|
Ертең (20.01.2026) қасиетті үш айдың екіншісі – Шабан айы басталады. Бүгін Шабан айының алғашқы түні болады. Барша мұсылман бауырларымызға бұл ай мүбәрәк болсын! Дініміздегі қасиетті айлардың екіншісі – Шабан айы. Аллаһу та’ала құлдарына аса мейірім танытқандықтан, тіпті ананың баласына деген мейірімінен де артық мейірімді болғандықтан, кейбір күндер мен кейбір айларды қасиетті қылған. Бұл қасиетті айлар мен күндерде жасалған ғибадаттарға, жақсылықтарға өте көп сауап беретінін айтқан. Сондықтан бұл күндерде тәубе етіп, истиғфар айту керек, дұға етіп, жалбарыну керек, бұл күндерді үлкен мүмкіншілік деп білу қажет. Біз үшін үлкен мүмкіншілік болған қасиетті айлардың бірі – Шабан айы. Аллаһу та’ала Шабан айын пайғамбарымызға тән қылған. Хадис шәрифтерде бұл айдың маңызы былай көрсетілген: «Шабан шәриф менің өзіме тән ай. Хақ та’ала Арштың періштелеріне: «Ей менің періштелерім, көрдіңдер ме, менің құлдарым сүйіктімнің айына қалай тағзым және құрмет көрсетуде? Ұлылығымның, құдіретімнің хаққы үшін мен де құлдарымды кешіріміме қауыштырдым» дейді». «Шабан менің айым, Ражаб Аллаһу та’аланың айы, ал Рамазан менің үмбетімнің айы. Шабан айы күнәларға кәфарат айы, ал Рамазан күнәлардан тазалаушы ай болып табылады». Шабан айында шамасы жететін, мүмкіншілігі бар адамның ораза тұтуының үлкен сауап екендігі хабарланған. Бірақ бұл оразаларды тұтқанда харамнан, күнә істеуден де аса сақтану керек. Табыстарға мұқият болып, халал жолмен табу қажет. Бұл айда ораза тұтуға күші жетпейтін адамның немесе ауыр жұмыста істейтіндердің Рамазан айына күш-қуатпен кіруі үшін ораза тұтпағаны жақсы болады. Өйткені Рамазан айының оразасы парыз. Нәпіл ораза ұстаймын деп парыз оразаны қолдан жіберіп алмау керек. Қаза оразасы барлар бұл айда тұтатын оразаларына қаза деп ниет етуі керек. Осылайша, әрі қазасы өтелген болады, әрі бұл айда ораза тұтудың сауабына да қауышқан болады. Шабан айында ораза тұтудың сауабы былай көрсетілген: «Кімде-кім Шабан айында үш күн ораза тұтса, Хақ та’ала жәннаттан оған бір орын дайындайды». «Кімде-кім Шабан айында бір күн ораза тұтса, ол құл тозақ азабынан құтылып, дүние және ахиретте қалаған мәртебе және дәрежеге қауышады. Егер екі күн тұтса, қабірде бір періште оған жолдас болады. Егер үш күн тұтса, Хақ та’ала ол құлды қиямет күнінде әулиелердің қатарына қосып, жәннатта ол құлына жамалын көруді нәсіп етеді». «Шабан айы – Ражаб пен Рамазан айларының ортасындағы ай. Адамдар бұл айдың үстемдігінен хабарсыз. Ал негізінде Шабан айында құлдардың амалы Аллаһу та’аланың дәргейіне шығарылады. Мен Шабан айында ораза тұтқан күйде амалдарымның шығарылуын қалаймын».
