, көркем мінез және жомарттық. - Алтау болса ше? - Балам, осы бес қасиет бір адамның бойында бар болса, ол адам тақуа, таза адам, Аллаһу та'аланың досы және шайттаннан аулақ болады. Аллаһу та'ала адамның ұрпақ жалғастыруы үшін ер мен әйелді бір-біріне тартымды етіп жаратты. Сонымен қатар бұл сезімге қарсы адамдар өмірде ауыр емтиханнан өтуге де тәуелді болды. Бұл емтиханнан өткен адам дүние мен ахиретте қаһарман болады. Адамдардың жақсы немесе жаман екені ар-ұят мәселесінде белгілі болады. Ұятсыз адам Аллаһ алдында күнәһар, халық алдында құрметсіз болады. Намыссыз адамның қоғамдағы жақсылардың алдындағы абыройы (құрметі) иттен де төмен. Бай және өте сұлу әйел егер ұятсыз болса, құрметсіз болады. Егер кедей және намысты әйел болса, әрдайым абыройлы, құрметке лайықты болады. Әлемдегі көптеген қылмыстар, ұрыс-керістер, қақтығыстар, көре алмаушылықтар, масқаралықтар, қысқасы барлық жамандықтар ұятсыздықтың кесірінен пайда болуда. Адамдардың көбі ұятсыздықтың жамандығын біле тұра, өкінішке орай сол жаман жолға түсуден өзін құтқара алмайды. Аллаһтан қорқатын адам ұятсыз бола алмайды. Олай болса, балаларымызға Аллаһтан қорқуды үйретуге тырысу біздің мойнымыздағы ең басты міндет болмақ. |
|
Өз ақылымызға қалса, жақсы мен жаманды өзіміз ажырата алмас едік. Көзімізбен көрмейтіндерді біле алмас едік. Мысалы, иманның шарттарының бірі періштелерге иманға қалай жетер едік? Раббымызды және Оның сипаттарын, қиямет күнін, қайта тірілетінімізді және бүкіл амалдарымыз үшін есепке тартылатынымызды пайғамбарлар (алейһимуссалам) хабар бермесе, бұған ақылымыз қалай жетер еді? Жер мен көкте не бар болса, бәрі біз үшін жаратылған, бәрі бізге қызмет етіп жатыр. Ал біздің не үшін жаратылғанымызды қайдан білер едік? Бізге бұл өмірді кім бергенін, не себепті бергенін және белгілі бір уақыттан кейін неліктен алатынын тек қана ақылымен түсініп жеткендер болар ма еді? Пайғамбарлардың саны жүз жиырма төрт мыңнан астам. Олардың үш жүз он үші Расул. Олардың барлығы иманның алты шартын қауымдарына хабар берген. Осы себепті бірін жоққа шығарған адам бәрін жоққа шығарған болып есептеледі. Нұх алейһиссалам ғасырлар бойы қауымын хидаятқа, тура жолға шақырды. Сексенге жуық адам иманмен абыройланды, кемеге мініп құтылды да, мәңгілік бақытқа кенелді. Құран кәрімде бұл оқиға баяндалғанда «Нұхтың қауымы пайғамбарларды өтірікке шығарды, Оған сенбеді» деп өткен. Алайда оларға Нұх алейһиссаламнан басқа пайғамбар жіберілмеген болатын. Енді олардың барлығы бір ауыздан бізге айтқандарына қарайық: 1) Бізді және бүкіл әлемді жаратқанның бар екеніне және бір екеніне сену. Одан өзгесіне табынбау, адамның өз қолымен жасап шығарған және ешқандай пайдасы тимейтін тастарға, ағаштарға ғибадат жасамау, олардан көмек күтпеу. 