|
Құрметті оқырмандарымызды және барша мұсылмандарды Ораза Айт мейрамымен құттықтаймыз! Аллаһу та’ала күнәларымызды кешіріп, жәннатын нәсіп етсін, иншаллаһ! Ертең, яғни 30 наурыз жексенбі күні Ораза Айт болады. Айт намазы барлық мешіттерде осы күні оқылады. Бүгін Рамазан айының соңғы күні, бүгін тарауих намазы оқылмайды. Хижри күнтізбедегі Шәууәл айының бірінші күні Ораза Айт болып табылады. Ораза Айт үш күнге созылады. Мұсылмандар айт күндеріне аса мән береді. Өйткені бұл күндер – күнәлар кешірілетін, бірлік пен ынтымақтастық сезімдері ұштасқан қуаныш пен шаттық күндері! Айт күндері ерте тұру, ғұсыл алу, мисуак қолдану, хош иіс себіну, мешітке ерте бару, мешітке бара жатқанда тәкбір айту, жүзік тағу сүннет болады. Ата-ана, жора-жолдас, туыс, дос және көршілердің үйіне айттап барады. Айттың алдында дәмді тағамдар, бауырсақтар пісіріледі. Таза немесе жаңа киімдер айтқа дайындалады. Үйдің іші де мереке күніне тазаланып безендіріледі. Айт күні бүкіл мұсылмандар ең таза, ең жаңа киімдерін киеді. Балаларға жаңа киімдер алынады. Жетім-жесір, кембағал кісілерді сый-сияпат беріп қуантады. Айт намазынан кейін бүкіл жамағат дүниеден өткен туыстарының, ислам ғұламаларының қабірлерін зиярат етеді. Дүниеден өткендердің, туыстар мен ғұламалардың рухына бағыштап Құран кәрім оқиды, дұға етеді, садақа береді және мал сояды. Содан соң үлкендердің, дос-жарандардың, таныстардың үйіне айттап барады. Пайғамбарымыз Мәдинаға хижрет еткен кезде мәдиналықтардың бұрыннан қалған әдеттері бойынша әр түрлі мерекелерді тойлайтынын көріп, «Аллаһу та’ала сендерге олардан да қайырлы екі мейрам (Ораза айт пен Құрбан айтты) берді» деп мұсылмандарға қуаныш пен шаттық күндерін көрсеткен. Сондай-ақ ислам ғұламалары мұсылманның Аллаһу та’аланың бұйрықтарына бағынып, тыйымдарынан сақтанып, күнә істемей, харам нәрсе жемей өткізген күндерін де мейрам күндері деп қабылдаған. Хазреті Әли бір топтың көңіл көтеріп жатқанын көріп, бұл тойлаудың себебін сұрағанда «Бүгін біздің мейрамымыз» деп жауап береді. Сонда хазреті Әли «Күнә істемеген күндеріміз де біздің мейрамымыз» деді. Сонымен қатар мұсылманның жан тапсыратын кезде рахмет періштелерін, жәннат ниғметтерін көріп, өмірінің ең бақытты сәттерін бастан кешіретіндіктен, өлім уақытын да мұсылманның мейрамы екендігін айтқан ғұламалар көп болды.
Сәресіне тұру Сәре асы ораза ұстайтын күннің алдында желінеді. Ал айт күні ораза ұстау харам болып табылады. Сондықтан бұл күні сәреге тұру қажет емес. Рамазанның соңғы күні (29 наурыз) ауыз ашқаннан кейін ораза айы бітеді, сәреге тұру керек болмайды. Керісінше айт күні таңертең кәмпит, құрма секілді тәттілер жеу сауапты болады.
Айт намазы Шәууәл айының алғашқы күнiнде Ораза Айттың бірінші күні басталады. Бұл күні күн шыққаннан кейін шамамен 50 минут өткен соң, яғни кәрахат уақытынан кейін екi рәкат айт намазын оқу ер кісілерге уәжiп болып табылады. Айт намазының шарттары жұма намазының шарттары сияқты. Тек бұл намазда хұтба сүннет болып, намаздан кейiн оқылады. Ораза Айтта намаздан бұрын құрма сияқты тәтті бір нәрсе жеу, ғұсыл алу, мисуак қолдану, жаңа, таза киiм кию, пiтiр садақаны намаздан бұрын беру, жолда жай дауыспен тәкбір айту мүстаһаб болады. Айт намазы екi рәкаттан тұрады. Жалғыз оқылмай, тек жамағатпен ғана оқылады.
Айт намазы қалай оқылады? 1) Алдымен: «Ниет еттiм уәжiп болған Айт намазын оқуға, ұйыдым дайын тұрған имамға» деп ниет етiледi. Ифтитах тәкбiрiн алғаннан кейiн «Субханака» дұғасы оқылады. 2) Субханака дұғасы оқылғаннан кейiн үш рет тәкбiр айтып, әр тәкбiрде қол құлаққа көтеріліп, алғашқы екі тәкбірден кейін екі жанына түсіріледі. Үшiншi тәкбiрде кiндiктiң астына байланады. Имам алдымен Фатиха сүресiн, кейiн зәм сүре оқып рукуға иіледі. 3) Екiншi рәкатта имам Фатиха және зәм сүре оқиды. Кейiн екi қолын үш рет көтерiп, әр көтергенiнде тәкбiр айтып екі жанына түсіреді. Төртiншi тәкбiр айтқанда рукуға иіледі. Қысқаша, бұл намаз «Екі таста, бір байла; үш таста, бір иіл!» деп жатталады. |
|
Сайтқа енгізілген жаңалықтарды, сұрақтарға берiлген жауаптарды және дiни мерекелерде кұттықтау хаттарды мүшелерiмiзге жiберiп тұрамыз. Дiни сұрақтар үшiн және сайтқа мүше болу үшiн мына адреске хат жолдасаңыз болады: in...@islamdini.kz Егер e-mail адресiңiз сiздiң хабарыңыз болмай бұл сайтқа тiркелген болса немесе сайттан хат алуды тоқтатқыңыз келсе, мына адреске бос хат жолдаңыз: islamdinikz...@googlegroups.com |