Расулуллаһ алейһиссалам ең көп Шабан айында ораза тұтатын еді Шабан айының басым бөлігін, тіпті толығын оразамен өткізу өте жақсы болады. Пайғамбарымыз басқа айларға қарағанда Шабан айында көп ораза тұтатын еді. Хазреті Айша анамыз былай дейді: «Расулуллаһтың ешбір айда Шабан айынан да көп ораза тұтқанын көрмедім. Бұл айдың түгелге жуығын оразамен өткізетін». Рамазаннан кейінгі ең қадірлі, ең құнды оразаның қайбірі екендігі сұралғанда пайғамбарымыз «Шабан айында тұтылған ораза» деп жауап берді. Аллаһу та’ала күнәларды кешіру үшін осындай қасиетті айларды, күндерді және түндерді себеп қылып жаратқан. Аллаһу та’аланың осы ниғметін пайдалануға тырысу керек! Мүмкіншілікті қолдан жібермеу қажет. Шабан айы – жақсылықтар көбейетін, береке жауатын, қателер жойылып, күнәлар перделенетін ай. Кейбір ғалымдар былай деген: «Жыл ағаш секілді. Ражаб айы ағаш жапырақ жаятын, Шабан айы жеміс беретін, ал Рамазан айы жемістер жиналатын ай. Ражаб кешірім айы, Шабан шапағат айы, Рамазан сауаптардың қаншама еселеніп көбейетін айы». Айша анамыз «Йа, Расулаллаһ, сіздің Шабан айында ораза тұтып жүргеніңізді көремін, мұның хикметі неде?» деп сұрағанында пайғамбарымыз «Ей, Айша, Шабан өте үстем ай, ол жылдың ішінде өлетін адамдардың есімдері дәптерге жазылып, жан алушы періштеге беріледі. Мен ораза тұтып жүрген күйде есімімнің дәптерге түсуін қалаймын» деп жауаптады. Тағы бір ретінде пайғамбарымыз «Шабан айының соңғы дүйсенбі күні ораза тұтқан адамның күнәлары кешіріледі» деген.
Шабан – салауат айы Шабан – өте үстем ай. Бұл айда жақсылықтарға жол ашылады, береке жауады, қателер жойылады, күнәлар перделенеді. Бұл айда пайғамбарымызға көп салауат айту керек. Шабан – пайғамбарымызға салауат айту айы. Аллаһу та’ала Ахзаб сүресінің 56-шы аятында «Әлбетте Аллаһу та’ала және періштелері пайғамбарына дұға (салауат) айтады. Ей, иман келтіргендер! Сендер де оған дұға және сәлем (салауат) оқыңдар» деп бұйырған. Расулуллаһ алейһиссалам «Кімде-кім маған бір рет салауат оқыса, Аллаһу та’ала оған он дұға етеді, яғни оған рахметін (мейірімін) жаудырады» деді. Ғафлеттен (көңіл ұйқысынан) оянып, тәубе, истиғфар айтып, осылайша Рамазан айына дайындалу керек. Әрбір ақылды мұсылманның Шабан айында көзі ашық болуы, күнәлардан ұзақ болып, бұрынғы істеген күнәларына тәубе, истиғфар оқып, Рамазан айына дайындалуы және Шабан айында Аллаһу та’алаға сыйынып жалбарынуы, бұл айдың иесі болған Мұхаммед (саллаллаһу алейһи уәсәлләм) себебімен Аллаһу та’алаға қауышуға тырысуы керек. Осы себептен, пайғамбарымызға көп салауат айту қажет. |
|
Сайтқа енгізілген жаңалықтарды, сұрақтарға берiлген жауаптарды және дiни мерекелерде кұттықтау хаттарды мүшелерiмiзге жiберiп тұрамыз. Дiни сұрақтар үшiн және сайтқа мүше болу үшiн мына адреске хат жолдасаңыз болады: in...@islamdini.kz Егер e-mail адресiңiз сiздiң хабарыңыз болмай бұл сайтқа тiркелген болса немесе сайттан хат алуды тоқтатқыңыз келсе, мына адреске бос хат жолдаңыз: islamdinikz...@googlegroups.com |