2) Періштелеріне иман келтіру. Періштелер нұрдан жаратылған болмыстар. Олардың ең ұлысы Жәбрейіл алейһиссалам. Барлық пайғамбарларға илаһи бұйрықтарды Ол әкелген. Одан кейін Микаил, Исрафил және Әзрейіл алейһиссалам тұрады. Періштелер мүлде күнә істемейді, адамдар секілді олардан қарсылық шықпайды. Оларға не бұйырылған болса, толықтай орындайды. Бірақ сонда да пайғамбарлар, сахабалар және көптеген салих адамдар олардан үстемірек. 3) Кітаптарына иман келтіру. Раббымыздың бұйрықтарын бізге жеткізген кітаптардың саны жүз төрт. Төрті үлкен, жүзі кіші кітаптар. Үлкен кітаптардан Таурат Мұса алейһиссаламға, Зәбур Дауд алейһиссаламға, Інжіл Иса алейһиссаламға, ал Құран кәрім біздің пайғамбарымызға (алейһиссалам) түскен. 4) Пайғамбарларына иман келтіру. Олар Раббымыздың бізге жіберген елшілері. Олар бізді хидаятқа шақырады. Оларды тыңдаған, оларға бағынған адам екі жаһанда да бақытқа кенелді және кенеледі. 5) Өлгеннен кейін қайта тірілуге сену. Ахирет күнінде не жәннат, не тозақ бар. Ахирет өмірінде алдымыздан шығатын қауіптерді, басымызға келетін қиыншылықтарды біліп алдық. Тозаққа апаратын амал істеп және сол бағытта жүретін болсақ, айып өзімізде. 6) Тағдырға сену. Барлық нәрсе Аллаһу та'аланың тағдырымен болады. Оның қалауынсыз ештеңе орындалмайды. Әр пайғамбарға әмір етілген ғибадаттар, намаз бен ораза өзгешеленуі мүмкін, бірақ осы иманның алты шарты тұрғысында олардың арасында ешқандай айырмашылық жоқ. |
|
Жомарттық – ақшаны, мал-мүлікті жақсы жерлерге таратудан рахаттану деген сөз. Ислам діні әмір еткен жерлерге қуанып беру деген сөз. Жақсы мінездердің ең үстемдерінің бірі болған жомарттық аяти карималармен және хадис шәрифтермен мақталған. Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) адамдардың ең жомарты еді. Бір нәрсе сұрап келген адамға жоқ дегені ешқашан байқалмаған. Сұралған зат бар болса беретін, жоқ болса жауап бермейтін. Теңдессіз жақсылықтары, сияпаттары мол болатын, тіпті Рим императорлары, Иран шахтары мұншалықты сый-сияпат жасай алмайтын еді. Бірақ өзі қиыншылықта өмір сүруді жақсы көретін. Мұсылманға жарасатын қасиет – қанағат етіп, дүниеқұмар болмаумен қатар, әл-ауқаты бар кезде өзінен бұрын өзгелерді ойлау, жомарттық, қайырымдылық жасау, сараңдық пен бақылдықтан құтылу. Кеңпейілділік – пайғамбарлардың мінезі және құтылудың негізгі жолдарының бірі. Хадис шәрифтерде айтылған: «Аллаһу та'ала бірқатар адамдары жақсылық жасау үшін жаратты. Жақсылықты оларға жақсы көргізіп, жақсылық жасаумен айналысуды да жақсы көргізді. Жәрдем мен жақсылық күткендерді оларға қаратты. Ашаршылық болған құрғақ жерлерде жаңбырды жіберіп, қурап тұрған топырақты және ол жақта өмір сүріп жатқандарды жандандырғанындай, беру себептерін де оларға жеңілдетті». «Жәннат – жомарттардың мекені». Хасан Басри хазреттен «Жомарттық деген не?» деп сұралғанда «Аллаһ разылығын көздеп мал-мүлкін жұмсау» деп жауап