Ертең 16 маусым, жексенбі күні Құрбан айт мейрамын тойлаймыз... Сұрақ: Айтта не істеу керек? Жауап: Айт күні ерте тұру, ғұсыл алу, мисуак қолдану, хош иіс себу, жаңа және таза киім кию, адамдарға қуанышты екенін көрсету сүннет болып табылады. Мешітке ерте бару, мешітке бара жатқанда тәкбір айту, қабірді зиярат ету, көп дұға оқу, тәубе ету, жүзік тағу, кездескен мұсылмандармен жылы жүзбен сәлем беру, құттықтау, кедейлерге садақа беру, исламға дұрыс қызмет етіп жүргендерге көмек беру, араздасқандарды татуластыру, туыстарға бару, діндес бауырларына бару, оларға сыйлық апару, қонақ күту сүннет болады. Айт түндерін ғибадатпен өткізген адам үлкен бақытқа бөленеді. Хадис шәрифте былай делінеді: «Айт түндерін ғибадатпен өткізген адамның көңілі көңілдер өлген күнде өлмейді». (Табарани) Ренжіскен, араздасқан адамдар айтты күтпестен тез арада татуласуы керек. Аллаһу та’аланы және пайғамбарымызды жақсы көретін кісі адамдардың кемшіліктерін көрмейді, бәрімен тату, кең бауырлы болады. Жақсы кісі барлық адамдармен жақсы мәміледе болады. Ешкімге зиянын тигізбейді және басқалардан келетін зияндарға сабырлық танытады. Бір айыбы үшін ешкіммен араздаспау керек.
Айтта ренжіскен адам қалмау керек Араздасқан жағдайда да үш күннен көпке созылмауы керек. Егер айтқа дейін созылған араздасу жағдайлары болса, одан көп кешіктірмей татуласу керек. Хадис шәрифтерде былай делінеді: «Бір-бірлеріңмен ара-қатынасты үзбеңдер! Бір-біріңнен бет бұрып кетпеңдер! Бір-біріңмен өштеспеңдер, жауласпаңдар! Бір-біріңе көре алмаушылық етпеңдер! Ей, Аллаһтың құлдары, бір-біріңмен бауыр болыңдар! Мұсылманның басқа бауырымен араздасуының үш күннен асуы халал болмайды». (Бұхари) «Мұсылман бауырымен үш күннен артық араздасқан адам тозаққа түседі». (Нәсаи) «Бір-бірімен араздасқан екі адамнан қайсысы бірінші болып сәлем берсе, күнәлары кешіріледі. Сәлем бергенде екінші адам сәлемін алмаса, ол адамның сәлемін періштелер алады. Ал сәлемін алмаған адамға шайтан ілтипат көрсетеді». (И. Әби Шәйбә) «Мұсылманның дін бауырымен үш күннен артық араздасуы жаиз (рұқсат) емес. Үш күн өткеннен кейін ол адаммен кездесіп қалса, оған сәлем беріп хал-жағдайын сұрауы керек. Ол адам сәлемін алса, екеуі де сауапқа ортақ болады. Сәлемін алмаса, күнәға батады. Сәлем берген адам араздау деген есептен құтылған болады». (Әбу Дауд) «Екі адам бір-біріне араздасқан күйде өлсе, тозақты көрместен жәннатқа кіре алмайды. Жәннатқа кірсе де, бір-бірімен кездесе алмайды». (Ибн Хиббан) «Дін бауырымен бір жыл бойы араздасып жүрген адам оны өлтіргендей күнәға батады». (Бәйһақи) «Амалдар дүйсенбі және бейсенбі күндері Хақ та’алаға ұсынылады. Хақ та’ала өзіне ширк қоспаған барлық адамдарды кешіреді. Бірақ бұл кешірімнен бір-біріне араздаған екі адам мақұрым қалады. Хақ та’ала «ол екі адам татуласқанға дейін амалдарын маған әкелмеңдер» деп бұйырады». (И. Малик) Үш күнге жеткізбей татуласу өте жақсы болады. Үш күн өткенде күнә жазылуы басталады және татуласқанға дейін жалғасады. Күнә істеген адаммен сөйлеспей қойып, оған араздау күнә болмайды.
Айтта ішіп-жеу Сұрақ: «Мәктубат» кітабында «Айтта ішіп-жеу жылдар бойы тұтқан нәпіл оразадан да сауапты болады» делінген. Ішіп-жеу неге оразадан да сауапты? Жауап: Бұл жерде сауап болғаны ішіп-жеу емес, Аллаһу та’аланың әміріне бағынып, ораза тұтпау болып табылады. Айт күні ораза тұту харам болғандықтан, ол күні ораза тұтпаудың, яғни діннің әміріне бағынудың нәпіл оразадан да құнды болатыны айтылған.
Айт намаздары Зүл-хиджаның оныншы күнiнде Құрбан айттың бiрiншi күнi басталады. Бұл күнде күн шыққаннан кейін шамамен 50 минут өткен соң, яғни кәрахат уақытынан кейін екi рәкат Айт намазын оқу ер кісілерге уәжiп болып табылады. Айт намазының шарттары жұма намазының шарттары секілді. Тек бұл намазда хұтба сүннет болып, намаздан кейiн оқылады. Құрбан айт намазынан бұрын ештеңе жемеу, намаздан кейiн алдымен құрбандыққа шалынған малдың етiн жеу, намазға кетiп бара жатып дауыстап тәкбiр айту, үзірі бар болғандардың жай дауыспен тәкбір айтуы мүстаһаб. Айт намазы екi рәкаттан тұрады. Жалғыз оқылмайды, тек жамағатпен ғана оқылады.
Тәшриқ тәкбiрлерi Арапа күнi таң намазынан бастап Құрбан айттың төртiншi күнi екінді (аср) намазына дейiн қажылардың және қажылыққа бармаған кiсiлердің, еркек-әйел, жамағат-жалғыз, барлығының парыз намазынан кейiн сәлем берген сәтте бiр рет тәшриқ тәкбiрiн айтуы уәжiп. Жаназа намазынан кейiн бұл тәкбір оқылмайды. Мешiттен шығып кеткеннен соң немесе сөйлеп койған соң еске түссе, тәшриқ тәкбiрi айтылмайды. Имам намаздан кейiн тәкбiр айтуды ұмытып кетсе де, жамағат тәрк етпейді, ер кiсiлер дауыстап тәшриқ тәкбiрiн айтады. Әйелдер тәшриқ тәкбiрiн iштей айтады. Тәшриқ тәкбiрi: «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар. Ла илаһә иллаллаһу уаллаһу әкбар. Аллаһу әкбар уә лиллаһил хамд».
ЕСКЕРТУ: Сайтымызда құрбандық шалуға қатысты жеткілікті мәлімет бар. Құрбандық шалуға қатысты туындаған сұрақтарыңыздың жауабын төмендегі сілтеме арқылы тиесілі бөлімдердің ішінен таба аласыз: |
Сайтқа енгізілген жаңалықтарды, сұрақтарға берiлген жауаптарды және дiни мерекелерде кұттықтау хаттарды мүшелерiмiзге жiберiп тұрамыз. Дiни сұрақтар үшiн және сайтқа мүше болу үшiн мына адреске хат жолдасаңыз болады: in...@islamdini.kz Егер e-mail адресiңiз сiздiң хабарыңыз болмай бұл сайтқа тiркелген болса немесе сайттан хат алуды тоқтатқыңыз келсе, мына адреске бос хат жолдаңыз: islamdinikz...@googlegroups.com |