берді. Ахнәф бин Қайс қолында бір тиын ақшасы бар адамды көріп қалды. Одан: - Бұл кімнің ақшасы? – деп сұрады. Әлгі адам: - Менің ақшам, - деп жауаптады. Сонда ол: - Жоқ, сен оны қолыңнан шығармайынша, (қайырымдылыққа жұмсамайынша) сенің ақшаң бола алмайды, – деді. Жомарт адам болуға тырысып, сараңдықтан аулақ болу керек! Хадис шәрифте былай делінеді: «Сараңдықтан аса сақтаныңдар! Сендерге дейінгілерді сараңдық құртқан болатын». (Мүслим). Араб түбегінде жомарттығымен аты шыққан бір кісі қайтыс болған еді. Жолда аш қалған адамдар оның қабіріне барды. Аш күйде ұйықтады. Араларында біреуінің түйесі бар еді. Ол адамның түсіне марқұм кіріп, былай деді: - Сенің мына түйеңе менің ең жақсы түйемді ауыстырасың ба? - Иә, ауыстырамын. Әлгі адам түсінде түйесін жақсы түйеге ауыстырды. Марқұм алған түйесін сойды. Ұйқыдан оянғанда түйесінің сойылғанын көрді. Қазан әкеліп, пісіріп, жолаушылардың бәрі жеді. Қайтқан кезде жолда бір керуенге кезікті. Керуеннен біреу әлгі түйенің иесін есімімен шақырып былай деді: - Пәлен марқұмнан жақсы түйе сатып алдыңыз ба? - Иә, алдым. Бірақ ол түсімде еді. - Ол марқұм менің әкем. Мен де түсімде оны көрдім. Маған «Егер менің ұлым болсаң, менің мына түйемді пәленшеге бер» деді. Мінекей, алыңыз түйеңізді... Аллаһу та'ала бәрімізді осы оқиғадағыдай қабірде де жомарттығы жалғасатындардан қылсын! Әмин... |
|
Аллаһу та'аланы және Оның сүйікті құлдарын жақсы көретін адам сүйгендерін ұмытпайды, үнемі еске алып жүреді, бағынады және көп ойлайды. Жақсы мұсылман ғибадаттарын орындайды, өзіне қажетті білімді үйренеді, ешкімге жамандық жасамайды, харамнан сақтанады, ешкімнің мал-мүлкіне көз тікпейді және өлетінін естен шығармайды. Ондай адамның жүрегі дүниелік істермен айналысқан кезде Аллаһу та'аланы бір мезетке де ұмытпайды. Бүкіл іс-әрекеттері, сөздері, оқығандары, тыңдағандары, бәрі Аллаһ разылығы үшін болады. Бұндай жағдайда, адамның барлық мүшесі мен жүрегі Аллаһу та'алаға бағытталады, үздіксіз Оны зікір етеді, яғни еске алады. Аллаһтан өзгесіне деген махаббатты, оларға беріліп кетуді жүректен шығару үшін зікір ету қажет. Жүректің жаратылғандарға байлануын жоқ қылу үшін ең жақсы ем – зікір. Хадис шәрифте: «Зікір ету арқылы жүректегі жүкті жеңілдетушілердің жолында болыңдар!» делінген. (Тәфсир-и азизи). Аллаһу та'ала бұйрықтары мен тыйымдарын ұмытпайтын, бағынатын құлдарына әрдайым көмектеседі. Құран кәрімде былай делінеді: «Аллаһ сендерге көмектессе, ешкім сендерді жеңе алмайды. Сендерге көмек бермесе, ешкім көмектесе алмайды». Мына оқиға осы тақырыбымызға дәл лайықты: Бір жас жігіт ауылына кетіп бара жатқан еді. Ол ауылға апаратын жол бір аңғар арқылы өтеді екен. Ол аңғардан өту үшін тек бір асулы көпір ғана бар екен. Бірақ ол көпірдің баулары өте әлсіз болғандықтан, одан өту өте қауіпті болатын. Жігіт көпірдің алдына келгенде еш уайымсыз жан-жағын тамашалап, қиналмай арғы бетке өтіп, жолын жалғастырады. Содан кейін ол көпірге басқа біреу келеді. Көпірге қараса, баулары үзілейін деп тұрады. Алдымен ол ұзақ-ұзақ дұғаларын әбден оқып, кейін арғы бетке өтпекші болады. Бірақ көпірге шығып, бір-екі қадам аттаған сәтінде баулары үзіліп, әлгі адам ұрылып-соғылып, жансыз денесі сайға домалап түседі. Сол маңайдағы жартастардың бірінде осылардың бәрін көріп тұрған салих кісі көргендеріне қайран болады. Көңілімен Аллаһу та'алаға жалбарынып, мұның хикметін білгісі келіп сұрайды да, ұйқыға жатады. Түнде түсінде оған былай делінеді: «Көпірді қиналмай өткен әлгі жігіт күндіз-түні үздіксіз Аллаһу та'аланы еске алатын, бағынатын еді. Көпірге келгенге дейін де тұрақты Аллаһу та'аламен бірге еді, яғни Оны зікір етіп келген еді. Жігіт Аллаһу та'аланы мүлде ұмытпағандықтан, әрдайым бағынғандықтан, Аллаһу та'ала оны көпірден арғы бетке қиыншылықсыз өткізіп жіберді... Ал көпірден өте алмаған адам алдынан шыққан қауіпті көргенде ғана Аллаһу та'аланы зікір ете бастады, дұға ете бастады. Ол да әуелден Аллаһу та'аламен бірге болғанда, яғни ғибадаттарын орындап, бағынғанда, Аллаһу та'ала да көпірде онымен бірге болып, оған көмектесер еді»... |
|
Өткізген жылдарымыз қаншалықты жақсы болса да, қайта оралмайды. Жастық шақты ойлап мұңайған қарт адам, тарихтағы керемет кезеңдерін еске алып қайғырған қоғам ақыр соңында ол күндердің артқа қайтпайтынына көзжеткізеді. Өткенді кері қайтарып, одан қайта нәр алу ешкімнің қолынан келмеген, бұдан былай да келмейді... Шынымен де, адамдар өткен уақыттың ащы және тәтті күндерін есіне алып, шарасыз екенін түсінеді және бұлардың бәрінің түс сияқты өтіп кеткенін сезеді. Мына хадис шәриф қандай тамаша түсіндірілген: «Адамдар ұйқыда, олар өлген кездерінде оянады». Имам Ғазали хазреттің айтқанындай: «Адам түс көріп жатып оның түс екенін білмейді, шын өмір деп ойлайды. Оянғанға дейін білмейді. Оянған кезде «Көргендерім түс екен ғой...» дейді». Адам өлген кезде де дүниеде өткізген өмірінің түс екенін түсінеді. Осы себептен қиямет күнінде адамдар дүниеде өткізген өмірлерін өмір деп санамайды. «Фәжр» сүресінің 24-ші аяти каримасында бұған ишара бар: «Ол былай дейді: Әттеген-ай, мен өміріме алдын ала дайындығымды жасағанымда ғой!». Бұл аяти кариманы тәпсірлеген муфәссирлер (тәпсіршілер) мына жайтқа назарымызды аударуда: Аятта «Осындағы өміріме» демеген, тек «Өміріме» деген. Бұл да дүниедегі өмірдің «өмір деп санамалғанының» ең үлкен дәлелі. Уақытты кері қайтару мүмкін емес, алайда одан ғибрат алу мүмкін. Ал өткен уақыт кері қайтса екен деп армандау бос қиялдан басқа ештеңе емес. Бір ақын «Қап, әттеген-ай, жастық шағымнан бір күн болса да кері қайтарылса ғой, қартаюдың басыма не әкелгенін оған айтып берсем ғой!..» – деген екен. Жылдар күн сияқты өтуде және әр өткен күн бізді қабірге бір қадамға жақындатып жатыр. Әр түні төсекке жатудан бұрын сол күннің есебін жасауымыз қажет. Қателіктер мен айыптарымызды табуымыз керек. Егер күнімізді жақсы өткізген болсақ, келесі күнді одан да жақсы өткізуге тырысуымыз қажет. Жаман өткен болса, тәубе етіп, ендігәрі қателік жасамауға бел байлауымыз керек. Уақытты тоқтату мүмкін емес, уақыт жылдам өтіп жатыр. Уақыт – адамның қолындағы ең құнды зат. Ол әлемдегі ең қымбат асыл тастан да құнды. Жоғалған гауһар тасты қайта алуға болады, бірақ жоғалған уақытты кері қайтару мүмкін емес... Әр адамға белгілі бір өмір берілген. Адам осы қысқа өмірінде бұл дүниесімен бірге қалған екі өмірдегі жағдайын жасауға мәжбүр: дүние өмірі, қабір өмірі және ахирет өмірі. Бұлардың ең қысқасы – дүниедегі өмірі. Ең маңыздысы да осы өмір. Өйткені үш өмірінің тағдырын да осы өмірде жасағандары мен жасамағандары шешеді. Жұмыс істеу, өзінің және қарамағындағылардың ризықтарын халалдан табу, кейін қаласа да, қаламаса да кіретін қабірін нұрландыруға, жайландыруға тырысу керек. Қабір өмірі дүние өмірінен ұзақ. Біз дүниедегі үйімізді іждағатпен рахат өмір сүре алатындай жағдайға келтірмей тұрып ішіне көшіп кірмейміз. Кіретін болсақ, ішінде рахаттанып жүре алмаймыз. Алайда дүниедегі үйімізде бір күн де қалуымыз нақты емес. Оның үстіне бұл жердегі үйімізді қолайлы болмаса ауыстыруымызға болады. Басқа үйге көшіп кетуге әрдайым мүмкіндігіміз бар. Бірақ ана дүниедегі екінші үйіміз болатын мазарымызда «Маған бұл қабір ұнамады, бұл жер мені қысып жатыр, іші қараңғы, мені басқа қабірге апарыңдар» деп айтсақ, бізге кім құлақ асады? Мәңгілік өмір сүретін ахиреттегі өміріміздің де жағдайын осы өмірде жасап алуымызға болады. Әлі қолда мүмкіндік бар кезде уақытымыздың қадірін білуіміз керек... |
|
Әһли хикмет ғұламалар былай деген: Мұсылманның жүзі, сөзі, берген асы, сый-сияпаты шипа. Бір күні марқұм Хусейн бин Саид хазрет шәкірттерімен сұхбаттасып отырғанда «Осында келгенге дейін басым қатты ауырып жатқан еді, мазам жоқ еді. Бірақ осында келіп достарды көрдім, машаллаһ, бәрі нұр! Достардың назарлары, жүздері көңілімді рахатқа бөледі, жақсы болып қалдым, жазылдым. Мұсылманның шипа екендігі тәжірибемен де дәлелденген болды» деген еді. Сондықтан ауырып қалған кезімізде дереу дін бауырымыздың үйіне барғанымыз жөн. Оның сый-сияпаты бізге шипа болады. Онымен біраз сұхбаттасып, біраз діни кітап оқу керек, осылайша шипаға қауышамыз. Бір кісі ауырып қалған кезінде достарына барады екен, ауруы көпке созылмай, дереу жазылып кетеді екен. Ең соңында одан «Сен ауырып қалғаныңда ауруханаға емес, көршіңнің үйіне барып аурудан жазылады екенсің. Мұның хикметі не?» деп сұрағандарға былай жауап берген: «Жомарттың асы шипа, сараңның асы дерт, ауру хадис шәрифін ұстанамын. Жомарт көршіме барамын, біраз тамақ жеп шипа табамын. Мен мұны хадис шәрифке сеніп істеймін және пайдасын көремін». Мүминнен артылған ас әрі денеге, әрі жүрекке (көңілге) шипа. Бір күні бір медресеге сыйлық ретінде көп тамақ, сусын келеді. Медреседегі осындай жұмыстарға жауапты шәкірт ұстазына барып: «Ұстазым, бұларды не істейін?» деп сұрайды. Ұстазы шәкірттерге таратуын айтады. Бәріне таратады, бірақ бітпейді, артылып қалады. Ұстазы: «Артылғандарды басқа кедейлерге алып барып тарат!» дейді. Шәкірт қанша іздесе де кедей таба алмайды. Ақыр соңында бір шіркеуде кедей адамдарды көріп, соларға таратып, кері қайтады. Ұстазына жағдайды айтып береді. Ұстазы «Дұрыс істедің» дейді. Бір сағаттан кейін шіркеудегі кедейлердің бәрі медресеге келіп «Шәйхты көргіміз келді» дейді. Ұстазды көргеннен кейін «Бізге Ислам дінін үйретіңіз, бәріміз мұсылман боламыз» дейді. Калима-и шаһадат айтып, мұсылман болады. Шәкірт мұның хикметін сұрағанда ұстазы «Мүминнен артылған тамақта көңілге шипа бар. Сен сол тамақты оларға бердің. Аллаһу та'ала олардың көңілдеріне нұр беріп, сол нұрдың арқасында оларға Исламды нәсіп етті» дейді. |
|
Әһли хикмет ғұламалар былай деген: |
Жақсылық жасаған адам жақсылық көреді. Бірақ жаман адамға жақсылық жасаған кісі одан жамандық көреді. Өйткені оның табиғаты сондай. Сүйікті пайғамбарымыз: «Жақсылық жасаған адамдарыңның жамандығынан сақтаныңдар» деген. Марқұм Хусейн бин Саид хазрет айтқан: «Бұл хадис шәрифте барша адамға емес, жаман адамдарға жасалатын жақсылық жайында айтылуда. «Жаман адамға жақсылық жасасаңдар, әр сәтте одан сақтаныңдар, қорқыңдар» деген сөз. Болмысы, мінезі жаман болса, көп қиындық шегеміз. Адам жақсы болса, оған жақсылық жасаудың еш зияны жоқ, тіпті өте жақсы болады. Бірақ адамның табиғаты, мінезі жаман болса, мәжбүр болып оған бір жақсылық жасаған болсақ, одан келуі мүмкін болған зияндардан өзімізді қорғауымыз керек». Лайық болмаған кісілерге жасаған жақсылығымыз, тигізген пайдамыз себебінен көп қиындық көреміз. Лайық болған-болмағаны араға жеке пайда кірген кезде мәлім болады. Өз пайдасын жоғары қойған адам дінімізге қызмет етуге лайықты емес. Өйткені қызмет пайда көру үшін емес, өзгелерге пайда тигізу үшін жасалады. Асхаби кирам өз пайдасын ойлау былай тұрсын, жандарын, малдарын пида етті және үйлеріне кері қайтпау шартымен бүкіл әлемге тарап кетті. Құран кәрімде «Әркім өзіне лайықты болған істі атқарады» делінген. Көріпкелдердің кеңесімен перғауын туылған бүкіл ұл балалардың өлтірілуін әмір етеді. Сол кездері екі Мұса дүниеге келеді. Біріншісін бір бейшара әйел баласын үңгірде туады. Есімін Мұса деп қояды. Бірақ өлуден қорқып, баланы тастап қашып кетеді. Аллаһу та'ала бұл балаға қарап, өсіру үшін Жәбірейіл алейһиссаламды міндеттейді. Екінші Мұсаны анасы «Бәлкім, осылай құтылар» деген оймен сандықтың ішіне салып, өзенге жібереді. Ол өзеннің ағысымен перғауынның сарайының есігіне келеді. Перғауынның әйелінің сұрауымен сарайдың ішіне кіргізіледі. Сөйтіп, бірі перғауынның тамағын жейді, екіншісі Жәбірейіл алейһиссалам арқылы жәннат тағамдарын жейді. Сарайда перғауынның тамағымен өскен Мұса алейһиссаламның пайғамбар болғандығы байқалады. Үңгірде Жәбірейіл алейһиссалам өсірген, асыраған Мұса Самири болады, Мұса алейһиссаламға қарсы шығады, дінсіз болады. Тих шөлінде адамдардың алтындарын, әшекей бұйымдарын жинап, балқытады да, бұдан бұзау жасайды, «Мұсаның тәңірі осы. Осыған табыныңдар!» деген мұнафиқ болады. Өйткені оның табиғаты, болмысы нашар еді. |
|
Иманды күшейтетін көп нәрсе бар. Бұлардың бірнешеуі төмендегілер: 1) Жақсы мінезді болу. 2) Үнемі Аллаһу та’аланы еске алу. 3) Ықыласты болу. 4) Жомарт болу. 5) Өз еркінде болмай үлкен бәле-жалаға тап болу. (Салих адамдар үшін). 6) Харамдардан сақтану. 7) Күпірге түсуден қатты қорқу. 8) Жақсы көретін адамын Аллаһ үшін жақсы көру, жек көретін адамын Аллаһ үшін жек көру. 9) Салих болу. 10) Намазға аса мән беру.
Бұл тақырыптағы хадис шәрифтерде былай делінеді: «Иманы ең күшті мұсылман жақсы мінезді болғаны. Адамдар жанына оңай жақындай алады, келіп-кетушілері көп болады. Барлық адамдармен жақсы қарым-қатынаста болады. Айналасындағылармен сиыса алмайтын адамда қайыр болмайды». (Табарани). «Қайда болса да Аллаһу та’аланы ұмытпайтын адамның иманы күшті». (Бәйһақи). «Аллаһ үшін жасаған істерінде жазғырылудан қорықпайтын, амалы ықыласты болатын, екі істің бірі ахыретке, бірі дүниеге пайдалы болса, ахыретке пайдалы болғанын таңдайтын адамның иманы күшейеді». (Дәйләми). «Құран оқу және Аллаһты зікір ету иманды күшейтеді». (Дәйләми). «Ең ауыр бәле пайғамбарларға, әулиелерге және оларға ұқсағандарға келеді. Адамның иманы мықты болған сайын бәле-жалаға душар болады. Иманы мықты болса, бәле-жаласы ауыр болады. Иманы әлсіз болса, бәле-жаласы жеңіл болады». (Тирмизи). «Жомарт мұсылманның иманы күшті болады». (Дәйләми). «Аллаһтан қорқып, харамға қарамаған адам иманының ләззатын сезінеді». (Табарани, Хаким). «Аллаһты және Расулуллаһты барлық нәрседен артық жақсы көретін адам, тек Аллаһтың жақсы көгендерін жақсы көретін және күпірге түсу қорқынышы отқа жану қорқынышынан да басым болған кісі иманының ләззатын сезінеді». (Бұхари). «Үш нәрсе иманның ләззатын арттырады: Аллаһты және Расулуллаһты барлық нәрседен артық жақсы көру, өзін жақсы көрмеген мұсылманды Аллаһ разылығы үшін жақсы көру және Аллаһтың дұшпандарын жақсы көрмеу». (Табарани). «Жақсылық жасағанда қуанып, күнә істегенде өкінетін адам иманды». (Табарани). Таңертең және кешке мына дұғаны оқыған адам ширкке түсуден құтылады және иманы күшейеді: «Аллаһумма инни ә’узу бикә мин ән ушрикә бикә шәй-ән уә әнә ә’ләму уә әстағфирукә лимә лә ә’ләму иннәкә әнтә алламул-ғуйуб». (И. Ахмед). |